Басты жаңалықтарМәдениет

Ақтөбелік актерлер Алматыда өнер көрсетті

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры өнер ордасы — Алматы қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 4 күн қатарынан біздің труппаның ең үздік деген спектакльдері сахналанды. Ақтөбелік актерлер қауымы сапардан алған әсері айрықша екенін айтады.

Жоғарыда аталған театрдың директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетовтің сөзінше, 17-20 қазан күндері аралығында біздің актерлер «Ревизор», «Мұқағали», «Гамлет», «Темір Нарком» және «Есігімді қаққан кім?» қойылымдарын көрермен назарына ұсынған. Ару қалаға театрдан барлығы 48 адам аттанған. Гастроль барысында оңтүстік астанадағы әріптестер биыл мерейлі жасқа толып отырған театр ардагері Мағзом Бақытжановқа құрмет көрсеткенін айта кету керек.

— Труппаны бастап барған Мағзом ағайдың 70 жасымен Мүсірепов театрының басшылығы құттықтап, иығына шапан жапты, Алғыс хатын табыстады. Бұған, әрине, біз ерекше қуанып қалдық.

Гастроліміз жоғарыда деңгейде өтті десем болады. Алматылық көрермендер жылы қабылдады. Сондағы жұртшылық, әсіресе, «Есігімді қаққан кім?» спектаклін асқан қызығушылықпен тамашалады. Осыны енді дәстүрге айналдырып, жыл сайын өзге өңірлерде өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, келер жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына гастрольдік сапармен бармақшымыз. Бүгінде барлық келіссөз жұмыстары жүргізіліп, бұл екі тараптың жоспарына енді. Өз кезегінде олар сол кезде бізге келіп, өнерін паш етеді деп күтілуде, — дейді Жандос Еспанбетов.

Театрдың режиссері Мейрам Хабибуллин: «Алғашында алматылық көрермен бізді  қалай қабылдайды екен?» деген уайымның болғаны рас. Бірақ бәрі біз ойлағаннан да жақсы өтті. 4 күнде де спектакльдерге келушілер көп болды. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов пен Айгүл Иманбаева сахнада біздің актерлермен қоса ойнап, шашбауымызды көтерді. Сондай-ақ, Алматыда оқып жүрген студенттердің, болашақ режиссер мен актерлердің қойылымдарымыздан қалмай, белсенділік танытуы да үлкен әсер қалдырды», — деп пікір білдірді.

АЙТПАҚШЫ…

65 актерден құралған қос труппа биыл жас мамандармен толыққан. Айталық, осы театр маусымынан бастап ақтөбеліктер сахнадан Аслан Төлентай мен Сандуғаш Қарсақбаеваның өнерін тамашалай алады. Суретші Айзат Ордабаеваны да үлкен ұжым ерекше қуанышпен қабылдаған.

Жаңа маусымын ашқан қос труппа көп ұзамай  «Менің сүйікті Электрам», «Көшкін», «№13» спектакльдері мен балаларға арналған «Маугли», «Отпен ойнама» ертегілерін сахналағалы отыр.

Тағы бір жаңалық — Ахтанов театрының осы күзде бақ пен бабын сынайтын фестивальдері көп болғалы тұр. Айталық, орыс труппасы «Кукольный дом» спектаклімен Көкшетау қаласындағы халықаралық «ТеART-Кокше» театр фестиваліне қарай жол тартқан. 30 қазан-3 қараша күндері аралығында шымылдығын түретін өнер бәйгесіне әртүрлі мемлекеттің 13 қойылымы ұсынылмақ. Сондай-ақ, біздің театралдар сахналаған Шекспирдің әйгілі «Гамлеті» Армения елінде өтетін ауқымды фестивальге жолдама алған. 2-5 қараша күндері Ереван қаласында өтетін фестивальге елімізден бөлек, Польша, Италия, Иран, Ресейдің өнер ұжымдары қатыспақ. Жерлес актерлерге «Ақ жол!» деп тілегімізді білдіреміз.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button