Мәдениет

Күй құдіреті

Осылай деп аталған кездесуге Асылхановтар халықтық отбасылық ансамблі арнайы шақырылды. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті.

Аталған басқосу «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасын жүзеге асыру бағытында қазақтың ұлттық аспабы — домбыраны, сондай-ақ дәстүрлі ән-күй өнерін насихаттау мақсатында өткізілді.

Асылхановтардың халықтық отбасылық ансамблінің тарихы 1993 жылдан бастау алады. Ансамбль жетекшісі — белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы, ұстаз Жайлау Асылханов. Қазіргі таңда топ құрамында зайыбы, ҚР мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Қосмағамбетова, баласы Құрманғазы өнер көрсетеді. Биыл ансамбль «халықтық» атағын алды. Олардың бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы екенін айта кету керек.

Кездесуге қатысушылар отбасындағы өнегелі тірлігімен ғана емес, ұлттық дәстүрді дәріптеп, ән-күймен жұртшылықты сусындатып жүрген Асылхановтар халықтық отбасылық ансамблінің өнеріне тәнті болды. Құрманғазының, Қазанғаптың күмбірлеген күйлері мен халық әндеріне қуана қол соқты. Өз кезегінде Жайлау Жаншаұлы әр күйдің қысқаша тарихын да айтты. Жылы жүздесу барысында өмір мен өнерде қол ұстасқан жұп тату-тәтті отбасылық өмірі, бала тәрбиесі туралы да сыр шертті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button