Басты жаңалықтарСпорт

Балалар су спорты: сан мен сапа

Бүгінде еліміздің барлық  өңірлерінде  Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген су спорты түрлері қарқынды дамып келеді. Оған спортшыларымыздың әлемдік, құрлықтық жарыстарда иеленіп жүрген жетістіктері дәлел.

2016 жылы Риода өткен  Олимпиада ойындары мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Паралимпиадада құрама қоржынын алтын медальмен толықтырған Дмитрий Баландин мен Зүльфия Габидуллина  көптеген жас өрендердің су спортына деген  қызығушылығын арттырғаны сөзсіз. Біздің облыста да су спорты жолға қойылып, қазіргі кезде суға жүзуден балалар мен жасөспірімдер мектебі, 12 жеке орталық жұмыс істейді. 

* Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған «Чайка»  балалар мен жасөспірімдер мектебінің жүзу бассейн залдарының ұзындығы —25 метр, тереңдіктері — 80 см мен 5 метр аралығында.

 * Мектептің сегіз тобында  7-13 жас аралығындағы 676  бала жүзу спортымен шұғылданып жүр. Жыл сайын тамыздың соңғы аптасында мұндағы даярлық тобына  7-9 жас аралығындағы балалар қабылданады.

 * Жаттықтырушы  Степан Валюс тобындағы 12 жастағы София Әбубәкірова  қыркүйекте Үндістанның Бангалор қаласында  өткен X Азия чемпионатында 50 метрге брасс және баттерфляй әдістерімен жүзу бойынша екі күміс медаль және   брасс қашықтығында 100 метрге жүзуде қола медаль иеленді.

* Жүзу спортынан 12 жастағы спортшының құрлықтық жарыста бірден үш медаль алуы облыс тарихында бұрын болмаған жетістік.

* Жүзу спортынан облыс құрамасының 96 пайызы осы мектептің жас жүзгіштерінен жасақталған.

* Болгарияда өткен оқу-жаттығу жиынына Ақтөбедегі  олимпиадалық резерв даярлайтын мектептің жасөспірімдері емес, облыстағы өзге жүзу орталығында жаттығатын спортшылар жіберілген.

* Азия чемпионатында шетелдік тәжірибеден, еуропалық жаттығудан өтіп келген спортшы емес, облыста ғана шеберлігін шыңдаған жасөспірім бір емес, үш жүлдемен олжалы оралды.

Нәтиже бар, қолдау жоқ

Біз қаладағы Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған «Чайка»  балалар мен жасөспірімдер мектебінің жүзу бассейніне арнайы бардық.  Бассейннің жүзу залдарының ұзындығы — 25 метр, тереңдіктері — 80 см мен 5 метр аралығында. Көргеніміз — спортзалда жүзуден тыс уақытта өтетін  жаттығу сабақтары үшін жағдай жасалмаған, спорттық снарядтар әбден ескіріпті.  Кейбір электронды жаттығу құрылғылары істен шыққан күйі тұр. Бассейнге су жіберілетін сүзгілік аппараттардың да сапасы сын көтермейді.

Мектеп директоры Талғат Тақабаев  мектепке басшылыққа ауысып келген бойы  бассейн сүзгісіндегі  өзен құмдарын тазалатып, кремний құмымен ауыстырғанын айтты. Сапасы төмендеп, жасыл түске енген бассейн суы содан бастап  бұрынғы қалпына келген. Сондай-ақ бассейнге орнатылған кварц шамдары  бактерияларды жойып отырады. Әр күн сайын су хлормен тазартылады.

Өзен құмын жыл сайын ауыстыруға тура келеді. Бұл — бюджеттен қаржы талап ететін мәселе. Сол себепті кремний құмына ауыстырдық, нәтижесі де айқын көрінді. Бассейннің түсі қалпына келді және 10 жылға дейін ауыстырмай-ақ жұмыс жасай беруге болады. Шомылатын су сапасы ерекше бақылауда. Мамандар   су құрамын күніне бес рет тексеріп отырады. Мұнымен қатар  санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары да келісімшарт бойынша белгілі бір уақытта келіп тексерістен өткізіп тұрады, — дейді мектеп директоры.

Қазіргі кезде сегіз топта 7-13 жас аралығындағы 676  бала жүзу спортымен шұғылданып жүр. Жыл сайын тамыздың соңғы аптасында «Чайка» мектебіндегі даярлық тобына  7-9 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бір жыл бойы  жүзу сабақтарын өткізген оқушылар оқу жылының   соңына қарай  сынақ тапсырады. Егер белгіленген нормативті  орындай алмаса,  оқудан шығарылады. Ал сынақтан сүрінбей өткендер келесі жылы жүзу сабақтарын  жалғастыра береді.

Жаттықтырушы  Степан Валюс тобындағы  12 жастағы София Әбубәкірова  Үндістанның Бангалор қаласында қыркүйекте  өткен X Азия чемпионатында 50 метрге брасс және баттерфляй әдістерімен жүзу бойынша екі күміс, 100 метр брасс қашықтығында қола жүлде иеленді. Аталған мектептің басқа жүзу мектептерінен артықшылығы — әдіскерлері мен жаттықтырушылары  өздері даярлаған бағдарлама негізінде жұмыс істейді. Яғни балаларды арнайы жасалған әдістемемен жүзуге үйретеді.  Осының нәтижесі болар, бұған дейін Қазақстан чемпионатында көш соңында қалып келген облыс құрамасы арнайы  бағдарламаның арқасында  жеңімпаз атанған. Жүзу спортынан облыс құрамасының 96 пайызы осы мектептің жүзгіштерінен жасақталған. Осы мәліметтерге қарап-ақ олимпиадалық резерв даярлайтын мектепте өз ісін сүйетін мамандар мен жаттықтырушылар қызмет атқаратынын бағамдай беріңіз. Директордың айтуынша, Азия чемпионатынан үш медальмен оралған Софияның жетістігі облыстық спорт басқармасы тарапынан ескерусіз қалған. Жүзу спортынан бір спортшының құрлықтық жарыста бірден үш медаль алуы облыс тарихында бұрын-соңды кездеспеген. Бүгінде арнайы мектепте тәлім алатын жас спортшылар алдағы  жылы  өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына қызу дайындық үстінде.

Кез келген баланың  жастайынан спортпен шұғылданғаны дұрыс. Спорт  денсаулыққа да, мінез-құлықтың тұрақтылығын қалыптастыру үшін де өте керек. Бұл тұрғыда баланың жеке психологиялық мүмкіндігі мен өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастыра білу қажет. Жас спортшыны кез келген жарыстағы жеңіліс қайрап, жеңіс қанаттандырады. Бапкері жарыс аяқталғаннан кейін бала жеңсе де, жеңілсе де керекті сөздерді дәл тауып айтып, талпынысына тың серпін қоса білуі тиіс.

Директордың айтуынша, облыс бойынша жүзу спортынан кадр даярлайтын білікті мамандар жеткіліксіз. Жасөспірімдерді суда емін-еркін жүзуге үйрететін әрбір жаттықтырушы алғашқы көмек көрсетуді үйрететін арнайы курстан өтуі тиіс. Арнайы спорт мектебінде жаттықтырушылық қызметтегі бапкерлердің барлығы дерлік қауіпсіздік шараларының алдын-алу талаптарын толық орындаған.

Сырттан легионер тарту азаймай тұр…

Қазіргі уақытта еліміздегі спорт саласында ұлттық құрамалар мен клубтар сапына шет мемлекеттерден спортшыларды шақырту сәнге айналғандай. Қай спорт түрін алып қарасаңыз да, тізімде міндетті түрде бірді-екілі легионерлердің аты-жөні тұрады. Қынжылатынымыз да сол, өз еліміздің өрендеріне қарағанда,  сырттан келгендердің қалтасы қалың. Ленионерлердің  алаңсыз жаттығуы мен жарыстарда  жақсы нәтиже көрсетуі  үшін мемлекет бюджетінен қыруар қаражат аударылады. Бұл тек біздің мемлекеттегі жағдай емес, әлемдік спортта да  дендеп еніп келеді. Су спортынан шетелдік  ареналарда облысымыздың намысын қорғайтын құрамалар тізімінен де осы жайтты көзіміз шалып қалды. Олимпиадалық резерв даярлайтын мектептің директоры Талғат Мақсұтұлы  тізімдегі аты-жөні басқа, тұратын мекенжайлары бірдей спортшыларды жазып алған.

— Бұл спортшылардың барлығы да  басқа қаланың легионерлері. Олар Ақтөбе қаласында тұрмаған және тұрмайды да. Алматыда жаттығу жасайтын спортшылардың бапкерлері өз облысында жұмысын жалғастырып, осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттермен жалақы алып отыр. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Спортшылардың еш кінәсі жоқ, оларға ұсыныс түссе, бірден келісе кетеді. Бірақ оларға біздің облыс бюджетінен жалақы бөлінеді. Осы жерде маңызды сұрақ туады — ақтөбеліктер неге өзге облыстың спортшыларын қаржыландырады? Сол ақшаға өзіміздің балаларды неге тәрбиелемеске?! Бұл тұрғыда маған да Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен ұсыныстар түскен. Қала бойынша жүзу спортында талантты балалар баршылық. Неге сол таланттарымызды тәрбиелеп, олардың жүзу спортындағы мүмкіндіктерін ашпасқа?

Құқық қорғау органдарынан тексеріп жатса, спорттағы осындай қитұрқылықтардың беті ашылады. Қолымда оларға айғақ ретінде дәлелдейтін барлық деректер бар. Біз өз шәкірттерімізге өзге облыстың атынан сынға түсуге мүмкіндік бермеуге тырысамыз, — дейді ол.

Облыстағы су спорты құрамасының тізімінде тұрған спортшы Алматының спорттық базаларында жаттығады, жұмыстары да сол жақта. Облыс пен ұлттық құрамаларда легионерлердің өнер көрсетуін жұрт қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бұл — негізі дұрыс емес. Мәселен, Болгарияда өткен оқу-жаттығу жиынына олимпиадалық резерв дайындайтын мектептің жасөспірімдері емес, облыстағы өзге жүзу орталығында даярланатын оқушылар жіберілген. Алайда Азия чемпионатында шетелдік тәжірибеден, еуропалық жаттығудан өтіп келген спортшы емес, облыста ғана даярланған жасөспірім бір емес, үш жүлдемен олжалы оралды. Бір қызығы, Болгарияға аттанған спортшылар жоспарлық күнтізбеге енгізілмеген. Бұдан шығатын қорытынды, өз спортшыларымыз легионерлердің көмегіне жүгінбей-ақ әлемдік аренадағы байрақты бәсекелерден жүлде салуға қауқарлы. Бұл үшін ең бастысы, бапкер мен шәкірт арасындағы сабақтастық болуы керек. Негізі, қандай спорт түрі болмасын, темірдей тәртіп пен табандылық бірінші орында тұрады. Ал жүзу спортының жаттықтырушысына артылатын жауапкершіліктің жүгі  де ауыр. Жұмысқа қабылданатын денешынықтыру маманының біліктілік санаты, еңбек өтілі, білімі ескеріледі. Жаңа келген жаттықтырушы бағдарлама бойынша емтихан сынақтарынан да сүрінбей өтуі тиіс. Шәкірттеріне арнайтын сағатына байланысты олардың  алатын жалақысы да әртүрлі. Егер бапкер тәрбиелеген шәкірті әлемдік додадан жүлде алса, жалақысына қосымша қаражат төленеді.

Ата-анаға кеңес!

Емханалардағы жалпы тәжірибелі дәрігерлер ауырған балаға жүзу спортымен айналысуға бағдар береді. Судағы денешынықтыру мен спорттық медицинаның аражігін ажырата білу маңызды. Денсаулығы нашарлаған баланы жүзу спортына берсе, біріншіден, ол жаттығу жұмыстарына үлгере алмайды, себебі дені сау баланың өзіне физикалық тұрғыда ауыртпалық түседі. Екіншіден, баланың психологиялық көңіл күйінің бұзылуына әкеп соқтыруы ықтимал. Әр спорттың өзіне тән кәсіби ауру түрлері бар. Ауру асқынса, иммундық жүйе әлсірейді, ал оны қайта қалыпқа келтіру қиынға соғады. Ата-ана баласы ауыра қалса, дәріханаларға дәрумен алуға асығады. Ал дәрумендердің адам ағзасына тигізетін пайдасы аз. Суға жүзу спорты бала денсаулығын физиологиялық тұрғыда нығайтып қана қоймай, жүрек қан-тамырларының жұмысын жақсартады, тыныс алуын қалыпқа келтіреді.

Бұл спорттың тағы бір артықшылығы, омыртқа ауруларының болмауына септігі зор. Қозғалыс дене мүшелерінің қызметін арттырып, омыртқа сүйектерінің жанындағы кішкентай бұлшық еттерді тынықтырады. Омыртқа бағанасына түскен ауырлықты тежеп, остеохондроз ауруын болдырмайды. Дене температурасы қалыпты жағдайда сақталып, бала иммунитеті тұмау мен суық тиюге қарсы тұра алады. Жүзу спорты артық салмақтан арылуға да көмектеседі. Қозғалыс пен энергия жұмсалуының әсерінен ағзадағы калория мөлшері азая түседі. Сонымен қатар, жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшыраған жасөспірімді жаман ойлардан арылтуға сеп. Суық су бойдағы жағымсыз эмоция мен негативті көңіл күйді шайып әкетеді. Бала бойына қуат беріп, өзін сергек сезінуге мүмкіндік береді. Суда жүзу спорты баланың аяқ-қолдарындағы тірек-қимыл жүйесін бекітіп, дененің өсуін дамытады және төзімділігін арттырады. Баланың дене бітімі күшті, буындары иілгіш, қимылының шапшаң және әсем болуына ықпалын тигізеді. Жасөспірім жүзуге тез үйренеді, оларда су апатынан қорқу сезімі де қалыптаспайды.

Жүзудің спорттық әдістерін меңгерген бала жақсы сүңги білуге, судағы кедергілерді жүзіп өтуге дағдыланып, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсете алады. Жақсы жүзе білетін бала есейгенде небір таңғажайып ерліктер көрсете алатыны да белгілі. Ал жүзе білмейтіндер қатты ағынды су ала жөнелсе, өзін-өзі ұстай алмай, сасқалақтап, су жұтып, шарасыз жағдайға түсуі де ғажап емес. Сондықтан баланы жас кезінен бастап жүзу спортына берген дұрыс.

                                                                                                    Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button