Мәдениет

Әнші

Ашуды әнмен тарқатқан

Біз ферма клубында концерт қойып келсек, түскен үйіміздің төрінде, айналасына қыл-қыбырын ыбырсытып, ұршық үйіріп бір кемпір отыр. Көзіне киген көзілдірігінің бір әйнегі бар, екінші әйнегі жоқ. Сондай жағдайда атыс-шатыс қараған кейуананың, улап-шулап кірген бізді жаратпай қалғанын тез сезіп, жым болдық. Манағы концертке дейін көңілді жүріп шай берген отағасы мен оның келіншегі де басылып қалыпты, әлдебіреуден именіп, төменшектеп жүрген сияқты. Соларға оқты көзімен ата бір қарап алды да, кейуана бізге қарата:

— Қазір  тамақ асылып жатыр. Соны жегесін аттанып кетесіңдер. Қонуға ұлықсат жоқ. Бойжеткен екі қыз бағып отырмыз. Артистердің жағдайы бізге белгілі, шырақтарым! — деді зілді түрде.

Әженің қонаққа наразылығының, жақтырмай қарауының мәнісін енді түсіндік. Әуелі шарасыздығымыз еске түсіп, ешбіреуміз сөз айта алмай қалдық. Себебі біз бұл ауылға үш автоклуб көлігіне тиеліп келген едік. Ол жылдары ауданнан шыққан мұндай ақпараттық үгіт-насихат пойызы аталатын топты қонақүй дегенді білмейтін ауылдар әр үйге осылай бөліп түсіретін-ді. Мені4ше, қазірде де солай. Осындай  дағдыға үйренген бізге бүгінгі мына жағдай тым тосын және күтпеген жерден болды. Жеті қараңғы түнде тобымыздан бөлініп, қайда бармақпыз? Жолға жиналуға енді кеш қалдық. Ол үшін мана басшыларымызға айтып, ерте қамдануымыз керек еді. Қандай жағдай айтсақ та кейуананың көнбейтіні және белгілі болды. Ол кісіні де түсінуге болады, қонағасы бермеймін деп  тамақ қызғанып  отырған жоқ, тек қонуға ұлықсаты жоқ, дәлелі әлгіндей. Қыз қорыған кемпірді тоқтататын қандай сөз бар. Соны тапқандай болып ішіміздегі бойдақ жігіт:

— Әже, көріп отырсыз, біздің  қыздарымыз жанымызда, өзгенің қыз-қырқынына көз салмаймыз, — деп еді, бұған үлкен кісі тіпті қатты ашуланып, ас-су қамымен жүрген келініне: «Тамағыңды тездетіп, қонақтарыңнан құтыл!», —  деп шүйлікті.  Бұған баласы да, шешесінің бір алған бағытынан қайтпайтынын білетін болар: «Бір айттың, болды ғой енді. Жүрген жерлері ән-думан бұл адамдар сенің үйіңе төсек салып жата да қоймас, қонақасыларын жеуге мұрша бер?»— деп, айнала отырғандарға кеңшілік бере қарады.

Үй иесінің ыңғайын іштей аңғарған қонақтар жайлана түсті. Мұндайда түскен үйдің қолқалайтыны артистерден ән ғой. Сол ретпен, жас жігіт болғанмен, сол кездің өзінде облыстық, республикалық ән байқауларына қатысып жүлде алып, Ойылдың атақты әншісіне айналған  Амангелді Жұманов домбырасын қолға алып, «Көкжарда шай құяды Гүлжан, Сара» деп бір әнді бастап кетті. Одан нақышына келтіріп Ғарифолланың әндерін шырқады. Домбыраның бұрауын тағы бір көтеріп «Ойкөкке» түскенде, манадан түйіліп отырған әжеміз  көзілдірігін шешіп, «Ау, мынау Қызылдың әні ғой» деп жібігендей болды. Кемпірдің ажарын бұзып тұрған жалғыз әйнекті көзілдірігі екен, тап қазір жүзі нұрланып, өзге адам құсап көрінді. Тіпті отырғанның бірі: «Түсі игіден түңілме» деген, әжеміз жаман адам сияқты емес», — деп қалды. Бұл кезде әнші, үлкен кісінің жанын баурайтын ән әуенін сезе қойып, Қызылдың «Сары ирегі» мен «Қызыл ирегіне» көшкен-ді. Жанына жағатын әнге дөп түскен екен, ән аяқталғанда әжеміз алдындағы ұршықты әрірек атып жіберді…

Ән үстінде алқаның көңіл күйін түгел бақылап отыратын Әбекең енді Мұхиттың биік дауыспен айтылатын «Үлкен айдай», «Кіші айдайына» ауысты. Қазақта «жүйрікті қыспа» деген де сөз бар ғой, менің байқауымша, бұл әнші де бір-екі әнмен шектелетін  сахнадан гөрі, осындай еркін отырыста, таңды таңға ұрып  шырқағанды жаны қалайтынын білетінбіз. Бұл жолы да уақыт озып, бір әннен екінші әнге, сар желісті термелерге ауысқан сайын делебесі қозып, дауысы ашылып, нағыз бабына келе түсті. Бебеулеген домбырасына кең тынысты, ұнамды дауысы  үйлесіп, шабыт қанатында қозғалақтап, малдас құрып отырған күйі орнынан жылжып бара жатқанын сезбей қалатындай. Арқалы әншінің құлақтан кіріп бойды алар әнімен бірге, осынау шабытты шағының өзі  де тыңдаушының есін шығарып, өзіне біржолата бағындырып тартып алғандай еді.

Үй иесі үлкен ас келгенше, қонақтарына қазаннан жаңа түскен құйрық-бауырды тез әзірлетіп алдарынан жағалатып өткенде, қалған өнерлі топ та көңілденіп, бас әншіден соң, бірімен-бірі бәсекеге түскендей, бар өнерлерін ортаға аянбай салды. Мына отырыстағы думанға қарағанда, манағы кешкі болған клубтағы  концерт жолда қалғандай еді.

Қызықпен уақыт ұзай беріпті. Былқып піскен марқаның еті екі табаққа жасалып, өнерлі қауымның алдына тартылғанда, маусымның қысқа таңы да сібірлеп атып келе жатты. Бұл кезде әже де манағыдай емес, қонақтарға  түгел құшағын ашып елжіреп, тілегін төгілтіп, мүше толы табақты бастап берді.

Осындай құрмет көрген біз, ауылдан аттанар сәтте,  басымыз жастыққа тимегенмен, ұйқысы қанық адамдай көңілді едік, шырықты жайсыз хабар бұзды. Түндегі біз болған үйдің екі қызының бірі орынында жоқ болып шықты. Жүргелі жатырған автоклубтарға түгел  тінту жүргізілді — қыз табылмады. Сөйткенше, екінші хабар жетті — қызды көрші үйдің бозбаласы кіргізіп алыпты. Бұрыннан келісімдері бар екен. Ауылда мұндай жағдай бола береді, бірақ айыпты біз болып қалдық. Себебі Амангелді әнші түнде осы өңірде  ғашығына қосыла алмай шерлі болып өткен баяғы Қайып ақынның «Ақбөбек» әнін көп шырқап еді. Есті адамдар екі жастың қосылуын тездетуге  сол ән қозғау салса керек десті. Ол да, мүмкін, Амангелді ән салғанда сезімсізді сезіндіріп, сезімдіні ұшқалақтандырып жіберетіні де рас еді. Біздің қиналғанымыз, әженің бастапқы қаупінің аумай келгені. Бірақ бұған үлкендер жағы:  «Әже ренжімесе керек, қыз бізбен бірге кеткен жоқ, ауылда қалды ғой», — деп басу айтты.

Ғарифолланың ықыласы

Бірер жылдықтың шамасында Қандыағаш қаласында жетпіске толған ағамыздың мерейтойында Амангелді ән шырқаған кезде, менің ойыма ілгеріректе әншімен бірге жүрген кезіміздегі жоғарыдағы оқиға оралды.

Әбекең бұл жолы сыйлас досының тойына Ойылдан домбырасын арқалап арнайы келген екен. Мерейтойға жиналған үш жүз адамның алдында :

Айдынына Ойылдың қаз қонатын,

Қалжың айтсам, жеңешем мәз болатын.

Ойнайық та күлейік жәрмеңкеде

Жәрмеңкесі Ойылдың аз ғана күн — деп, Қызыл Тұрдалыұлының әнін, әу деп шырқағанда, риза болғаны сондай, қонақтар тұс-тұстан ақшасын ала жүгірді. Талай тойларда ән салған жұлдыздарды көріп жүрміз ғой, бірақ солардың ішінен осы және бір әншіге тыңдармандар тарапынан көрсетілген ерекше ықылас есімде қалды. Соның бірі — әрігіректе Ақтөбедегі  бір тойда, жұрт жалығып шаршап отырған кезде, қайдан, қалай келгені білмеймін, сап етіп жас әнші Өмірқұл Айниязов келіп ән салды. Әншінің көпшілікті баурағаны сондай, елдің есі шығып кеткендей болып, топ-тобымен сыйлықтарын ала  жүгірді. Ықыластың шектен шығып бара жатқанына ыңғайсызданған сыпайы әнші «бар ақшаны жинап әкетті деген сөзге қалармын» деп қарсылық көрсетті. Әрине, талай шаршы топты көрген байырғы әнші  Әбекең елдің ықыласын қайырмай,  ілтипатына жаңа әнмен еселеп жауап берді. Шетте жүріп, ән айтқанын көптен көргенім жоқ еді. Дауысы сол күйінде, тіпті бұрынғыдан күшейген сынды көрінді маған.  Жасы жепістен шығып кетсе де, даусында еш жарқыншақ жоқ. Әнші баяғы бабында екен. Ризашылық көрсеткен әлгі топтың легіне біз де қосылдық-ау деймін, қазақ атам айтқан «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» деп, есімде жоқ… Бірақ әнін де, өзін де сағынған көзкөрген ағамен осы жолы жарты ғасыр артта қалған күндерді еске алып, әңгімелескеніміз көңілімде сайрап тұр.

— Төртінші класс оқып жүргенде салдым әнді. Бесінші оқығанда кәдімгідей той-томалақтарда айта беретін дәрежеге жеттім. Жеті бітіргесін оқуды қойдым. Ол кезде жеті бітірсең болды ғой. Сол жылы шешем қайтыс болды. Нағашы шешем мен әкем қалды қолымда. Нағашы шешем жетпістен асқан, әкем де егде тартқан. Алпысыншы жылы Ойылдың орталығындағы  киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберханаға ағаш шебері болып кірдім. Бұл кәсіпорын Байсұлтан Еңсегенов басшылық жасайтын селолық сауда жүйесіне қарайтын, тікелей басшым Ідіріс Жұмашев еді. Содан екі жыл жұмыс жасадым. Алпыс үшінші жылы Ойыл ауданы тарап, Қобдаға қосылды. МТС-тың қол астындағы диірменде жұмыс істеп жүрдім. 1965 жылы қаңтарда аудан қайта құрылды. Шілденің екісі күні аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сахи Жақыпбеков автоклуб меңгерушілігіне бұйрық берді Содан кешегі 2012 жылға дейін сол мәдениет саласында табан аудармай 47 жыл қызмет істедім. Менің тарихым —осы, — дейді өткен күндеріне көз жіберіп әнші.

Облыстық, республикалық өнер байқауларында дүлдүл әнші атанған Аманкелді Рамазанұлын  кезінде «Қазақконцерт» жұмысқа шақырып, қолқа салған. Республикалық өнер оқу орындары да өздеріне оқуға шақырып, ұсыныс жасаған. Бірақ соның бәрінде де отбасындағы жалғыз бала болғасын әкесі ерте үйлендіріп, ұлықсат бермей қойған.

Ерекше таланты бола тұра, кезінде астана барып өнер жолын қуа алмағанына әншінің өкінетіні әңгімесінен де аңғарылады.

— 1968 жылы Ойылға атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев келді. Аудандық басшылық әншінің қасында еріп жүруге мені бөлген еді. Алайда, не себеп болды білмеймін, мәдениет бөлімі шешуші сәтте мені қоспай қойды. Содан Ғарекең «Жетікөл» кеңшарында концерт қояды, одан әрі туған жері Қаратөбеге кетеді» деп естідім. Ең болмағанда, атақты әншіні бір көріп, жолығып қалайын деп, досым Өмір Жұбаевтың мотоцикліне мінгесіп, тоқсан шақырым жердегі ауылға тарттым. Әншімен кеңшар директоры Отар Қлипанов ағаның  үйінде кездестім. Жанында облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Жалғас бар екен, ол мені бұрыннан таниды.

Сол «Ғареке, мына бала осы жердікі. Осы өңірде сіздің өнеріңізді жалғастырушы. Өзіңізді  қуып келіп тұр. Автоклуб меңгерушісі», — деді. Сөзге келген жоқ, Ғарекең домбырасын ұсынды. Домбырасы да айтсаң айт деп тұр екен. Менде домбыра жоқ болатын. Мотоциклге мінгесіп келіп тұрған адаммын ғой….

— Аға, — дедім. — Сіздің өлеңіңізді пластинкадан үйрендім. Біреуден сабақ алғаным жоқ. Қағысыңызды да, әніңізді де солай алдым.

Содан Ғарекеңнің бір әнін салдым. Отырған жұртты баса-көктеп: «Айналайындар-ай, бар екенсіңдер ғой, бар екенсіңдер ғой» деп ұмтылып, құшақтай алды. Жұрт шай ішіп отыр, мен столда отырып тағы бірнеше ән орындадым. Содан Ғарекең:

— Ал, айналайын, әңгімені қой, маған ересің, ештеңеге алаңдама, ақша да, киім де, тіпті өзге жағдайың да табылады, — деді.

Ғарекең әлгіндей деп тұрғасын, ешкімге үндемей осы бетіммен кете берейін деп бекінгенмін. Келесі күні Қаратөбемен  шектесетін Жақсыкөлде әншіге қонақасы беретін болды. Бірге еріп кеттім. Қонақасы біразға созылды. Киіз үйге негізінен ауылдың ақсақалдарын жинаған екен. Ғарекең әнді төкті-әй кеп.

Ертесіне Қаратөбе ауданының Аққозы ауылына барғанымызда соңымыздан Ойыл аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Өтеміс Әкімов пен аудандық милиция бөлімінің бастығы Рахмет Жұмашев соңымыздан қуып келді.

— Аманкелді, сенің мынауың қалай? Қайда барасың?Асығыстық жасама? Жасы келген әкең, бала-шағаң бар. Екеуміз де әке бағып отырмыз. Біз кетсек, оларды кім бағады? — деп Өтекең жай-мәністеп түсіндірді. Содан қалдым. Бақсам, аудандық партия комитетінің хатшысы София Өтегенова біздің үймен көрші тұратын еді, менің хабарымды естіп, біздің шал  соған барып шағымданған екен, — дейді үлкен өнердің жолына бір кезде бәрін қиып кетпекші болған әнші.

Бұл енді әншінің өткен өмірінің бір сыры ғой. Болмаса, Әбекеңнің тағдырына ренжитін реті жоқ. Үлкен отбасының басшысы, немере-шөбере сүйіп отыр. Алысқа шыға алмай қалғанына өзі өкінгенімен, ауданның көлемінде мәдениет саласында жеткен табыстары елдің аузында.  Ұзақ жыл автоклуб меңгерушісі, аудандық халық театрында режиссер болып жемісті жұмыс істеді.  Ғарифолла Құрманғалиев әндерінің насихаттаушысы, үздік орындаушысы. ҚР Тәуелсіздігі 10 жылдығы, 20 жылдығы медалдарының иегері.  1985 жылғы бүкілодақтық термешілер байқауының жүлдегері. Танымал әнші ғана емес, театрдың тәуір режиссері, шебер актері де.  Амангелді қойған пьесалар,  сомдаған басты рольдер көрермендердің есінде қалды. Еңбегі еленіп, ҚР мәдениет қайраткері атанды.  Талай-талай ән байқауларынан алған лауреаттық атақтары бар. Мәдениет министрлігінің, облыстық атқару комитетінің құрмет грамоталары өз алдына. Әбекең жасы сексенге аяқ басса да, сауықты ортаның ажары мен базары десек, асыра мақтағандық болмас

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button