Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Жалаңтөс баһадүр ескерткіші ашылды

Ақтөбе қаласының орталық бөлігі — автовокзал алдындағы алаңқайға бұл күні халық көп жиналды.
ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақ батыры, әскербасы, Самарқан шаһарына әмірлік жүргізген Жалаңтөс баһадүрге арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы сәтін көпшілігі асыға күткен болатын.
Бұл атаулы шарада Түркия, Әзірбайжан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мемлекеттерінің белгілі ғалымдары және республиканың түрлі аймақтарынан тарихшылар мен танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары бас қосты.
Салтанатты сәт театрландырылған көрініспен басталды. Жиналған жұртшылықтың көз алдында кешегі бір тарих қойнауында қалған жылдарға шегініс жасалды. Жапан даланы жаңғыртқан ат тұяғы, ел қорғаған батырлар бейнесі, қанды шайқастар мен ерлік суреттері көрермен көңілін толқытты. Сол күндердің жаңғырығы арасынан Жалаңтөс батыр бейнесі айқындалып, бүгінгі жас ұрпаққа ел намысын қорғау, елдіктің еңсесін түсірмеу үлгілерін танытқандай болды.
Ескерткіштің ашылу құрметіне облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нәмімадин Мұсабаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, ақын, «Дарын» сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанов, ҚР Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ие болды.

— Соңғы жылдары облысымызда қоғам қайраткерлері мен тарихи тұлғаларға арналып бірқатар ескерткіштер ашылды. Елімізге еңбегі сіңген 20-дан астам тұлғаның тұрған үйлеріне мемориалды тақта орнатылды. Алдағы уақытта Едіге батырға, Есет Көкіұлына, Шәмші Қалдаяқовқа, Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнату жоспарланған. Ал бүгін ашылып отырған Жалаңтөс баһадүр ескерткіші де халқымыздың даңқты қолбасшысына көрсетілген ерекше құрметі. Жалаңтөс баһадүр — XVI-XVII ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайға тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, қайратты қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде тарихта аты қалған ұлы тұлға. Халқына еңбегі сіңген даңқты тұлғаларына лайықты құрмет көрсету, есімін ел жадында қалдыру — ерлігіміздің даңқы, елдігіміздің нышаны, — деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жан-жақтан келген ағайын ескерткіштің ашылуына орай қуаныштарын білдіріп сөйлеп жатты.
«Жалаңтөс баһадүрдің жақсы есімі Ақтөбеге ескерткіш боп оралды. Бұл — рухтың шырағын жағатын ескерткіш», — деп тебірене сөйледі солардың бірі арқалы ақын Светқали Нұржанов.
Аталған ескерткіш «Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қорының қаржысына салынған. Ескерткішке жұмсалған қаржы көлемі – 110,0 миллион теңге. Қоладан құйылған ескерткіштің жалпы биіктігі 5,15 метрді құрайды. Ескерткіш авторлары белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков және Жеңіс Жұбанқосовқа жиналған көпшілік бірауыздан алғыстарын айтты.
Ескерткіш қапталында орнатылған тақтада Жалаңтөс баһадүрдің ескерткішін тұрғызуға қомақты үлес қосқандардың аты-жөндері келтірілген. Бұл ретте Нұралы Қаниев, Сералы Қаниев, Қауыпбай Жанбауов, Сержан Жаманқұлов, Хамит Өтеуов, Серік Шаңғұтов, Қасымжан Байсадақов, тағы да басқа елдің белгілі азаматтарының ұрпақтары үлес қосқаны атап жазылған.
Жалаңтөс баһадүрді еске алу шараларын ұйымдастыруға, оның ішінде ескерткішті орнату, басқа да жұмыстарын атқаруға белсенді қимылымен үлес қосқан белгілі кәсіпкер Бақытжан Ержанов есімін айрықша атап өту қажет. Ол салтанатты жиынға алыс-жақыннан жиылған қонақтарды күтіп алу, олардың жағдайын жасау, ең бастысы — ерлікті құрметтеу, баба рухына тағзым ету арқылы елдің басын біріктіру ісіне адал көңілімен қызмет етті. Сондықтан да жиын барысында оның атына алғыс сөздері аз айтылған жоқ.
Салтанатты сәт соңында елдің ақсақалы Алдаберген Өмірбеков жиылған қауымға батасын берді, жақсы, игі тілектерін білдірді.
…Сонымен, қала орталығында бой көтерген еңселі Жалаңтөс баһадүр ескерткіші көпшілікке кешегі күннің тағылымын ұсынып, келер шаққа кемелді тірлікпен қызмет етуге шақырып тұратын болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button