Жаңалықтар

Еңбекке құрмет

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткізілген салтанатты жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сала еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

— Ауыл шаруашылығы бүгінгі күні Қазақстан экономикасының жаңа қозғаушысы ретінде көрініс табуда. Бұл сала өңір экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірінен саналады. Биылғы жыл диқандар қауымы үшін күрделі болды, алайда құрғақшылыққа қарамастан астық та жиналды, мал азығы да қажетті мөлшерде дайындалды, — деп атап көрсеткен облыс басшысы жақсы көрсеткіштерге жеткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне салалық министрліктің төсбелгілері мен грамоталарын, сондай-ақ Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Биылғы жылы аграршыларды қолдау мақсатында субсидия беруге  11,4 миллиард теңге жұмсалды, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 1,7 миллиард теңгеге артық. Сондай-ақ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 15,9 миллиард теңге мөлшерінде жеңілдікпен несиелендіру шаралары жүзеге асырылды.

Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдау жұмыстары нәтижесінде биылғы жылдың тоғыз айында 200 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, салаға 16,6 миллиард теңге инвестиция жасалды.

— Биылғы ауа райының қуаңшылығы бізді аса қуанта қойған жоқ. Ауыл шаруашылығының қай жұмысы да табиғатқа тәуелді. Соған қарамастан біздің еңбеккерлеріміз жанқиярлықпен жұмыс істеуде. Мал шаруашылығы даму үстінде. Біз жылқы өсірудеміз, ірі қара мен қой-ешкіні де көбейтуге бағыт ұстадық. Асылтұқымды мал өсіру — басты басымдықта. Тәуекелді ауа райы жағдайында бірыңғай егіншілікке сеніп қалуға болмайды. Сондықтан қай істе де есеп жүргізуге тура келеді, — деді Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС-ның директоры Аманғос Төлеуов.

Облыс аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай айтты.

— Биылғы жылы наурыз бен мамыр аралығында көктемгі жәрмеңкені өткіздік. Ал тамыздан бастап жылдың соңына дейін күзгі жәрмеңке жалғасады. Оған кезекпен облыстың барлық аудандары қатысады. Ал бүгінгі кәсіби мерекемізге орай барлық аудандар бір мезгілде жәрмеңкеде бас қосып отыр, — деді ол.

Салтанатты жиында Әйтеке би ауданындағы «Ай-Ауылым» ЖШС директоры Тәжіғали Елеуов, Қарғалы ауданынан еңбек ардагері Асан Тоқтаров, «Родники-Агро» ЖШС басшысы Василий Бондарев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Тағы да бірнеше еңбеккерге «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісі тапсырылды.

 Нұр ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button