Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Алтын киімді сармат көсемінің қабірі табылды

Ақтөбе жерінен алтынмен әшекейленген киіммен жерленген адамның қабірі табылды. Археолог мамандар мұның үлкен жаңалық екенін айтып отыр.

Биыл облыс әкімдігі мен Білім және ғылым министрлігінің Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтыбірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды қолға алған болатын. Бұл жобаларды бес бағыт бойынша іске асыру жоспарланған.

Соның бір бағыты — ерте көшпенділер дәуіріне тән ескерткіштерді зерттеу. Осыған байланысты Мұғалжар және Темір аудандарында қазба жұмыстарықолға алынған еді. Мұғалжар ауданында — Құмбұлақ, ал Темір ауданының аумағында Тасқопа І және Бесоба қорымдарында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соның ішінде, Тасқопа І қорымындағы қорғандардың бірінде тереңдігі 5,7 метр болатын қабірді қазу барысында, археологтар айрықша олжаға кезіккен. Атап айтқанда, қабірден салтанатты жағдайларда пайдаланылатын бұйым (бас киім деп болжам жасалды), ат әбзелдері, т.б. табылған. Бұл заттар алтынмен қапталып, әшекейленген. Археологтардың айтуынша, қорған ерте дәуірлерде тоналыпты, бірақ осы табылған жәдігерлердің өзі мұнда жай адам емес, көсемнің жерленгеніне дәлел болады.

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс аймақ бойынша өкілі Арман Бейсембаевтан алынған мәліметтер бойынша, қазылған қорған Ащы Ойыл жазығындағы ең биік төбелердің бірінде орналасқан. Қорғанның өз биіктігі 3 метрге таяу, ал диаметрі — 60 метр шамасында. Қазіргі күні мұнда алғашқы консервациялау жұмыстары жүргізілген. Табылған заттар әрі қарайғы зерттеулер үшін, зертханаларға жіберілген. Зерттеу жұмыстарына археологтар ғана емес, басқа да салалардан мамандар тартылмақ.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы жаңалықпен бөлісіп: «Темір ауданының Тасқопа елді мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат кө­семінің қорғаны табылды. Кезекті «Ал­тын киімді көне ескерткіш» — Ақ­төбе өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елі­нің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық.

Кешегі Есік қаласынан, Шығыс пен Атыраудан табылған көне ескерткіштердің жалғасы бүгін Ақтөбе жерінен де көрініс берді. Бұл сол заманда қазақ жерін мекендеген бабаларымыз өркениеттің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді.
Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін. Мұндай тарихи жәдігерлер әлі де көптеп табылып, дүниежүзінің алдында Қазақ елінің мәртебесін көтереді деп сенемін», — деп жазды.

Тасқопа І қорғанындағы қазба жұмыстары А.Бейсембаев, Д.Байтілеу, Ғ.Ахатов, А.Мамыров, Р.Жанұзақ, Қ.Мамыров, т.б. археолог-мамандардың қатысуымен жүргізілді.

Деректер бойынша, бұған дейін еліміздің аумағынан 8 «алтын адам» табылған. Олардың ішінде ең әйгілісі — Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған «алтын адам».

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button