Басты жаңалықтар

104 түлек лейтенант атанды

Өткен сенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлектеріне диплом табысталды. Салтанатты шараға атқарушы билік өкілдері мен курсанттардың ата-анасы жиналды.

ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен алғашқы офицерлік «лейтенант» шені, диплом және жоғары білімі туралы төсбелгісін алғандардың қатарында Қырғызстан мен Тәжікстанның 10 азаматы да бар. Барлығы — 104 түлек. Оқу кезеңінде олар әуе қорғаныс күштерінің авиация бөлімдерінде әскери ұшу тәжірибесі мен әскери сынақтардан өтті. Жігіттер институтта тек ұшуды басқару һәм ұшақты жүргізу, әуедегі ұрысты жүргізуді ғана емес, сондай-ақ ұшу аппараттарының барлық жүйесін пайдалануды үйренді.

Түлектерді құттықтау сөзінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлектерін оқуды сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтаймын.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жауынгерлік даярлығы жоғары белсенділік деңгейімен, ұлттық оқу орындары желісімен, сапалы материалдық-техникалық базасымен ерекшеленіп отыр. Республикамыздың Қарулы Күштері — еліміздің тұрақтылығының кепіліне айналды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының Орталық Азияда осындай жалғыз жоғары оқу орны екенін айрықша атап өту керек. Бұл оқу орнының деңгейі шетелдік институттармен бірдей. Оған дәлел ретінде көрші мемлекеттердің азаматтарының білім алуын айтсақ да болады.

Әскери институттың түлектері еліміздің намысын қорғап, өз міндетін толықтай орындайтынына сенімдімін. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын! — дей келе, үздік тәмамдаған түлектерге диплом тапсырды.

Одан соң дәстүр бойынша жас мамандар қару қолдану, физикалық дайындық, т.б. дағдыларын көпшіліктің алдында көрсетті. Артынша бірінші офицерлік вальс орындалды.

Түлектердің атынан Бағлан Бірлес, ата-аналар, ардагер әскерилер сөз сөйлеп, жас талаптарға сәт сапар тіледі. Салтанатты шара ақтөбелік әншілердің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button