Басты жаңалықтар

Жерлес батырлармен жүздесу

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ресей Федерациясының батырлары, жерлестеріміз ұшқыш-космонавт Юрий Лончаков және ұшқыш-сынаушы Вячеслав Крицкийді қабылдады.   

Мәртебелі қонақтар Ақтөбедегі «Жас ұшқыштар мектебінің» 50 жылдық мерейтойына арнайы келген болатын.

Кездесу барысында облыс басшысы ұшқыш-космонавтармен емен-жарқын әңгімелесіп, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы кеңінен баяндап берді.

— Ақтөбенің перзенттері ретінде сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Батыр жерлестеріміз — өңіріміздің мақтаныштары. Қазіргі таңда 50 жылдығын атап өтіп отырған бұл мектептен жүздеген жас тәрбиеленіп шығып, ұшқыш атанып, көк аспанды бағындырып жүр. Даңқты жерлестеріміздің туған жерге келіп тұруы, біздің өсіп келе жатқан жас буын үшін де зор мақтаныш. Алдағы уақытта да арадағы байланысты нығайтып, жас ұшқыштарды даярлау жұмыстарын арттыра береміз, — деді облыс басшысы қонақтарға өз алғысын білдіріп.

Ақтөбе қаласындағы «Жас ұшқыштар мектебі» 1969 жылы құрылған. Ұшқыш-космонавтар Ақтөбе шаһарының өсіп-өркендеген келбетіне таңданыстарын жасырмай, қаланың көрікті жерлерін аралаған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар мектеп жұмысының жақсы жолға қойылғанын тілге тиек етіп, өз өтініштерін білдірді.

Жерлесіміз  Юрий Лончаков ғарышта ең көп уақыт болған ұшқыш-космонавт ретінде танымал. Оның ғарышқа жасаған сапары 200 күн, 18 сағат 36 минутты құрайды.

Кездесу соңында облыс әкімі жерлес ұшқыш-космонавтарға алғысын білдіріп, бірге суретке түсіп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button