Рухани жаңғыру

Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі

Конференция

Сенбі күні Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен «Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен аталған университеттің мәжіліс залында «Ұлы даланың ұлы есімдері: Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты халықаралық конференция өтті.

Конференцияға Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан мемлекеттерінен, сондай-ақ еліміздің басқа облыстарынан белгілі ғалымдар, зерттеушілер, тарихшылар, филологтар, қаламгерлер келіп қатысты.

Шараны С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан Ахан ашып,  Жалаңтөс баһадүрді ұлықтауға арналған шараның жастарға, болашақ ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтті.

Біздің мақсат — Едіге батыр сияқты Жалаңтөс баһадүр бабамызды бүкіл түркі әлеміне паш ету. Егер біз батырдың есімін әлемге танытсақ, бұл бабаға деген құрметімізді білдіргеніміз. Тарихты зерттесек, Жалаңтөс батырды Орта Азия халықтары ғана емес, барлық түркі елдері жақсы біледі, — деген Бекежан Ахан шараға жиналғандарға жуырда университет ұжымы жарыққа шығарған «Түркі халықтарының этнопедагогикасы, теориясы, әдістемесі» атты жаңа еңбекті таныстырды.

Бұдан кейін Мерсин университетінің (Түркия) профессоры Али Арслан мен белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы жаңа кітаптың тұсауын кесті.

Шарада тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай «Жалаңтөс батыр және Самарқандағы қос университет» тақырыбында баяндама жасап, Жалаңтөс батырдың даңқты қол­басшы, әділ би болумен қа­тар, Шығыс елдері мәдени тарихында сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлгенін, оның есімі Орта Азия мен Қазақ­­станның саяси тарихында ғана емес, сәулет өнері тарихында да маңызды орын алатынын атап өтті.

— Жалаңтөс бабамыз жинаған ақшасын, дүние-мүлкін басқа мақсатқа жұмсамай, оқу орындарын салғызғанын тарихтан білеміз. Бұл кісінің Әмір Темір, Ұлықбектің ізін жалғастырған деп айтсақ та болады. Жалаңтөс бабамыз екі үлкен медресе салдырып кетті. Ол — «Арыстан» және «Тилла – Кари» медреселері. Бұлар Жалаңтөс бабамыздың университеттері деп айтсақ та артық болмас. Осындай әлем мәдениетінде ерекше орын алатын ғимараттар құрылысы Жалаңтөс батыр есімін тарих бетіне алтын әріппен жазып қалдырды, — деді ол.

Конференцияда Жалаңтөс баһадүрдің әлемдік өркениеттегі рөлі, түркі ерлік эпосындағы бейнесі, ерліктері мен тарихтағы орны туралы Әзірбайжан ғылым академиясының профессоры (Баку) Галиб Саилов, Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университетінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Эльдар Гаджиев, Мерсин университетінің (Түркия) профессоры Али Арслан, Әлішер Навои атындағы халықаралық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор Ұлықбек Сатторов, Мадрид және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттерінің профессоры Самат Өтениязов, т.б. баяндама жасады.

  • Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара Жалаңтөс баһадүр туралы тарихтың жаңа беттерін зерттеудің алғышарты деуге болады. Демек, осы бастама арқылы алдағы уақытта ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық нығая түседі. Ал тарихқа келсек, Жалаңтөс батыр туралы әлі де зерттелетін дүниелер көп. Әрине, батырға арнап салтанатты түрде ескерткіш ашылғаны өте құптарлық іс, алайда әр тарихшы, әр филолог, әр зерттеуші өзінің алдына міндет қойып, Жалаңтөс баһадүрді толық зерттеуі керек. Мен батырға арналған бүгінгі конференция дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген өз ұсынысымды білдіремін. Келер жылы дәл осындай шарада біз батыр туралы не білдік, қандай еңбек жаздық, қандай тарихи дерек таптық — осының барлығын сараптап, ортаға салып, бір-бірімізбен бөлісуіміз керек. Сонда ғана біз даңқты қолбасшы туралы тарихи шындықты толық зерттеп, оның тұлғасын тани аламыз, — деді Әлішер Навои атындағы халықаралық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор Ұлықбек Сатторов.

Д.ТАУАНАОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button