Мәдениет

Бас жүлде иесі —  Аспанбек Шұғатаев     

Айтыс

Ақтөбеде  батыр, қолбасшы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлын  ұлықтауға арналған республикалық айтыс өтті. Еліміздің әр аймағынан келген  ақындар сөз бен ой таластырды. Айтысты белгілі ақын Светқали Нұржан жүргізді.

Өнер орталығына халық көп жиналды. Жұртшылық айтыстың басталуын тағатсыздана күтті. Светқали Нұржан айтысты белгілі ақын Есенғали Раушановтың баһадүрге арнаған өлеңімен бастады. Батырдың елі мен жерін қорғаудағы ерлігі туралы айтты. Ал жазушы,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қажығали Мұқанбетқали, ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, жазушы Бегімбай Ұзақбаев, баһадүр туралы жыр жазған Сардарбек Қожағұл, айтыс ақыны Ринат Заитов айтыста қазылық етті. Ақындар Жалаңтөс баһадүрдің ерлігін жырға қосты. Бір-бірімен әдемі әзілдесіп, көпшіліктің көңілін көтерді. Ақтөбелік ақын Балтабек Нұрғалиев батырға арнаған өлеңін оқыды. Эстрада жұлдызы Қуандық Рахым ән айтып, жұртшылықты бір серпілтті.

Жарыстың соңында қазылар алқасының шешімімен Павлодардан келген Аспанбек Шұғатаев бас жүлде — 1 миллион теңгеге ие болды. Бірінші орын — 700 мың теңгені ақтөбелік Жәнібек Бейбітов алса, екінші орын — 500 мың теңгені Алматыдан келген Сырым Әуезхан мен ақтөбелік Нұрбол Жауымбай алды. Ал үшінші орын — 300 мың теңге ақтөбелік Оразбек Қиынбаев пен Оралдан келген Мұрадым Мейірлановқа бұйырды. Сондай-ақ Марат Ахметов, Жұлдыз Қожабекова, Нартай Тілеуқұл, Қайыржан Жұбаниязов 200 мың теңге ынталандыру сыйлығына ие болды. Батыр атындағы арнайы сыйлық — 500 мың теңгені қазір  Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ақтөбелік Данияр Алдаберген иеленді. Бас жүлде алған Аспанбек Шұғатаев ризашылығын білдіріп, төрт жол өлең оқыды.

Тоқсан түрін көрсе де түрлі азаптың,

Қазақтың маңдайында тұр ғажап күн.

Ақтөбеден екінші рет бас жүлде алдым,

Жүзге ұнадым, мыңға жақтым.

Ағайын, пейіліңе мың рақмет,

Жүректің шамшырағын жырға жақтың.

Ақтөбенің қазағы аман болса,

Ақындары өлмейді бұл қазақтың, — деді.

Қазылар алқасының мүшесі Ринат Заитов тыңдармандарға ыстық ықыласын білдірді. Баһадүрге арналған шаралардың ұйымдастырушысы, белгілі кәсіпкер Бақытжан Ержанов ақындарға алғысын айтты.

— Бүгін батыр бабамыздың ескерткіші ашылды, ас берілді. Ал кеште аламан айтысқа куә болдыңыздар. Ақтөбеде көптен айтыс ұйымдастырылмағанын ескеріп, еліміздің әр түкпірінен ақындарды шақырдық. Мақсат — батырдың есімін ұлықтау, жас ұрпақты өткенін ұмытпауға үндеу, адамгершілік, ізгілікке тәрбиелеу, — деді Бақытжан Ержанов.

 

Сондай-ақ ол қазылар алқасының барлық мүшесіне Жалаңтөс баһадүр атындағы төсбелгіні тақты.

Айтыстың соңында Қуандық Рахым ән салды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button