Спорт

Екі қадам қалған шақ

Премьер-Лига

Биылғы чемпионаттың аяқталуына екі қадам ғана қалды. Енді екі турдан соң маусымды қай команда қалай аяқтағаны белгілі болады. Ал әзірге…

Үштікті түйіндеп тұрған «Тобыл» тағы да жеңіліске ұшырап, 4-орынға түсіп қалды.

Ал 3-орынға, ұпайы бірдей болса да, қосымша көрсеткіштер бойынша «Ордабасы» көтерілді.

Рас, қостанайлықтардың бір ойыны кем. Олар сырт алаңда «Қайсармен» кездесіп, өз алаңында «Астана» мен «Ақтөбені» қабылдайды. Ал «Ордабасы» сырт алаңда «Атыраумен» ойнап, өз алаңында «Таразбен» күш сынасады. Бұл ретте артық өткізілетін бір кездесудің «Тобылға» қаншалықты пайдалы болатындығы жөнінде сәуегейлік айту қиын.

Алтын медальдан үміткер «Қайрат» пен «Астана» бұл турда үш ұпайдан олжалады.

Әзірге алматылықтардың екі ұпайы артық болғанымен, елордалықтардың бір ойыны кем. «Қайрат» сырт алаңда «Ертіспен» ойнап, өз алаңында «Атырауды» қабылдаса, «Астана» сырт алаңда «Оқжетпес» және «Тобылмен» күш сынасып, өз алаңында «Ертісті» қабылдайды. Бұл ретте де кімнің мүлт кететінін болжау мүмкін емес.

Ал биыл 5-орын «Жетісуға» бұйыратыны алдын ала мәлім болып отыр.

Қалған командалар енді 6-12 орындарға ғана жайғаса алады.

*   *   *

Бұл турда «Астана» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады.

Кеше ғана Еуропа Лигасы ойындары барысында голландиялық «АЗ Алкмаардан» 0:6 есебімен ойсырай ұтылған елордалықтар ақтөбеліктерді 5:0 есебімен ұтып, бір жетісіп қалды.

Және бір қызығы, бұл бес голдың төртеуін сол Голландиядағы кездесуге қатыспаған Марин Томасов соқты. Сонда маңдайға ұстаған «Астанамыздың» хорватиялық Томасовсыз күні қараң болғалы тұрғаны ма?!

Жалпы «Астана» Еуропа Лигасының топтық турниріндегі үш ойында да ұтылғаны өз алдына, қарсыластар қақпасына 1 гол ғана соғып (Рунар Сигурьонссон), өз қақпамызға 9 гол жіберіп алуы да сүйкімді көрсеткіш емес.

Биылғы Қазақстан чемпионатында осымен тоғызыншы рет ірі жеңіске қол жеткізіп отырған «Астананың» бұл кездесуіне 2400 жанкүйер ғана жиналуы да команданың беделіне сай құрмет деу де қиын.

«Астана»-«Ақтөбе» — 5:0

Гол авторлары: Марин Томасов, 22-минут (1:0); Марин Томасов, 45-минут (2:0); Марин Томасов, 49-минут (3:0), Марин Томасов, 55-минут (4:0), Серікжан Мужиков, 90-минут (5:0).

19-минутта Юрий Перцух («Астана») ескерту қағазын алды.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Рамиль Нұрмұхаметов, Виталий Волков, Есен Жасанов, Бағдат Қайыров (Асланбек Кәкімов, 54-минут), Александр Кицак, Жамбыл Көкеев, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли, капитан (Максим Самородов, 71-минут), Рустам Сахибов (Рустам Өксімбаев, 85-минут), Әділхан Таңжарықов, Рустам Темірхан.

Бас бапкер Александр Седнев.

27 қазан 2019 жыл, Нұр Сұлтан, «Астана Арена» стадионы, 2400 адам.

*   *   *

 Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Қайсар» (Қызылорда)-«Атырау» (Атырау) — 0:1

«Шахтер» (Қарағанды)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 2:2

«Жетісу» (Талдықорған)-«Тараз» (Тараз) — 0:0

«Ордабасы» (Шымкент)-«Ертіс» (Павлодар) — 2:0

«Қайрат» (Алматы)-«Тобыл» (Қостанай) — 2:0

*   *   *

Бұл турда 14 гол соғылды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. 2:0 есебі екі рет қайталанды.

24 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 84-минутта ойын ережесін бұзғаны үшін  Дарко Зорич («Оқжетпес») жасыл алаңнан қуылды.

Бір ойында Марин Томасов («Астана») 4 гол соқса, Артур Режиналдо («Шахтер») 2 гол соғып, дубль иесі атанды.

Шапшаң гол авторы — Артур Режиналдо, 5-минут («Шахтер»).

*   *   *

31-турдан соң турнир кестесіндегі жағдай төмендегідей.

1-3 орын иелері: «Қайрат» (65 ұпай), «Астана» (63 ұпай), «Ордабасы» (59 ұпай). «Ертісті» жеңген «Ордабасы» 3-орынға қайтадан көтерілді. Ал «Астананың» басқалардан бір ойыны кем.

4-6 орындардағы командалар: «Тобыл» (59 ұпай), «Жетісу» (52 ұпай), «Қайсар» (40 ұпай). Бұл турда ұтылып қалған «Тобыл» алғашқы үштікті тастап шығуға мәжбүр болды. Дегенмен «Тобыл» мен «Қайсардың» басқалардан бір-бір кем.

7-9 орын иелерінің орындары өзгерген жоқ: «Оқжетпес» (38 ұпай), «Шахтер» (35 ұпай), «Ертіс» (31 ұпай). «Оқжетпес» пен «Шахтердің» басқалардан бір-бір ойындары кем.

10-12 орындағы командалардың да орындары өзгерген жоқ: «Тараз» (26 ұпай), «Атырау» (23 ұпай), «Ақтөбе» (12 ұпай). «Атыраудың» басқалардан бір ойыны кем.

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

32-тур ойындары 3 қараша, жексенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Шахтер» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

«Ертіс» — «Қайрат»

«Тобыл — «Астана»

«Атырау» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Қайсар»

«Оқжетпес» — «Жетісу»

Ал 30 қазан, сәрсенбі күні бұрынғы турлардан кейінге ысырылған кездесулер өтеді:

29-тур. «Қайсар» — «Тобыл»

29-тур. «Шахтер — «Атырау»

25-тур. «Оқжетпес» — «Астана»

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button