Денсаулық

Жаңа жүйеге дайындық қалай?

Келер жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Облыс медицинасының осы жүйеге дайындығы қандай? Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында осы мәселе қаралды. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндама жасады.

— Соңғы төрт жылда медициналық сақтандыру жүйесін енгізу үшін дайындық жұмыстары жүрді. Жаңа ғимараттар салынды, ескілері күрделі жөндеуден өтті, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды, кластер құрылды.  Бәсекелестікті дамыту үшін жеке медициналық ұйымдардың кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесін қолдануына мүмкіндік берілді.  Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында заманауи жаңа ғимараттар бой көтерді. Осы жұмыстардың барлығы 3-4 жылдың ішінде жасалды. Қазіргі күні облыс халқына 451 денсаулық сақтау мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 46-сы стационарлық көмек береді, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ жұмыс жасайтын тұрғындардың саны әлі анықталып жатыр. Бүгінгі күні 96 мың 186 адам тіркелген. Жалпы елімізде тұрғындардың 76 пайызы бейресми жұмыспен қамтылған. Әсет Қалиев жаңа жүйені енгізудегі тағы бір мақсат, жалпы тәжірибелік дәрігердің жүктемесін азайту екенін айтты. Осы орайда  облыста 43 дәрігерлік учаске жаңадан құрылған. Кадр тапшылығын азайту үшін де арнайы жұмыстар қолға алынған. Биыл медициналық университеттің 122 түлегі облыстың медициналық ұйымдарына жұмысқа орналасқан. Оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігер саны — 37. Жиында басқарма басшысы осы және өзге де атқарылған жұмыстарды баяндап, жаңа жүйенің тиімділігін түсіндірді. Депутаттар медициналық көмек алуда тұрғындар тарапынан түскен шағымдар бойынша және жаңа жүйеге қатысты сұрақтар қойып, ескертулер берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button