Ауыл

Басты мақсат — азық-түлік молшылығын жасау

Алдағы жексенбіде еліміздің ауыл шаруашылығы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді.

Егіс алқаптарында, фермаларда, шалғайдағы шабындықтарда диқандар мен малшылар, механизаторлар күні-түні еңбек етіп, уақытпен санаспай, халық игілігін молайтуға үлес қосуда. Олардың өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ұмтылыстары жоғары бағалауға лайық.

Біз осы мереке қарсаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдан өзі басқарып отырған саланың бүгінгі ахуалы туралы айтып беруін сұрағанбыз.

Сонымен…

Ілгерілеуге негіз бар

Облыста мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуда ілгерілеу нышандары байқалуда, жоғары технологиялық жобалар жүзеге асырылып, кәсіпорындарды жаңғырту қолға алынуда. Мұның барлығы да агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің алдына Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған ауқымды міндеттерді орындауға сенімділік береді.

Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасы үшін өте маңызды роль атқарады. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Экономика біздің саламызда өндірілетін өнімге, оның сапасына тікелей байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің еңбегі жоғары бағалауға лайық. Біз бәріміз бірге мүдделілік танытып, ынтымақтастықпен еңбек еткенде ғана облыс тұрғындарын сапалы және экологиялық таза өнімдермен барынша жоғары деңгейде қамтамасыз ете аламыз.

Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті болуы үшін мемлекет бұл салаға белсенді түрде инвестиция жасауда, елеулі проблемалардың шешімін тауып, заңды негізде ауқымды шаралар қабылдауда.

Агроөнеркәсіп кешенін қолдау мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды міндеті болып табылады, мұның барлығы тұтастай алғанда кешеннің жаңа кезеңіне қарай серпін береді. Мемлекет агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларын барынша қолдап қана қоймайды, сондай-ақ сала қызметкерлерін де ынталандырады. Бұған олар лайық та. Егер олар, яғни өз жерінің нағыз патриоттары болмаса, біз қазір күн сайын тұтынып жүрген азық-түлік молшылығына қол жеткізбеген де болар едік.

Мал шаруашылығы: өсім 3-0% аралығында

Мал шаруашылығы саласы облыс аумағында тұрақты және үдемелі түрде дамып келеді. Өнім өндірудің жыл сайынғы өсімі үштен он пайызға дейінгі аралықты құрайды.

Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде тауар өндірушілер өздерінің қызметтерін кеңейтуге мүмкіндік алып отыр және бұған ынталылық та танытуда.

Мәселен, Ақтөбе қаласындағы «ADM Investment» ЖШС жеңілдетілген несие есебінен 2020 жылға қарай тауық жұмыртқасы өндірісін жылына 200 миллион данаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорынның қуаттылығы 160 миллион шамасын құрап отыр.

Алға ауданындағы Маржанбұлақ селосында орналасқан «Ұлан» ЖШС жылына 80 миллион дана жұмыртқа беретін құс фабрикасы құрылысын жүргізуде. Бұл айтып отырғанымыз — облыс аумағындағы көптеген ірі жобалардың екеуі ғана.

Жалпы алғанда, өңірде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Аталған жұмыстармен осы шаруаға ынталы, іскер азаматтар шұғылдануда. Кешегі қиындау жылдарда бұзылған немесе қараусыз қалып қойған бірқатар фермалар қазір қайтадан қалпына келтірілуде. Бұл да, бір жағынан алып қарағанда, тәуекелдің ісі.

Жаңа істі қолға алушылар заманауи құрылыс материалдары мен технологияларын пайдалана отырып, ескі нысандарға жаңа түр беруді көздейді. Сондай-ақ осы ауқымда энергияның баламалы көздерін кеңінен пайдалану ойластырылуда. Былайша айтқанда, кешегі күні мүмкін болмаған бірсыпыра жайлар бүгінгі күні адам игілігіне пайдаланылуда. Яғни күн, жел мен су күшімен шалғай елді мекендердегі малшылар ауылына жарық беріледі.

Экспорттық әлеует

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы өңірдің экспорттық әлеуетін көтеруге бағытталған. Осы ауқымды міндеттерді орындау үшін біз асылтұқымды мал шаруашылығын жақсартуға тиіспіз. Биылғы жылдың соңына дейін шетелдерден жоғары өнімділіктегі 16 мың ірі қара әкелуге тиіспіз. 12,5 мың малды әкелу шарасы мақұлданып, қазір жүзеге асырылуда.

Фермерлердің «Сыбаға» бағдарламасына қызығушылығы түсінікті әрі заңды да. Оның шарттары қай жағынан да тиімді. Несие түріндегі қаржы 15 жылға және барлығы 5-6% жылдық үстемемен беріледі.

Біздің өңір биылғы жылы шетелдік рынокқа 4 мың тонна сиыр етін және 200 тонна қой етін шығаруға міндеттенді. Бүгінгі күнге дейін Ресейге және араб елдеріне 2,5 мың сиыр еті және 165 тонна қой еті жөнелтілді.

200 тоннадан астам сиыр етінің сынамалық партиясы Қытайға жіберілді. Біз осылайша жаңа нарықты игеруге кірістік.

Қой шаруашылығын одан әрі дамытудың, олардан алынатын өнім көлемін молайтудың да бізде мол мүмкіндіктері бар. Бұл ретте жайылымдықтар мен басқа да пайдаланылмай жатқан резервтер жеткілікті.

Сөз реті келгенде айта кетейік, биылғы жылы өнім өткізу рыногын ұлғайту нәтижесінде қой шаруашылығы өнімдері бағасы көтерілді. Осылайша бұрыннан келе жатқан атакәсібіміздің игілігін көру жолы ашылды.

Шалқар ауданындағы «Нұралы» шаруа қожалығы осы бағытта нақты жұмыстар атқаруда. Қожалық мүшелері өңірде ірі қой шаруашылығы фермасын құруды жоспарлауда. Бұл ретте шалқарлықтар Қарағанды облысындағы «Жеңіс» ЖШС-нің үздік үлгісін қолдануда. Аталған пилоттық жоба қой өсірудің арендалық әдісі жұмыссыздықты елеулі түрде азайтып қана қоймай, сонымен бірге жұмысшы қолы жетіспеушілігі мен жайылымдық қардарлығы проблемаларын оңтайлы шешуге болатындығын көрсетті. Бұл облыс аумағындағы ілгері ізденістердің береуі ғана.

Біз нарықтық экономика жағдайында тіршілік етудеміз, сондықтан да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер жұмыстың формалары мен әдістерін өздері таңдайды. Біздің басқарма оларға қолдау жасайды, көмек көрсетеді. Біздер саланың тиімділігін арттыруға бағытталған кез келген бастамаға қолдау жасаймыз, өйткені барлығымыз үшін де түпкі нәтиже маңызды.

Бұрын біз қазақ қойға араб елдерінде сұраныстың жоғары екендігін айтқанбыз. Бірақ оларға қажеті майсыз ет болып шықты. Сондықтан да біздің кейбір кәсіпкерлер бірыңғай етті бағыттағы қой өсіруге назар аударуда.

Сұраныс бар жерде ұсыныс та міндетті түрде табылады. Өңірде жасанды ұрықтандырумен шұғылданатын фирмалар пайда болды. Алдағы қараша айының басында Ырғыз ауданындағы «Наурыз СИМ» ЖШС және Хромтау ауданындағы «Сұлтан» шаруа қожалығы базасында жергілікті тұқымдағы қойларды жасанды ұрықтандыру жұмыстары басталады. Егер бұл жұмыстардың нәтижесі оңды болып шықса, алдағы уақытта оның кеңінен қанат жаяры сөзсіз.

Тағы бір қуатты ішкі резервіміз — жылқы шаруашылығы. Біздің аймағымызда экологиялық таза жылқы етін дайындау үшін табиғи жағдайлар қолайлы, бұл өз кезегінде өзіндік құнды да арзандатуға мүмкіндік береді.

Атап айтатын болсақ, біздің өңір асылтұқымды жылқы саны жөнінен елімізде көш бастап тұр. Ақтөбе облысы бойынша асылтұқымды жылқы үлесі 17 пайызды құрайды, ал еліміз бойынша бұл көрсеткіш 10 пайыз шамасында ғана.
Біздің облысымыз — жылқының Мұғалжар тұқымының отаны, бұл жөнінен даңқымыз біраз жерге тараған деуге болады.  Шынын айтсақ, made in Aktobe белгісіндегі құлындар нарықта үлкен сұранысқа ие. Алдағы 2020 және одан кейінгі жылдарға басқа аймақтардан осы тұқымның асылтұқымды құлындарына көптеген өтінімдердің түсуі осының куәсі.
«Мұғалжар жылқысы» ЖШС және Алға ауданындағы «Жансая» шаруа қожалығы аталған тұқымды тиімді өрістетіп келе жатқан шаруашылықтар болып табылады.

Егер өнеркәсіптік мал шаруашылығы туралы айтатын болсақ, облыста 26 мың ірі қара бір мезгілде бордақыланатын 6 алаң жұмыс істейтінін айтсақ та жеткілікті. Олардың ішіндегі ең өнімдісі қуаттылығы 11 мың мал ұстауға мүмкіндік беретін «АкТеп» ЖШС мал бордақылау алаңы. ЖШС Алға қаласында «Ақтөбе ет кластері» ЖШС германдық технология бойынша экспортқа бағытталған заманауи тереңдетіп өңдеу ет комбинатын іске қосты. Қазіргі уақытта оның өнімдеріне сұраныс өте жоғары.

Тағы бір атап өтерлігі, мұнда қалдықсыз технология жүзеге асырылған. Малдың сүйегі мен тұяғы, тіпті мүйізіне дейін пайдаланылады, ет қалдықтарынан иттер мен мысықтарға азық дайындалады.

Осы өндіріс орны және басқа да шағын, орташа және ірі бизнес нысандары мемлекеттің қолдауынсыз мұндай дәрежеге жетпеген болар еді.
Су — тіршілік көзі
Тәуекелді аймақтағы егіншілікпен шұғылданатын диқандар үшін биылғы жылдың нәтижелері нашар болды деп айта алмаймыз. 2015 жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен басталған суармалы жерлерді қайта құрылымдау мен қалпына келтіру жұмыстары кейін Еуропа қайта құру және даму банкі несиесі қолдауымен кең ауқымда өріс алып, қазіргі уақытта табысты түрде жалғасын табуда.

Биылғы жылы Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Алға аудандарында және Ақтөбе қаласында 8 340 га аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Осы жұмыстар ауқымында аталған жобаның алдағы жылы да жалғасын табатыны сөзсіз. Яғни аталған аудандарда тұрақты суландыруды қамтамасыз ететін 10 646 га аумақты қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл ретте Қобда және Ойыл аудандары да қамтылмақшы.

Жайылма суару жүйесін де қалпына келтірудеміз. Бұл ретте 25 мың гектар алқаптың жобалық-сметалық құжаттамалары, техникалық және су төлқұжаттары әзірленді. Бұл жерлерді іске қосу бізге ауыл шаруашылығы жалпы өнімі мөлшерін ұлғайтуға және мал азығын дайындау жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 10 ірі су қоймасының құрылысы үшін техникалық-экономикалық негіздемелер дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруалар жүзеге асқан кезде бізге  Хромтау, Темір, Ойыл, Мәртөк аудандарында және Ақтөбе қаласы аумағында тағы да 32 мың гектар жерді айналымға қосуға мүмкіндік туады.

Егін орағы нәтижесі

Егін салу ісі әдетте тәуекелмен қатар жүреді. Биылғы көктемге мол үміт артқанбыз. Бізде шілде айы қиындықтар тудырды. Бір ай бойы ауаның температурасы 40 градустан төмен түскен жоқ. Құрғақшылық өз әсерін тигізді. Содан да егін өнімділігі былтырғыдан төмен болды. Әсіресе, Қостанай облысымен шекаралас Әйтеке би ауданының диқандары ауа райы қолайсыздығынан көп зардап шекті.

Алайда біздің диқандарымыз қол қусырып отырып қалған жоқ. Олар мол өнімнің оңайлықпен келмейтінін жақсы түсінеді. Сондықтан да олар тұрақты түрде жоғары өнім алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Олар бұл үшін жаңа технологияларды енгізіп, машина-трактор паркін жаңарту қажеттігін жақсы түсінеді.

Бүгінгі күні келер жылдың егісі үшін 248 мың га жер әзірленді, 8 100 га алқапқа бидайдың күздік сорты, басқа да өнімдер себілді.

Мемлекеттік қолдау: деректер келтірсек…

Мемлекет біздің салалық министрлік арқылы аграршыларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Биылғы жылы көктемгі егіс және өнім жинау жұмыстарын жүргізуге Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жеңілдікпен 17 мың тонна дизель отыны, литрі 175 теңге бағамен бөлінді. Сондай-ақ, мемлекеттен гербицидті субсидиялауға 383 миллион теңге, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 280 миллион теңге бөлінді. Бұл, шынын айтқанда, диқандар қауымы үшін үлкен қолдау болды.

Инвестициялық субсидия есебінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 4 миллиард 557 миллион теңгеге 389 жаңа техника алды. Оның ішінде тракторлар мен комбайндар, қуатты егіс салу кешендері, жем таратқыш, топырақ өңдегіш және суландыру агрегаттары бар. Шамамен 2 миллиард теңгеге «ҚазАгроҚаржы» негізгі жеткізуші арқылы лизингке техника сатып алынды. Тауар өндірушілер өздерінің 1 миллиард 200 мың теңге қаржысын техника алуға жұмсады.

Не ексең — соны орасың

Биылғы жылы тұқым дайындаушы шаруашылықтар қатары екі жаңа компаниямен толықты. «АкТеп» ЖШС голландық селекциядағы картоп тұқымын әзірлеп, өткізуге құқық беретін аттестациядан өтті. Таяу маңда Мәртөк ауданындағы «Родники-Агро» ЖШС дәнді дақылдар бойынша тұқым шаруашылығы мәртебесін алуға аттестациядан өтпекші.

Облыста барлығы 6 тұқым дайындайтын шаруашылық жұмыс істейді. Серіктестіктердің өз мүмкіндіктерін дамытып және көтеруге ұмтылыстарын тек қана қолдау қажет. Мұндай ұжымдар көбейген сайын тұқымдардың өнімділігі де арта түседі. Ең бастысы, диқан қауымы тұқым таңдай алады, ал бұл өз кезегінде тұқым шаруашылығын жақсартуға және өнімділікті көтеруге септігін тигізері анық.

Мал азығы маңызды

Суландыру тақырыбына келетін болсақ, суландыру жүйесі мемлекеттік қолдау есебінен ғана енгізіліп жатқан жоқ. Өнім өндірушілер мал азығы қорын жасап алмай, мал шаруашылығын дамыту мүмкін еместігіне көздерін жеткізді. Сондықтан да олар өздерінің меншікті қаржылары есебінен суландыруға қажетті арнаулы техникаларды алуға мүдделілік танытуда.

Алға ауданында «АкТеп» ЖШС суармалы жерлерді 700 га-ға дейін ұлғайтуға және кеңейтуге жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде. Мәртөк ауданында «Коминтерн» ауыл шаруашылығы өндірістік құрылымы да осындай бастаманы қолға алуда.

Мұғалжар ауданында 60 га суармалы алқап пайдалануға берілді. Мұнда көп жылдардан бері жерді суландыру арықты пайдалану арқылы жүзеге асып келген еді, енді жаңбырлатқыш қондырғылар өз тиімділігін көрсетуде.

Шаруашылықтар картоп өсіруге де көбірек көңіл бөле бастады. Әсіресе, Мәртөк және Қобда аудандарында картоп алқаптары соңғы жылдары айтарлықтай көбейе түсті. Еңбек адамдары жер құнарын тиімді пайдалануға назар аудара бастады. Соның нәтижесінде олар пайдаға да қол жеткізуде.

Дәнді-бұршақты дақылдар, жүгері, жоңышқа және мақсары

Қарғалы ауданындағы «Диленд» және Мәртөк ауданындағы «Родники-Агро» ЖШС-лары ауыспалы егіске ылғи да дәнді-бұршақты дақылдарды қолданады. Агрономдар бұл дақылдардың топырақты азотпен байытатындығын алға тартады.

Мал азығы рационы да молая түсті. 228 мың гектарға түрлі азықтық дақылдар егілді, оның ішінде жүгері де бар. Бұрын малға бірыңғай судан шөбі, ішінара жоңышқа ғана берілетін.

Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» ЖШС ангус тұқымды 500 ірі қара сатып алды. Оларды азықтандыру үшін мұнда жүгері егілді. Бұл сапалы азықтық тұқымды Алға және Қобда аудандарында да еге бастады.

Мәртөк ауданындағы «Айс» ЖШС 2 мың гектарға жоңышқа екті. Жазғы суару нәтижесінде одан үш рет өнім алынды. Алдағы желтоқсан айында компания ұнтақталған жоңышқа дайындайтын құрама жем зауытын іске қоспақшы. Бұл өнімге қазірдің өзінде шетелдік тұтынушылардан сұраныс түсуде.

Мақсары өсімдігі де бірте-бірте пайдаға жаратыла бастады. Облыстық тәжірибе станциясының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Айбатша Жұбанышева көп жылдан бері мақсары өсірумен шұғылданып, оны өндіріске енгізіп келеді.

Мақсары, рапс, күнбағыс және басқа осы тектес өнімдер Хромтау ауданындағы май экстракционды зауытында өңделеді.

Топжарғандар

Биылғы жылы Мәртөк ауданындағы «Родники-Агро» және Қарғалы ауданындағы «Жосалы-Агро» ЖШС-лары әрқайсысы 1 миллиард теңгеге жоғары өнімділіктегі заманауи техникаларды сатып алды.

2019 жылдың егіс орағы үздіктері де Қарғалы және Мәртөк аудандарының шаруашылықтары болды. Олар жер өңдеу технологиясын сақтап, жоғары кондициядағы тұқымдарды ғана пайдаланады, техникалық парктерін үнемі жаңартып отырады. Соның нәтижесі оларды жоғары көрсеткіштерге жеткізді. Мұндай прогрессивті шаруашылықтар қатары алдағы уақытта да көбейе түсетіні сөзсіз.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button