Басты жаңалықтар

Хромтаулық кәсіпкер қойшысына 300 мың теңге жалақы төлейді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барды.

Облыс әкімі алдымен «Казхром» ТҰК» АҚ «Дөң тау-кен байыту комбинаты» филиалы «Қазақстан тәуелсіздігіне — 10 жыл» шахтасының жұмысымен танысты. Комбинат директоры Виктор Тиль атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын баяндады. «Қазақстан тәуелсіздігіне — 10 жыл» шахтасы – негізгі цехтардың бірі. Шахта құрылысы 1978 жылы «Алмаз‒Жемчужина», «Миллионное», «Первомайское» және «№21» кен орындарында басталды. Алғашында «Центральная» деп аталған. 2001 жылы қуаты жылына 2 миллион тонна болатын кен іске қосылды. Тәуелсіздік мерейтойына байланысты шахта «Қазақстан тәуелсіздігіне — 10 жыл» деп аталды. Қазір шахтада екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Тереңдігі 900 метр болатын кен орнында жаңа технология қолданылады. Өндірілген өнімнің негізгі бөлігі Ақтөбе мен Ақсу ферроқорытпа зауытына жіберіледі. Дөң тау-кен байыту комбинаты өндіретін және өңделетін хром кенінің сапасы әлемде теңдесі жоқ.

Облыс әкімі шахтаға түсіп, кеншілердің жағдайын көзімен көрді, тілдесті. Қазір мұнда орташа еңбекақы көлемі — 216 мың теңге.

Сондай-ақ облыс әкімі  Самара-Шымкент тасжолының  бойында орналасқан «Аманат» кемпингінің жұмысын көрді. Бұл жерде жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Дәріхана, дүкен, наубайхана, монша және 30 орындық қонақүй бар. Жазда күніне  мыңға жуық жолаушы осы жерде тынығады. Оңдасын Оразалин кемпинг иесі Серік Оразымбетовтен шаруашылық жайын сұрады. Қонақүй мен дүкендердің ішін көріп, жұмысшылармен сөйлесті. Қазір кемпингте 30-ға жуық адам еңбек етеді. Ең төменгі жалақы мөлшері — 120 мың теңге.

Кемпинг қожайыны Серік Оразымбетов Ауған соғысына қатысқан. Он бес жыл шахтада жұмыс жасапты. Осыдан 20 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, екі аяғы сал болып, жүре алмай қалады. Бірақ ерік-жігері мықты. Ешкімнен көмек сұрамай, кәсіп бастауды жөн көреді. Осылайша 2011 жылы жол бойынан шағын кафе ашады. Екі-үш жылдың ішінде жанармай бекеті мен көлік құралын сататын дүкен ашады. Осылайша ісі дөңгеленіп жүре береді. Еңбек еткен адамды мемлекет қашан да қолдайды.  Облыс әкімдігі «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша, 4,5 миллион теңгеге газ тартып береді. Ал қалған шаруаны Серіктің өзі жасап алады. Шаруашылық бір ізге түскесін Серік мал өсіруді ойлайды. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Данияр» шаруа қожалығын ашады.

— Малда береке бар. Қой өсіріп, шаруашылықты ұлғайтқым келді. Осылайша Ырғыздағы Хамит Өтеуовтен еділбай қойын сатып алдым. Қазір саны үш мыңға жетті. Алты қойшы бар. «Мал баққанға бітеді» демекші, оның көбеюі бағушыға байланысты. Қазір мал өсіру оңай емес. Ұрлық көп. Сондықтан қойшыларға бар жағдайды жасауға тырысамын. Аға шопанның еңбекақысы — 300 мың теңге. Көмекшілері 150-250 мың теңге аралығында айлық алады. Әрқайсысы 500-600 қойды жаяды. Баспаналары бар. Егер екі жыл жұмыс жасаса, үйді өздерінің атына аударып алады. Болашақта малдың санын көбейткім келеді, — деді Серік Оразымбетов.

Қожалық жұмысын жүргізуге балалары көмектеседі.

Облыс әкімі Дөң ауылының маңындағы  қожалыққа барып, шаруашылықты көзімен көрді. Қойшылардың жағдайын сұрады. Аға шопан Мұрат Бекетаев 300 мың теңге айлық алатынын, қойды ит-құсқа жем қылмай бағатынын айтты.

—  Бұрын Құдықсай деген ауылда тұрдым. Ұжымшардың уақытында мал бақтым. Мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы білемін. Былтырдан бері осы қожалықта жұмыс жасаймын. 700 қой бағамын. Жағдайым жақсы. Отбасым бар. Еңбекақымды уақытында төлеп тұрғаннан кейін бар күшімді салып бағамын. Ұрлатпауға, ит-құсқа жем қылмауға тырысамын, — деді Мұрат.

Қожалық басшысы биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы  бойынша 27 миллион теңгеге 700 қой сатып алған. Биылғы мал азығы да дайын. Қойлар түрлі ауруға шалдықпас үшін аудандағы мал дәрігері тексеріп тұрады. Былтыр он шақты қой айналмаға ұшырағанда бірден екпе салыпты.

Айлығын уақытында алып отырса, үйі болса,  неге жұмыс жасамасқа? Еңбек етемін деген адамды мемлекет ескерусіз қалдырмайды. Көмек береді. Ең бастысы, ерінбеу керек.  Тұрмысын түзеймін деген түрғындарға қолдау көрсетуге әзірміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес» деген сөзінде терең мән бар. Сондықтан  осы бағытта жұмыстарды күшейту керек , — деген облыс әкімі 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырған Серік Оразымбетовтің ісіне сәттілік тіледі.

Аудан әкімі Нағымжан Алдияровқа ауылдардың сыртқы келбетін реттеуді, көгалдандыру жұмысын қолға алуды тапсырды.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button