Басты жаңалықтарӘлеумет

Тренингке бардың ба, Тәуір ақша бердің бе?

Соңғы жылдары елімізде түрлі тренингтер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетті. Мыңдаған адамды жинап алып, үлкен залдарда тренинг өткізу сәнге айналды. Қатысуының өзі әжептәуір қаражатты қажет ететін осындай жиындарға халық барғыш-ақ. Соған қарағанда тренинг трендке айналып кетті десек те болады. Әлде қоғам талабы ма? Мүмкін қажеттілік болар?..

«Тренинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «жаттығу, үйрету» дегенді білдіреді. Анығы, ақыл-ойыңды жетілдіру. Тарихқа үңілсек, оқытудың сатылап дамуы сонау мыңдаған жылдар бұрын басталған. Ал тренинг өткізуді алғашқылардың бірі болып психологиялық кітаптардың авторы Дейл Карнеги қолданыпты. Ол 1912 жылы көпшілік алдына қысылмай шығу, кібіртіктемей сөз сөйлеу, өзіне сенімді болу, адамдар арасындағы қатынасты оңтайландыру дағдыларын үйрететін «Dale Carnegie Training» орталығын құрған. Мұндай тренингтер әлі күнге дейін өткізіліп жүр.

Белгілі әлеуметтік психолог Курт Левин де 1946 жылы әріптестерімен бірге тренингтік топтар құрып, қатысушылардың топпен жұмыс барысында түрлі жаттығулар мен талдаулардың нәтижесінде уайымдары сейіліп, жақсы әсер алатынын байқады. К.Левиннің шәкірттерінің табысты жұмыстары АҚШ-та Ұлттық тренинг зертханасын құруға себепші болды. Тренинг тарихы осылайша жалғасын таба берді.

Кеңес дәуірінде 1981 жылы Ресейде белгілі психолог А.Егидестің жетекшілігімен «Маленький принц» атты клуб құрылып, алғашқы психологиялық тренингтер өткізіле бастады. 1986 жылы маусымда Мәскеуге Америкадан Эрхард Вернердің келуі тренинг тарихында үлкен оқиға болды. 1990 жылдары Ресейде тренингтердің дәурені жүре бастады. Осы уақытта біздің елге де әуелі психолог мамандар келіп, тренингтер өткізе бастады.

Ал қазір елімізде тренинг өткізетін 200-ге жуық орталық бар. Бұл тіркелгені ғана екен. Интернетте атына сай еліміздегі барлық тренинг орталықтарын жинақтап отырған бір сайт бар. Алайда ол жердегі ақпараттың бәрін тек орыс тілінде ғана алуға болады. Бұл жерде тренинг орталықтар мен тренерлердің кестесі орналасқан. Таңдау еркіңіз — өзіңізде. Бұл сайтқа тіркелмегені қаншама? Оған шетелден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Ақылы болғанына қарамастан, сондай тренингтерге баратындар да күн сайын көбейіп отыр. Әрине, мұндай білікті мамандардың жиындарына бір-екі рет барып, ақылына ақыл қосып, тәжірибесіне тәжірибе қосып жататындар некен саяқ. Бір анығы, тренинг кәдімгідей «эпидемияға» айналып үлгерді. Неліктен?

Статистикаға сүйенсек, адам ақпараттың 70 пайызын ойын түрінде еркін  қабылдайтындығы анықталған. Ал көру арқылы 25 пайыз, кітап оқу арқылы 10 пайыз, есту арқылы 5-ақ пайыз қабылдайды екен. Осы дерекке сүйенсек, оқытудың бір әдісі — тренингтерде берілетін ақпарат жеңіл қабылданатынға ұқсайды. Себебі мұнда дәріскер тек дәріс оқып қана қоймайды, сабақтың бір бөлігі жаттығу, ойын, тапсырмалар орындау түрінде өтеді.

Осы орайда біз психолог Ләззат Қонарбаевамен әңгімелескен едік.

— Әлеуметтік қиындықтардан ба, әлде басқа жағдай ма, қазір адамның күйзеліске ұшырауы жиілеп кетті. Алайда психологтың көмегіне жеке дара барып жолығатындар саусақпен санарлық. Осы тұста жан дүниесінен тұрақтылық іздеген адамдар үшін үлкен топтарға арналған психологиялық тренингтер көмекке келді. Әрине, мұндай тренингке барғандардың бәрі өмірден баз кешкен адамдар емес, қазір адамдар өмірінде болып жатқан бір жағдайларды шешу мақсатында өзін-өзі танып, іс-әрекеттерін талдап, зерттеу керек екенін түсіне бастады. Негізі адамдардың өзіне қатаң талап қойып, үнемі ізденісте, даму үстінде болуы маңызды. Қажет деп ойлаймын. Тренингтердің бағыттары да сан алуан. Ең танымалы — әлеуметтік-психологиялық, табыс табуға, бизнес бастауға арналғаны. Біріншісі — ішкі, екіншісі — сыртқы қажеттіліктен туындайды. Нарық заманында сұраныс болғасын, ұсыныс та болады. Ең қорқыныштысы, бірінші топқа әйелдер мен жастардың көп баратындығы, — деп бастады психолог әңгімесін. Оның айтуынша, қаптаған түрлі тренингтерге барған адамдардың ақпаратты қабылдауы мінезіне, темпераментіне де байланысты.

Психологтың пікіріне сүйенсек, адам ең әуелі ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзіндегі ішкі мәселелерді шешіп алғанда, психолог пен тренингті саналы түрде таңдап, қабылдай алады. «Мұндай ішкі жан дүниесі қалыпты адам тренингтерден алған әсерін ұзақ мерзімге жадында сақтайды. Дұрыс тренингке барған адамдарда бір серпіліс пайда болады, шабыттанады, сол әсермен біраз шаруалар тындыруы да мүмкін. Алайда тренингке дейін кездескен кедергілерге қайта кездескенде, «өткендегі тренингтің түк пайдасы жоқ» деп ойлайды. Әркімнің ақпарат қабылдауы әртүрлі, сондықтан да біреулер бір тренингтен кейін-ақ өміріне өзгерістер енгізіп жатады. Ал кейбіреулер бірнеше тренингке барса да, еш нәтиже бермеуі мүмкін. Сәнге айналған тренингтердің жетегінде жүргендердің біразы жауапкершілікті өзіне алуға дайын емес жандар», — дейді Ләззат Қонарбаева.

— Осындайда адамдар уақыттарын текке өткізіп алмау үшін, өздеріне не керек, не қажет екенін біліп алғандары абзал. Тақырып қандай, өткізіп жатқан тренер кім, бәрін білу маңызды. Соны анықтап алып, таңдау қажет. Әйтпесе, қазір маркетинг, жарнама жақсы дамыған, жұрттың айтқанына еріп кету оңай ғой, — деп кеңес береді психолог.

Тақырыпқа орай біз педагог-тарихшы, бірнеше жылдан бері «Отбасы хрестоматиясын» насихаттап жүрген Айшуақ Дәрменұлының да пікірін білген едік.

— Сүйікті кәсібімен он жылдан бері айналысатын зергер, осы уақыт ішінде мамандығына тікелей қатысты елуден астам арнайы әдебиет оқып және мықты шеберлерден сабақ алып тәжірибеден өтсе, мысалы ол білезік соғудың қас шеберіне айналады. Мықты балуандар да жиі-жиі арнайы жиын өткізіп, атақты ұстаздың басшылығымен тер төгіп, әдіс-тәсіл қолдануды жетілдіріп отырады. Осындай тұрғыдан қарасақ, әрине, тренинг қажет. Ал таяқтың екінші ұшы да бар. Баяғыда Аристотель «Адам деген қоғамдық жануар, тек оның ақылы бар» деген екен. Бірақ өз ақылымен алаңсыз өмір сүретін адамдар көп емес. Кітапты көп оқығандардың пікіріне сүйенсек, «адамзаттың үш проценті идеямен өмір сүреді, қалғаны сол идеяның соңынан ереді» дейді. Уыстап ақша төлеп, «несін айтасың, әулие екен» деп жүздеген адам топырлап барып, жыланға арбалған торғайдай біреудің бетіне телміріп отырғанын көргенде таң қаласың. Тренингті өткізіп отырған кісі сол саланың майталман маманы емес, көлденең көк атты біреу. Мұны тобырлық психология демеске лаж жоқ, — дейді А.Дәрменұлы.

Үлкендер «қазақтың өзінен асқан психолог жоқ» деп айтып отыратынын еститінбіз. Алайда, «ауылдағының аузы сасық» демекші, бірдеңе болса, өзіміздің салт-дәстүріміз бен ділімізбен үндесіп жатпаса да, шетелдіктердің әдістерін тықпалайтын әдетіміз бар. Оның үстіне, көпшілікке ақыл айтып, кеңес беріп жүрген шеберлердің өмірлері сол өздері айтып жүргендеріне сай ма? Бұл туралы Айшуақ Дәрменұлы былай дейді:

— Қазақта ескіден келе жатқан сөз бар. «Ішікті айналдырсаң жүні шығады, ішекті айналдырсаң жыны шығады, әйтеуір айналдыра берсең, періштенің де міні шығады» дейді. Бірнеше мысал айтайық. «Бала және оған қамқорлық көрсету» атты бестселлердің авторы Бенжамин Споктың өзінің туған баласы мен немересі нашақорлық зардабынан өлген. 1936 жылы шығып, әлемге кең танылған «Адамдарды қалай жаулап алуға және қалай әсер етуге болады» кітабының авторы Дейл Карнеги отбасы мүшелерін қуып жіберіп, жалғыз қалғанда сырқатының бейнетіне шыдамай атылып өлген. АҚШ-та «Некені қалай сақтау керек?» кітабының авторы Дерек Медине әйелін сегіз оқпен атып өлтіріп, өмірлік түрмеде отыру жазасына кесілген. XX ғасырда педагогикалық тәрбие саласында революция жасаған әрі бала тәрбиесіне қатысты бірнеше кітаптың авторы, итальяндық педагог Мария Монтессори некесіз тапқан баласы Марионы басқа отбасына тапсырып, он жылдан соң өз баласын қайта асырап алған екен. «Қалай бақытты болуға болады?» бестселлерінің авторы Чхве Юн Хи қатты күйзеліске ұшырап, эвтаназия арқылы өмірмен қоштасқан. Тағдырлары солай шығар, жазғырудан аулақпыз. Осы адамдардың ілімін біреу мадақтап жатқанда, «әулие болса өзін неге жарылқамады» деген ұры ойдың құлағы қылтиып тұрады. «Шам жарығы түбіне түспейді» дейді ғой. Мінберден қазақ тілінің мүшкіл хәлі туралы күңіреніп сөйлейтін, өз балалары ана тілінен мақұрым кейбіреулер еске түседі. 

Бұрын қызға анасы, келінге енесі, әулетке ақсақал ақылын айтып, жөн сілтеп отыратын. Қазір бұл шаруамен заманауи көсемдер мен шешендер айналысып жүр. Ал өмірін жақсартқысы келетін әйелдер олардың әңгімелеріне үйіріле кетеді.

Осындай коуч-тренерлердің көшін танымал айтыскер Айнұр Тұрсынбаева бастап тұр. Ақынның құрсаққа баланың бітуі, ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынасын, жанжалын сөз еткен семинары мен өмірден түйгендерін тыңдап жүргендердің саны артқан. Әлеуметтік желіде Құралай ханым деген атпен таныла бастаған тағы бір коуч-тренердің қыз-келіншектерге арналған шеберлік сабақтары жүз мыңдаған қаралым жинап жүр. 19 жасында жеке кәсіпкер атанып, еліміздегі тұңғыш тренинг орталығын құрған Аманжол Рысмендиев өткізіп жүрген жиындарға кіру едәуір қаражатты қажет етсе де, мыңдаған орындық залда бос орын болмайды екен. Санамалайтын болсақ, мұндай коуч-тренерлер жетіп артылады.

Бұрын көп нәрсенің жауабын абыздар айтатын болса, қазір жетістікке жетіп жүргендер арасында өз өмірінен өнеге өретіндер көп.

Жалпы тренингтің пайдалысы да, зияндысы да бар. Зияндысы дегенде, қалтаңыздан шығатын тиын-тебенді айтамыз. Сондықтан тренерді сөзіне қарап, таңдаған жөн. Әйтпесе, үлкен апат болып жатқанда, «Арыстағы ағайынға тегін тренинг өткіземіз…» дегендер де болған. Үй-жайынан айырылып, естері кетіп жатқан жұртқа тегін ақыл-кеңес керек пе өзі деп ойламағаны-ау, сірә…

P.S. Қазіргі коуч-тренерлердің «үнемі жақсы сөйлеп, жақсы ойлау керек, сонда өмірің де жақсы арнаға қарай өзгереді» деп жүргендерін бабаларымыз «Жақсы сөз — жарым ырыс» деп бір-ақ ауыз сөзбен айтып кеткен. Жақсы ой болмаса, жақсы сөз қайдан шықсын?

Әл-Фараби айтпақ­шы, «Дүниедегі ең оңай нәрсе — біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе — өзіңді-өзің түсіну».  Әрине, «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның жарты ғұмырындай» деген де сөз бар біздің халықта. Сондықтан да қандай тренингке бара жатқаныңызды, кім дәріс оқитынын алдын ала зерттеп біліп алып, содан соң жазылғаныңыз абзал. Сапалы тренинг тек ойыңызға қозғау салып, серпіліс жасайды. Одан кейінгі әрекет өз қолыңызда!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button