Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ақтөбеде Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлын ұлықтау шаралары өтеді

«Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады», — деп жазды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Келешек ұрпағын, яғни бізді қорғау үшін аянбай күресіп, бар ғұмырын ат үстінде өткізген аяулы бабаларымыздың алдындағы біздің басты парызымыз — олардың дүниетанымынан, салт-дәстүрлерінен, мәдениеті мен рухани жолынан ажырамау, сол жолды жалғастыру.

Ел, жер қорғау жолындағы ұлы ерліктерімен ұрпақ жадында сақталған халқымыздың асыл перзенттерінің бірі — Жалаңтөс баһадүр. Әсіресе, ол 1643 жылы Орбұлақта Жоңғар шапқыншыларына қарсы Қазақ Ордасының ханы Салқам Жәңгірдің басшылығымен өткен шайқастағы ерлігімен, қолбасшылығымен, өзінің туған жұрты мен еліне деген сүйіспеншілігімен қазақтың мәңгілік мақтанышына айналды. Өткен жылы осы оқиғаға 375 жыл толып, соған орай ұйымдастырылған шаралар аясында оңтүстіктегі қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс батыр бабаларымызға арналған ескерткіш бой көтерді.

Жалаңтөс батырдың ескерткіші енді Ақтөбе қаласында да ашылғалы отыр. Сондай-ақ, 25-26 қазан күндері Ақтөбеде Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлын ұлықтауға арналған шаралар жоспарланған.

Осы істің басы-қасында жүрген азамат, «Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қорының басшысы Бақытжан Ержановтың айтуынша, қазіргі күні ескерткіш айналасындағы алаңды абаттандыру жұмыстары аяқталуға таяған.Ескерткіш жанына тағы да екі белгітас қойылмақ. Олардың бірінде Жалаңтөс батырдың өмірбаяны, шығу тегі, ерлік істері жөнінде мағлұмат жазылса, екіншісінде осы ескерткішті қоюға атсалысқан азаматтардың аты-жөндері болады.

Ескерткіш Әміржан Құлетов, Хамит Өтеуұлы, Ғалымжан Елеуов, Бақытжан Жаманқұлов, Берік Қаниев, т.б. кәсіпкерлердің, сондай-ақ, көптеген қарапайым азаматтардың қаржылай демеушілік көрсетуімен орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына елордамыз — Нұр-Сұлтан қаласынан, еліміздің көптеген өңірлерінен келген белгілі қоғам қайраткерлері, атақты қаламгерлер мен кәсіпкерлер, тарихшылар, өнер адамдары, Жалаңтөс батыр мен Әйтеке би шыққан әйгілі әулеттің өкілдері және облыс пен қала басшылары қатысады деп күтіліп отыр.

— Ұлықтау шараларын ұйымдастыруға біздің қормен бірлесіп, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті де атсалысып отыр. 26 қазанда осы университетте «Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты халықаралық ғылыми конференция өтеді. Оған өз ғалымдарымызбен бірге, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан елдерінен, Ресейдің Дағыстан аймағынан келген ғалымдар қатысады, — деді Бақытжан Ержанов.

Жалаңтөс батырды ұлықтауға арналаған шаралар аясындағы тағы бір үлкен оқиға — республикалық ақындар айтысы болмақ. Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі ақындар қатысады. Ал қазылар алқасы құрамында Есенғали Раушанов бастаған белгілі ақындар болады. Айтысты көрнекті ақын Светқали Нұржан жүргізеді.

Сонымен бірге Өнер орталығында әнші Қуандық Рахым және ақтөбелік эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.

Ұлықтау шаралары аясында Жалаңтөс Сейітқұлұлының рухына Құран бағышталып, ас беріледі.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

« ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ РЕТІНДЕ СОМДАҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК»

«Жалаңтөс батыр — ел басына күн туған жаугершілік заманда тарих сахнасына шыққан тұлға. Сондықтан біз оны, ең алдымен, даңқты қолбасшы ретінде сомдағанды жөн көрдік», — дейді Жеңіс Жұбанқосов.

Ақтөбедегі Жалаңтөс батыр ескерткішінің авторлары — Жеңіс Жұбанқосов пен Ермек Тоқтар.

Бұл ескерткішті сомдау үшін Жеңіс үш жыл бойы еңбектенген.

— Жалаңтөс батыр ескерткішін қою үшін бұдан үш жыл бұрын байқау жарияланған болатын. Түрлі себептерге байланысты, байқау былтыр қайта жарияланды. Мен бастапқы байқауға да қатысқан едім. Жалпы, Жалаңтөс бейнесін сомдау үшін көп еңбектендім. Оның ел қорғау жолындағы ерлік істері мен Самарқанның әмірі болғаны — жазба деректерде қалған анық мағлұмат. Жалаңтөс баһадүрге қойылған ескерткіштер еліміздің бірнеше қаласында бар. Бұл ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа тараған батыр баба даңқының асқақтығын көрсетеді, — дейді Жеңіс.

Ескерткіштің екінші авторы Ермек Тоқтаров — белгілі мүсінші, Нұр-Сұлтан қаласындағы Бөгенбай батыр, Жүсіпбек Аймауытов ескерткішінің авторы. Айта кетелік, Жеңіс Жұбанқосов — бұған дейін Ақтөбедегі бірнеше ескерткішті, соның ішінде Әйтеке би, Бөкенбай батыр, Аққағаз Досжанова ескерткіштерін сомдаған мүсінші.

Жалаңтөс батыр ескерткіші Ақтөбедегі «Сапар» автовокзалы алдындағы алаңға қойылады. Болашақта мұнда Жалаңтөс батыр атындағы шағын саябақ ашылады деп жоспарланып отыр.

Ескерткіштің биіктігі 5 метрден асады, ол Ресейдің Свердлов облысында құйылған.

Айна САРЫБАЙ.

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656 жж.) — қазақ батыры, мемлекет қайраткері, қолбасшы. Самарқан қаласының әмірі. Әйтеке бидің аағсы. Жалаңтөс Бағдатта білім алып, соғыста жастайынан шеберлігімен көзге түскен. 17 жасында Әлімұлы руларының биі, 36 жасында Самарқанның әмірі атанды. 1640 жылы Қазақ елі мен Орта Азияға шабуыл жасаған жоңғар ханы Батурды жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісуға басып кірген жоңғарларға қарсы шайқасып жатқан Жәңгір ханға Самарқаннан 20 мың әскерімен көмекке келіп, басқыншыларды талқандайды.

(Ескерткіш жанына берілген мағлұматтардан) 

Басқа жаңалықтар

Back to top button