Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Тұранның ұлы қолбасшысы

Ақтөбе қаласында Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш ашылғалы отыр. Түркі халықтары тарихына есімін алтын әріппен жазып кеткен әмірші әрі ұлы қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлұлына алғашқы ескерткіш Арал қаласында, одан соң 2010 жылы Қызылорда қаласында, одан соң 2018 жылы Шымкентте, 2019 жылы Самарқанда қойылған еді. Бұл — бесінші монументальды ескерткіш.

Жалаңтөс батыр — Орталық Азия мен Қазақстан тарихындағы әйгілі би, ел ағасы. Оның заманын сараптар болсақ, ХVІІ ғасырдың бірінші жартысы — қазақ елі тарихындағы елеулі оқиғаларға толы кезең. Бұл заманда қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрды. Бұхар хандығына қарасты жерлердің өзінде қазақ сұлтандары мен батырлары билік жүргізді. Мысалы, Әндіжан өңірін — Абылай сұлтан, Жизақты — Алшын Бекоғлы, Самарқан қаласы мен уәләятын Жалаңтөс батыр биледі. Қырғыздар Қазақ хандығының құрамында болды. Есім ханның сенімді серіктерінің бірі қырғыз Көкем би еді.  Бұл тұс қазақ-қырғыз достығы мен туысқандығының шыңы боп тарихқа енді.

Бұл даңқты кезеңде жоңғарларға әлденеше рет соққы берілді. Тіпті қазақ елінің атқа мініп, шайқасқа кірмеген жылы жоқ десе де болады.

Осы шайқастарда қазақ елін қорғай жүріп, мемлекетті одан әрі нығайтқан Есім хан, Салқам Жәңгір, Жалаңтөс Сейітқұлұлы сынды тұлғалар — ұлттың ең жоғарғы дәрежедегі батырлары.

ХVІІ ғасырдың бірінші жартысы аласапыран оқиғаларға да толы болды. Осы кезеңде орын алған үлкен трагедиялық оқиға — 1628 жылғы Қатаған қырғыны. Сол қырғынның кінәсін мойнына алған Еңсегей бойлы ер Есім хан болудан бас тартып, билік баласы Жәңгір сұлтанға өтті.

Жалаңтөс — Самарқан әмірі

Жалаңтөс батыр (1576-1656 жж.) Сейітқұл би ұлы Кіші жүзге қарасты алты ата Әлім руының төртқара бөлігінен шыққан. Төртқаралар Әмудария мен Сырдария өзендері аралығындағы алқапты мекендеген.

Жалаңтөс батыр өмірінің ақырына дейін Самарқан қаласының әмірі болды.

Оның өмірі мен қызметіндегі негізгі оқиғаларға тоқталар болсақ, 1612 жылы Бұхар ханы Иманқұл көп әскермен Түркістан өлкесіне баса-көктеп кірді. Алдыңғы соққы қарақалпақтарға берілетінін біліп, Жалаңтөс батыр оларға өз әскерімен көмекке жетті. Әйгілі Жалаңтөс қолынан қаймыққан Иманқұл соғысты бастай алмай, амалсыздан келіссөзге келеді. Алайда бұл Бұхар ханының уақытша айласы екенін түсінген Жалаңтөс батыр әскер жиып, Иманқұлды түгелдей талқандау үшін дайындала бастайды. Мұны білген Иманқұл Жалаңтөс тұрғанда өзінің Бұхар тағында отыра алмайтынын түсініп, оған Самарқан қаласын және сол төңіректегі уәлаяттарды сыйға тартады. Сөйтіп, Жалаңтөс Самарқан әмірі атанып, таққа отырды.

Артында Қытай империясы тұрған Жоңғар қалмақтарын әлденеше рет талқандағаны, басқа да көптеген ерліктері ескеріліп, 1625 жылы Жалаңтөске Аталық деген құрметті атақ-лауазым берілді.

1640 жылы Батур қоңтайшы басқарған қалмақтардың Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған кезекті шабуылын тойтарды. Бұл шайқасқа Жалаңтөс Самарқаннан 30 мың әскермен шыққан.

1643 жылы қалмақтар тағы да Жетісу аймағына шабуылдады. Бұл жолы олар 50 мың әскермен лап қойған еді. Сол кездегі Қазақ хандығының бір ұлысы — Қырғыз еліне үлкен қауіп төнді. Салқам Жәңгір дұшпанды тоқтату үшін асығыс түрде 600 жауынгермен  аттанды.

Тау шатқалында жаудың көп әскерін жанқиярлық ерлікпен тоқтатып тұрған Салқам Жәңгірге 20 мың әскермен Жалаңтөс батыр көмекке келіп жетті. Осынау үлкен шайқаста жоңғар шапқыншылары ту-талақай болды. Кейінірек тарихшылар бұл оқиғаны «Орбұлақ шайқасы» атап кетті. Жалаңтөстің бұл үлкен ерлігі жазба деректерде қалды.

Жалаңтөс батыр өмірінің соңғы күніне дейін, Орталық Азияға қатысты соғыс қимылдарына қатысып, сан мәрте жеңіске жетті, яғни сол тұстағы түрік халықтары тағдырында шешуші рөл атқарған тұлға болды. Ол батыр ғана емес, әмір және би деген атаққа ие болған. Қазақта «би» деген атақ — ең жоғары дәреже. Мұндай құрметті атаққа батырлар мен билеушілердің ие болуы — өте сирек жағдай.

Жалаңтөс батыр және оның заманы

Жалаңтөс батырдың өмірі мен қызметін жан-жақты түсіну үшін ол өмір сүрген XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мен Орталық Азияның әлеуметтік жағдайы мен саяси тарихына қысқаша шолу жасайық.

XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысында (яғни Жалаңтөс батыр заманында) Қазақ хандығы сырттан тыным бермеген жаулармен үздіксіз соғысып жатты, осы жаугершілік заманда шешілмеген түйінді мәселелер де аз емес-ті, солай бола тұрса да, бұл сол кездегі іргелі мемлекеттердің бірі еді.

Орталық Азия мен Қазақстан жерінде ол тұста екі ғана мемлекет болды: Қазақ хандығы мен Бұхар хандығы.

XVII ғасырдың басында дүниеден өткен тарихшы Қадырғали Жалаири Қазақ мемлекетінің іргелі ел екенін айта келіп, Тәуекел ханды (1583 – 1598 жж.) «Бүкіл ислам дүниесінің патшасы» деп мадақтаған.

Қазақ хандығы жылдан-жылға нығайып, Орталық Азиядағы саяси жағдайлар қазақ ханының қатысынсыз шешілмеген еді. Олай дейтініміз, сол кездегі Орталық Азияның көп жері Қазақ хандығының қол астында болған. Мысалы, қазіргі қырғыз жері, Ташкент уәлаяты, Қарақалпақ елі, яғни Сыр мен Әмудария арасындағы аумақтың көп бөлігі және қалмақтардың да біраз жері Қазақ хандығына қарады. Осындай жағдайда Орталық Азияда жатқан күшті мемлекет — Бұхар хандығының тағдыры да қазақ елімен байланысты болған. Иманқұл хан бұл мемлекетті 1608-1644 жылдары басқарып, Қазақ хандығымен амалсыз достық қатынаста болды. Жалаңтөс батыр секілді аса беделді тұлғамен жақсы байланыс жасауға тырысты. Оның Жалаңтөс батырды Самарқан қаласы мен уәлаятының әмірі етіп қоюына келсек, біріншіден, Қазақ хандығымен достық қатынаста болуды көздеді, екінші жағынан, саяси істерді шешу, әсіресе сыртқы жаулардан қорғану мақсатында Жалаңтөс батырдың қалың әскерін пайдалану керек еді. Сол арқылы ол мықты Қазақ хандығымен тату отырып, ол тараптан өзіне қарсы әскери қимыл немесе шабуылды болдырмауға тырысты.

Алайда Иманқұл хан іштей Қазақ хандығын ыдыратып, аймақтағы билікті өз қолына алуды ойламай қалған жоқ. Осыған байланысты бірінші әрекеті Ташкент әмірі — Тұрсын сұлтанды өз құрығына түсірумен аяқталды.

Ташкент әмірі Тұрсын сұлтан — қазақ елінің аты аңызға айналған ханы еңсегей бойлы ер Есімнің туысы болатын. Ташкент уәлаяты халық тығыз орналасқан бай өлке еді. Иманқұл Тұрсынды осынау бай өлкенің әмірі Есім ханға тәуелсіз, өз алдына хан болуы тиіс деп азғырған. Тұрсынға бұл пиғыл ұнап қалады. Еңсегей бойлы ер Есім жоңғарлармен соғысып жатқанда, Тұрсын өзін Ташкенттің ханы деп жариялайды. Сондай-ақ, хандықтың белгісі ретінде өз аты жазылған ақша шығара бастаған. Ел шетіне келген жаумен соғысып жатқан Есім ханға Ташкент уәлаятынан ешқандай көмек жіберілмеген, бұл оның уәлаят басшысының елден іргесін аулақ салғаны еді. Дегенмен Есім хан сабырлық танытып, жағдайды ушықтырмай, қантөгіссіз бітіруді ойлайды. Тентек болғанмен, туысы әрі оның артындағы жұрт өз халқы емес пе? Сабасына түсер деп те ойласа керек. Ал Тұрсын өз жерін ұлғайтуды ойлап, енді Қазақ хандығының жеріне қол сұға бастайды. Есім хан қан төкпес үшін қанша сабыр сақтағанмен, қазақ сұлтандарының көбі, әрине, бұл жағдайға наразылық білдіреді. Алайда Есім ханнан асып кете алмай, әрекетке бара қоймаған.

Тұрсын сұлтанға бірінші қарсы шыққан сол кездегі Әндіжан әмірі, қазақ сұлтаны Абылай еді. Иманқұл хан 1623 жылы оған да одақтас бола қалды. Себебі, оның түпкі көздеген мақсаты — қазақ сұлтандарының бір-бірімен қырқысқаны ғой! Абылай сұлтанға Иманқұлдың нақты қандай жәрдем бергені белгісіз, әйтеуір қолтығына су бүріккені анық.

Екі сұлтанның, яғни Абылай мен Тұрсынның әскері сол жылы Шахрухия бекінісінің түбінде кездеседі. Алайда екі жақтың да әскері қазақ жауынгерлерінен тұратын, олар өз туыстарымен шайқасуды ар көріп, соғыстан бас тартады. Мұның ақыры арандатушы Иманқұл жіберген қосындарды Тұрсын сұлтанның талқандауымен аяқталған. Бұған қатты наразы болған Иманқұл Абылайды Әндіжаннан қуып шықты. Осыған дейін жағдайды сырттай бақылап отырған Есім хан тез арада көмекке келіп, Абылай сұлтанды Әндіжандағы өз орнына отырғызды. Ал Тұрсынға тиіспейді, себебі әлі де болса өзара қырқыспауды ойласа керек.

Есім хан тіпті 1625 жылы Түркістандағы ордасына Тұрсын сұлтанды жиналысқа шақырып, билер кеңесіне қатыстырған. Жиында жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестің жоспары құрылады. Тұрсын сыртқа сыр білдірмей, Есім ханның ұсыныстарын қабыл алған.

Бір тентектің бүлігінен Қазақ хандығының бір бөлігі қырылғалы тұрғанын Есім хан ол кезде білген жоқ еді…

1627 жылы ел шетіне Жоңғар қалмақтары шабуыл жасаған кезде, бұрыннан дайындығы бар Есім хан көп әскермен шығысқа асығыс аттанып кетті. Мықты дайындықпен барған қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңді.

Ал Тұрсынның осы соғысқа өзі де аттанбағанын, әскер де жібермегенін былай қойғанда, Қазақ мемлекеті тарихындағы үлкен сатқындыққа барды. Ташкент уәлаятындағы қалың қазақтың сайдың тасындай көп әскерін жауға қарсы жібермей қалған Тұрсын сұлтан Есім ханды қалмақтардан жеңіліс табады деп топшыласа керек. Есім хан жанқиярлықпен соғысып жатқанда, Тұрсын қалың әскермен Қазақ хандығының астанасы Түркістанға шабуыл жасайды. Азаматтары алыстағы соғысқа кеткен қарусыз қатын-қалашты қанға бояп, Есім ханның әйелдері мен балаларын тұтқындап, Ташкентке жөнелтеді.

Тұрсын сұлтан Есім ханның ордасын шапқан соң, енді алыста жүріп жатқан соғыстың хабарын тағатсыз күтеді. Әрине, ол қазақ ханының жеңілгенін тілегені анық. Алайда хабаршылар оған Есім ханның үлкен жеңіспен қайтып келе жатқанын жеткізеді. Сонда Тұрсын сұлтан қатты сасады. Келер жолында тұтқиылдан шабуыл жасап, Есім ханның басын алуды жоспарлайды…

Ал Есім хан үшін Тұрсын сұлтанның сатқындығы мүлде күтпеген суыт хабар еді. Мұны ол қазіргі Қырғызстан жеріндегі ежелгі сақтардан қалған Сантас қорғаны жанында есіткен деседі. Ашуға булыққан Есім хан бар әскерін атқа қондырып, дереу Ташкентке бет алады. Көкем би басқарған қырғыз әскері де өз жерінде қалып қоймай, Есім ханмен Ташкентке бірге аттанады. Тұрсын сұлтан ізіне ерген әскерімен Есімді Сайрам (кейбір деректерде — Чиназ) түбінде қарсы алыпты. Осылайша қазақ жауынгерлері біріне-бірі қарсы шығуға мәжбүр болды.

Жауды талқандап келе жатқан жеңімпаз әскерге енді өз бауырларымен соғысу оңай болған жоқ. Сонда да сатқынға ерген опасыздардың сазайын беру керек… Есім хан әскерінің екпініне шыдамаған Тұрсын Ташкентке қарай қашады. Бұл кезде жағдайды есіткен басқа да қазақ сұлтандары атқа мінген еді. Ақыры Ташкент түбіндегі шайқаста Тұрсын әскері түгелдей талқандалды. Өзі қашып, Ташкентке тығылды. Осы жерде оны өз нөкерлері тұтқындап, Есім ханның қолына тапсырады. Ашуға булыққан Есім сатқынның басын кесіп алып, Бұхар ханы Иманқұлға жөнелтеді. Бұл оған: «Жақында сенің де басың кесіледі»деген хабар еді…

Қазақ еліндегі қырғын мұнымен біткен жоқ, Есім хан ашу үстінде Тұрсынды жақтағандарды түгел қырып жібереді. Негізінен, Ташкент уәлаятын ертеден мекендейтін қалың елдің көп бөлігі Қатаған болатын. Қадырғали Жалаири дәл осы оқиғадан 25 жыл бұрын: «Алаш мыңы үш сан, Қатаған қауымы екі сан», — деп жазған еді. Осынау қалың Қатағанның тек азғантай бөлігі, яғни Есім хан әскері құрамына кіргендері ғана аман қалды.

Есім хан өз заманында қол астындағы қырғыз елін Көкем бидің кеңесімен билеген еді. Оның үстіне, Көкем би барлық соғыста Есім ханның жанында болған. Жоңғарларды және Тұрсын сұлтанның әскерін талқандаған соң, Есім хан осы жорықтарда сенімді серігінің бірі болған Көкем бидің құрметіне Ташкент қаласында оған арнап үлкен мұнара тұрғызды. Осы тарихи оқиға туралы Ш.Уәлиханов: «С киргизами отношения их (казахов) в те времена были более дружны и миролюбивы. Ишимхан (Есімхан) (живший около 1630 г.) имел в своем распоряжении родоначальника бия Кукема при помощи которого ему удалось низвергнуть Турсуна катаганского и чанчклинского. В память союза киргизов и казахов Ишим построил в Ташкенте башню, которая существует до сих пор и называется «Көкемнің көк күмбезі», — деп жазған болатын.

Сыртқы және ішкі жаулармен үздіксіз соғыстар, оның үстіне Тұрсынның әлегінен қырылған халықтың қайғысы ер Есімді қажытқан еді. Ол енді мемлекет билігін баласы Жәңгірге беріп, өзі тек кеңесші рөлін атқарды.

Есім хан талқандағаннан кейін, қалмақтардың көп бөлігі Қазақ мемлекетінің қол астында қала берді. Сол кездегі Жоңғар мемлекетінің басшысы Хара-Хула өлген соң, оның баласы Ердене Батур қоңтайшы билікті өз қолына алады. Оның мемлекет басына келуімен сол елдің бірігуі және нығаюы басталды. Соған сәйкес Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне Жоңғар тарапынан қауіп күшейе түсті. 1635 жылы Жәңгір сұлтан өз әскерімен (әскерінің құрамында жалғыз қазақ емес, қырғыздар мен қалмақтар да болған) жоңғарға қарсы жорыққа шығып, оларды көп шығынға ұшыратады. Ал келесі жылы Батур қоңтайшы қазақ еліне шабуылдады…

1640 жылдан бастап Батур қоңтайшы Жоңғар мемлекетін біріктіріп, нығайта бастады да, арада үш жыл өткенде қазақ жеріне үлкен шабуыл жасады. Батур қоңтайшы 50 мың әскермен баса-көктеп кіріп, қырғыз жерінің көп бөлігін басып алды. Жәңгір хан тұтқиылдан болған шабуылды есіте сала, асығыс жауға аттанады. Бұл соғыстың тағдырын Самарқаннан Жалаңтөс батырдың әскері шешкені туралы сан рет жазылды.

Міне, біз қысқаша шолу жасаған осы қаһарлы кезеңде Жалаңтөс батыр Самарқан әміршісі болып отырған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, ол 1612 жылы әмірші атанды. Алайда ол туралы 1643 жылғы Орбұлақ шайқасына дейін мардымды жазба дерек сақталмапты. Қарауында көп әскері бар әйгілі батыр осы аралықтардағы қазақ ханы қатысқан соғыстардан қалайша тыс қалуы мүмкін?! Айталық, Тұрсын сұлтан бүліктерін басуға Абылай сұлтан, алшын Бекоғлы би және басқалар қатысқанда, Жалаңтөс батырдың қалыс қалғаны ма?! Әрине, ол осы оқиғалардың бел ортасында жүрген болса керек. Тек соның  деректері бізге жетпеген…

Ал 1643 жылғы Орбұлақ шайқасы мен одан соңғы тарихи оқиғаларға Жалаңтөс батырдың қатысқаны туралы нақты деректер бар. 1644 жылы Бұхар ханы Иманқұл өледі, оның тағын Нәдір Мұхамедхан иеленеді. Сол жылы құрамына Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан кіретін Ұлы Моғол империясы мен Бұхар хандығы арасында соғыс басталады. Жалаңтөс батыр — осы үлкен соғыста шешуші рөл атқарғандардың бірі. Ал сол кездегі қазақ мемлекетінің басшысы Салқам Жәңгір көмекке жүз мың әскер шығарады. Әрине, мұндай нақты тарихи деректер Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың қазақ ханынсыз шешілмегенін көрсетеді. Оның үстіне, Бұхар ханы Иманқұл өлген соң, оның орнын басқан Нәдір Мұхамед қазақтармен достық қатынаста болуды көздеген. Қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақтардан құралған көп әскерді басқарып, Нәдір Мұхамед Балх жеріне кіргенде, Жалаңтөс батыр мен алшын Бекоғлы би басқарған жүз мың әскер Әмудариядан өтіп, Ауғанстанға кіріп, Қабылға бет алады. Ұлы Моғол империясының қалың әскері Балхта тұрған еді. Әскерді Ұлы Моғолдың болашақ императоры Ауренжаб (1658-1707 жж.) басқарды. Бірнеше күнге созылған қырғын шайқаста екі жақтан қырылған жауынгерлердің тіпті есебін анықтау да мүмкін болмаған.

Бұл жолы жеңіспен оралып, мерейі өсе түскенмен, жауынгер қазақ жұртына шығыстан, Батур қоңтайшы тарапынан тағы да үлкен қауіп төне бастаған еді…

1643 жылғы Орбұлақ шайқасы кезінде Жалаңтөс батыр 68 жаста екен. Еңсегей бойлы ер Есім де біразға келген еді. Ал оның баласы Жәңгір ханның бар өмірі ел қорғаумен өтіп, ақыры 1652 жылы, шайқас кезінде қаза болды.

Қорыта айтқанда, қазақ халқынан шыққан тұлғалардың Бұхар хандығының жерінде әмір болуы, билік құрып, үстемдік жүргізуі сол кездегі Қазақ мемлекетінің мерейін, күшейгенін көрсетеді. Көптеген зерттеушілер Бұхар хандығының әлсіреуін Жалаңтөс би, Абылай сұлтан, алшын Бекоғлы және 1643-1663 жылдары Хиуа ханы болған Әбілғазы сияқты жергілікті феодалдардың күшеюінен деп көрсетеді. Ал Әбілғазының таққа отыруына қазақ хандары көп жәрдем бергені белгілі. Мысалы, П.П.Иванов: «…Упадок политического значения аштарханидов сопровождался ростом военно- политической мощи отдельных бухарских феодалов из числа узбекской знати, к которой принадлежал, например, известный сановник (аталык) хана Абдул-Азиза (1645- 1680), бий Ялантуш (Жалаңтөс), строитель знаменитых самаркандских медресе Ширдар и Тилла- Кари. Располагая огромными средствами, получаемыми от феодальной эксплуатации зависимого населения, Ялантуш и другие подобные ему бии имели возможность содержать значительное войско и совершать походы на соседние страны, в частности в район Кабула, принадлежавшего в XVII в. Великим Моголам, и на Хорасанскую провинцию Ирана. Во время похода захватывалось множество пленных, обращаемых, как и в XVI в. в рабов», — деп жазған болатын.

Біз бұл жерде П.Ивановтың пікірлеріне біраз түсініктеме беріп өтуді жөн көрдік: біріншіден, Бұхар хандығының әлсіреуіне әлде күшеюіне, әрине, Жалаңтөс сияқты белгілі  тарихи тұлғалардың әсері болмай қалуы мүмкін емес. Екіншіден, Жалаңтөс батыр ешқашан өздігінен немесе байлық үшін Қабыл мен Хорасанға шабуыл жасаған жоқ. Ал Ширдар мен Тіллә-Қари сияқты үлкен құрылыстарды ол Қабыл жорығынан бұрын бастаған еді. Мысалы, Ширдар 1619-1635 жылдары салынған. Ал Тилла-Кари құрылысы 1646 жылы басталып, 1659 жылы, яғни Жалаңтөс батыр қайтыс болған соң, үш жылдан кейін біткен. Оның оңтүстікке жасаған жорықтарының бұндай ірі құрылыстарға ешқандай қатысы болмаған.

Жалаңтөс батыр салдырған медреселер

Самарқан тарихында үш ірі тұлға бар. Олар — Әмір Темір, Ұлықбек және Жалаңтөс батыр. Осы үш тұлға Самарқанды көркейтті, Шығыс архитектурасында теңдесі жоқ ғимараттар тұрғызды.

Жалаңтөс Сейітқұлұлы батыр, даңқты қолбасшы, би, әділ әмір болумен қатар, сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлген. Оның әмірші болған кезінде Самарқанның келбеті адам танымастай құлпырды. Оның салдырған әйгілі Ширдар, Тилла-Кари медреселері, академик Г.Пугаченкованың айтуынша, «Сәулет өнерінің інжу-маржаны» боп саналады.

«Ширдар», яғни «Арыстанды медресе» 1619 жылы тұрғызылған. Осынау әсем медресе порталының ішкі қабырғасында Жалаңтөс батырға арналған парсы тілінде мақтау жазулар бар. Оның мазмұн-мағынасын қазақ тіліне Х.Досмұхамедұлы былай деп аударған болатын: «…Әмір қолбасшы, турашыл Жалаңтөс; оның кемелдігін жеткізе мақтайтын қызыл тіл — інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі соншалық — оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қақса да, жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұнарасының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры да шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таңғалғандықтан, аспан бармағын тістегендей (таңданыс, қызғаныш белгісі ретінде) жаңа толған айды қарпып алды;  осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс бахадүр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы «Жалаңтөс бахадүр жылы» деп аталады».

Мәтін мағынасын Г.А.Пугаченкова орыс тілінде былай деп беріпті: «Он соорудил такое медресе, что земля доведена им до зенита неба — это знамя взаимного их украшения. Годами не достигнет высокой вершины его портала мощью и усердием искусных крыльев орел ума. Веками не достигнет верха запретных его минаретов искусных акробат мысли по канату фантазии. Когда архитектор точной правильности воздвиг изгиб арки портала, небеса, приняв ее за новую луну, прикусили палец от удивления».

Жалаңтөс батыр тұрғызған «Тіллә-Қари» (Алтынмен апталған) медресесі ғимаратының құрылысы 1646 жылы басталып, 1659 жылы, яғни Жалаңтөс батыр қайтыс болған соң үш жылдан кейін біткен. Шығыс сәулет өнері інжу-маржанының бірі — «Тіллә–Қаридің» медресенің алтындалған күмбезі туралы Г.А.Пугаченкова былай дейді: «….Очень эффектен вид на мечеть со стороны двора, куда обращены аркада на тяжелых устоях и обширный айван главного здания, за которым возвышается тяжелый цилиндрический барабан наружного, видимо, так никогда и не возведенного купола. Внутри это помещение от уровня пола и до верхушки купола покрывают богатые ковровые узоры в технике «кундаль» с обильным применением золота в орнаменте и в тоне (отсюда название  «Тіллә – Қари» — Позолоченная)».

Жалаңтөс батыр тарихын алғаш зерттегендердің бірі — Халел Досмұхамедұлы. Халекең Жалаңтөс батыр тарихын зерттей жүріп, алты ата Әлім руының үш шежіресін пайдаланыпты. Солардың бәрінде де Жалаңтөс батырдың ата-бабалары мен үрім-бұтақтары бірыңғай таратылатынын айтыпты.

Халекең Жалаңтөс батырдың әулеті жөніндегі шежірені жариялағанда, И.Қасымов деген мұғалімнен алғанын ескертіп, алғыс айтыпты. Ал Қасымовтың өзі  осы мәліметтерді 1920 жылы аса білгір шежіреші Молиман ақсақал Шонтаевтың аузынан жазып алған екен. Осы шежіреде Жалаңтөстің үш баласы болғаны айтылса, М.Есләмғалиұлы жинаған мәліметтерде төрт баласы  болғаны айтылады, яғни Раңбайдан туған немересі Құдайназарды төрт ұлының бірі деп көрсеткен.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

Мадрид университетінің және әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университетінің профессоры

Басқа жаңалықтар

Back to top button