Басты жаңалықтарМәселе

Суицид: санайғақтардың өзі сай-сүйегіңді сырқыратады…

…Әр адамның өзіне тән мұңы бар. Ер мен әйел, үлкен-кіші, жалпы кез келген әлеуметтік топтағы азаматтарға ортақ осы бір «құбылыс» негізінен өмірде одан сайын қажырлы болуға итермелесе, кейде құрдымға да жібереді… Яғни ауыртпалықтарға, соның салдарынан туындаған жан күйзелісіне шыдамағандар ақырғы амалға барып, өз-өзіне қол жұмсап жатады. Өкініштісі сол, қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған суицид бүгінде қазақстандықтарды да ерекше алаңдатып отыр. Бас шайқайтындай жөніміз бар: дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында бұл жағынан алдыңғы орындарды бермей тұр… 

«Адамның өзіне қол жұмсауына 5 фактор әсер етеді»

Бірден айтайық: бұған негізінен рухани жағынан әлжуаз, жүйке жүйесі сыр бергендер барады. Күнделікті қайталана беретін күйбең тірліктің немесе ұрыс-жанжалдың салдарынан туындаған күйзелістен әбден жалыққандардың да соңғы әрекеті суицид болуы мүмкін. Қанша ғасырдан бері зерттегенмен, бұл салаға маманданған ғалымдар да оның негізгі себебін дөп басып айта алмай отыр. Бір белгілісі, өзіне қол салатындарға тән мінез-құлық, ұқсастықтар — болашаққа деген ешқандай үміт-сенімнің болмауы, жақын-жуықтарынан өзін оқшау ұстауы. Және олардың көзінің нұры тайып, ылғи көңілсіз жүреді…

— Мұндай шешімді қабылдау, кім-кімге болсын, оңайға соқпайды. Себепсіз салдар болмайтынын ұмытпау керек. Бұл адам әбден дегбірі қашып, басқа амал таппаған соң әлгіндей жағдайға барады деген сөз.

Ауыр психикалық ауруға шалдықпағандарды есептемегенде, өзіміз секілді сау адамдар жеке өміріндегі мәселелердің кесірінен бәрін тәрк етеді. Жақын адамның қайтыс болуы, отбасы мүшесінің ауыр сырқаттануы, ажырасу, сатқындықты бастан кешіру, баянсыз махаббат, жалғыздық, ата-анамен қарым-қатынастағы қиындықтар, тағы басқа жағдайлар бұған түрткі бола алады. Өз-өзін өлтіруге физикалық, сексуалды зорлық, кемсіту, қорқыту, жала жабу сияқты теріс қылықтар да мәжбүрлейді. Сол кезде сыр ақтарып, шер тарқатар біреу болмаса, оның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Дәрігер маманның да мұндайда көмегі зор.

Суицидке итермелейтін факторлардың қатарында әлеуметтік қиындықтар (қаражаттың тапшылығы), мінез және тұлға ерекшеліктері (кейбір нәрселердің өзі ойлағандай іске аспауы, үміттің ақталмауы), денсаулығының дімкәстігі (психикалық ауруларға ұшырағандар), тәуелділіктер (нашақорлық, ішкілік, ойынға құмарлық), экстрималды спорт түрлері және компьютерлік ойындар бар, — дейді ақтөбелік психолог Орынгүл Қоңырбайқызы.

Оның сөзіне қарағанда, өз-өзіне қастандық жасайтындардың дені 15-24 бен 40-60 жас аралығындағылар екен. «Суицидке баруға оқталғандардың арасында өзіне сол арқылы көңіл бөлгенін қалайтындар да кездеседі», — дейді жантанушы маман. Ал шынымен соны көздегендерге келсек, алдын ала дайындалып, бәрін жіті жоспарлағасын оларды райынан қайтару да қиын көрінеді…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Суицид терминінің өзі XVII ғасырда пайда болған деседі. Латын тілінен аударғандағы мағынасы — «өз-өзін өлтіру». Жалпақ тілмен айтқанда, бұл адамның өзіне қастандық жасап, мақсатты түрде өмірімен қоштасуы. 

Ақтөбеде ажалға асыққандар азаймай тұр

Өкінішке қарай, соңғы жылдары өз қалауымен жантәсілім етіп, қаралы статистиканы құрап отырғандар аз емес. Олардың арасында бай-қуатты, қай жағынан да ауыз толтырып айтуға болатын азаматтар бар. Кейбір дереккөздерде суицидті аурудың бір түріне жатқызатыны сондықтан.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен білгеніміздей, былтыр елімізде 3542 (!) адам өз өмірімен қош айтысқан екен. Оның 2804-і, яғни басым бөлігі — ер адам. Биылғы көңілсіз санайғақ: 2019 жылдың 9 айында 2916 қазақстандық өз еркімен мәңгілік сапарға аттанып кете барған…

Ал облыста өткен жылы тіркелген суицидтің саны — 195. Биылғы 9 айда тағы 128 ақтөбеліктің ажалы осыдан болыпты. Ресми деректерге көз жүгіртсек, соның 101-і бөріктілер екен.

Құқық қорғау органдары тарапынан өз-өзін құрбан еткендердің көбіне-көп қандай «жолмен» бақилық болатыны турасында да арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ер-жігіттердің дені асылып қалса, әйелдер жағы дәрі-дәрмекке жүгінеді екен.

Теолог не дейді?

Құранда: «…Бір-біріңнің мал-мүліктеріңе қиянат қылмаңдар және өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) делінген. Аятта «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымда Ислам дінінде суицидке жол жоқ екендігі ашық баяндалады. Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдірген-ді. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өзіне қол жұмсағанын айтады. Кузманның өлімі жайлы Алла елшісіне (с.ғ.с.) жеткізілгенде, ол былай дейді: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық…» (Бұхари, Тағдыр, 5).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім өз-өзін қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып, мәңгі-бақи өз-өзін түйреумен болады. Ал кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да мәңгі отқа лақтырылады» — дейді. Бұл хадисте өз-өзін өлтірудің ақыры ауыр азаппен аяқталатыны ескертілген, — деп атап өтті Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Нұрлыбек Такеев.

Дін саласы маманының айтуынша, адамдар арасындағы жанашырлық, сүйіспеншілік секілді жылы қарым-қатынастардың азаюымен, тұлғаны рухани тұрғыда қалыптастыратын сабыр, шүкіршілік, қанағатшылдық және тағдырға бекем болу секілді имани құндылықтардың жетіспеушілігінен қоғамның аталған дерті ушығып тұр. Туыстық қатынастың ақсап, имандылық тәрбиесінің өз деңгейінде берілмеуінен адамдар арасында өмір сүруге, жақсылыққа деген құштарлық та кеміп барады…

«Суицидке баратын адам өз-өзіне қол жұмсайтындығы жөнінде ашық айтпайды. Олар негізінен өзінің проблемасымен бөліседі. Барлық адамда қиындықтар болады, бірақ рухани жағынан әлсіздер бұны суицидпен шешемін деп ойлайды. Өзім мешітте имам болғанда, осындай белгілері бар кейбір адамдармен кездестім. Оларға бірінші кезекте «тағдыр», «тәубе», «сабыр» туралы әңгіме қозғап, әрдайым бірге бола алмайтынымды жеткізіп, туыстарының арасынан ең жанашыр адамына тапсырдым. Ондай кісілер міндетті түрде табылады. Ең бастысы, ешкім өзін жалғыз, керексіз сезінбеуі қажет», — деп тәжірибесімен бөлісті теолог.

Әңгіме арасында Нұрлыбек Такеев Ислам дінінде ауыр күнә жасаған адамды күпірлік етпейінше мұсылман қатарынан шығармайтынын, сол себепті өз-өзіне қол салғандардың жерлеу рәсімі ешқандай өзгеріссіз атқарылатынын білдірді. Яғни жуындырылады, кебінделеді, жаназа намазы оқылып, мұсылмандардың моласына жерленеді.

P.S. Конституцияда атап өтілгендей, мемлекеттің басты байлығы — адам. Сондықтан кез келген азаматтың айналасындағылар ғана емес, Үкімет те ешкімнің торықпауына, жақсы өмір сүруіне ерекше мән беруі керек. Бұл мақсатта адамдардың тұрмыс-тіршілігі жанға жайлы болуы үшін әлі де жаңа мүмкіндіктер, тың бағдарламалар қолға алынса, артық емес… Одан бұрын әрқайсымыз жанымызда жүргендерге жылы сөзімізді аямай, қолдан келгенше жақсылық жасауға ұмтылсақ, бұның өзі — үлкен демеу. Өйткені кейде бір адамның көңіл күйі бүкіл отбасының «ауа райына» әсер етеді… Адамзаттың мейірімге ғана мұқтаж екенін де ұмытпайық!

 

…ҚАЛАЙ АРАШАЛАП ҚАЛУҒА БОЛАДЫ?

Орынбасар МҰХИТОВ,

әлеуметтанушы:

— Әлеуметтану ғылымында суицидті зерттеуде Эмиль Дюркгеймнің орны ерекше. 1897 жылы оның осы мәселеге арналған «Өз-өзіне қол жұмсау» кітабы жарық көрді. Ғалым бұл еңбегінде адамдардың суицидке психологиялық күйзелістен баратындығын жоққа шығарып, бәрінің әлеуметтік мәселеден болатындығын айтқан еді.  Дюркгейм өз-өзіне қол жұмсаудың 4 түрін көрсетеді: эгоистік, альтруистік, аномиялық, фаталистік. Жалпы, әлемдік ғылымда бұрыннан-ақ өз-өзіне қол салу фактісі көптеген факторларды жинақтайтыны анықталды: әлеуметтік, экономикалық, саяси, философиялық, психологиялық, діни.

Өкінішке қарай, бұл — үлкен проблема. Біздің ел де суицидтен алдыңғы орындардың бірінде. Дүниежүзінде бұл жасөспірімдер арасында айрықша белең алып тұр…

Шетелдік тәжірибеде қолданылған «Сенім телефоны» мәселені шешуде оң нәтиже береді деп ойлаймын. Сосын діни, рухани, ұлттық, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Ақмарал БАЛҒЫНОВА,

облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:

— Бізде «ұл-қызымды қатарынан қалдырмаймын, қалағанын сатып алып беремін» дейді де, ата-ана күн ұзағына жұмыстан босамайды. Демалыс күндері де жеткілікті деңгейде балаға көңіл бөлінбейді. Соның салдарынан қараусыз қалған жас әртүрлі ойға беріліп, жабығады, өзіне орта іздейді… Үлкен немесе кіші болсын, ешкім жалғыз қалмауы керек. Жиі әңгімелескен дұрыс.

Біздің ауруханада 280 жатын орын бар. Соның барлығы да қазіргі таңда бос емес. Осының өзі бұның үлкен проблема екенін, жүйке жүйесі сыр бергендердің артқанын көрсетіп отыр. Аталған мәселеге білім және денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ полиция департаментінің бірлесе, мықтап көңіл бөлетін кезі жетті.

Көп нәрсе ата-анаға байланысты дер едім. Өз-өзіне қол жұмсамақшы болған баланы емдеп, бізге әкелудің орнына, оны жасырып, кеселді мойындағысы келмейтіндер көп. Сол арқылы олар одан сайын ушықтырып алады. Кез келген мәселені бастапқы кезеңінде шешу әлдеқайда жеңіл болатынын еске салғым келеді.

 Шахан ЖОЛДАСБАЕВ,

кәсіпкер, спортшы, I топтағы мүгедек:

— Жақсы, өмірге көзқарасы түзу адамдармен араласу керек. Әрине, кез келген мәселеге тап болғанда әуелі отбасының қолдауы мықты болса, бәрін де еңсеруге мүмкіндік бар. Қай нәрсенің де өткінші екенін, ақ пен қараның қатар жүретінін әрдайым естен шығармау қажет. Сен кетсең, ешкімге ештеңе болмайтынын, өмір жалғаса беретінін, бұдан мәселенің шешілмейтінін қаперге алсақ та артықтық етпейді.

Өзім жаман ойларға берілмеуге тырысамын. Менде оған уақыт та жоқ. Суда жүзумен айналысамын, кәсіпкерлік жұмысым, отбасым бар. Бос уақытта бизнестегі жетістіктерге жетелейтін кітаптарды оқимын.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button