Басты жаңалықтарЭкономика

«Сыбағаның» игілігі

Темір ауданы тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі — мұнай және теміржол саласы. Әрине, ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып жүргендер де бар. Мал басын көбейтіп, бақша егіп жатқандар да жетерлік. Темір аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Нұртазиннің айтуынша, бүгінде Темір ауданында 1970 шағын және орта бизнес жұмыс істейді. 276 шаруа қожалығы бар. Жыл басынан бері Темір ауданында үш шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 120 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 51 адам 260 миллион теңге несие алып, шаруашылығына жаратып отыр. Бүгін біз соңғы жылдары Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, соның игілігін көріп, шаруасын ілгерілетіп отырған қожалықтар туралы айтпақпыз…

«РАМАЗАН»

Ақсай ауылына жақын маңда орналасқан «Рамазан» шаруа қожалығы —«Сыбаға» бағдарламасына қатысып, несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі.

Көз ашқалы малдың жайын білетін ағайынды бесеу осы шаруаны мықтап қолға алады. Қазір біреуі ғана қалада, қалғандары ата-анасымен бірге осы қожалықтың басында жүр. Шаруаларына мығым, еңбекпен нанын тапқан ағайындыларды ауылдастары мақтан тұтады.

Шаруашылықтың басы-қасында жүрген Батырболат Қалдымұратов бізге әуелі көз ұшында жайылып жүрген малын көрсетіп, кәсіпті қалай бастағанын әңгімелеп берді.

  • Осыдан төрт жыл бұрын әуелі еркек мал бақтық. Ол кезде малды Орал қаласынан әкелдік. Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңге несие алдық. Соған ет кластерінен 50 бас ангус сиырын алдық. Оған дейін «АкТептен» 200 бас ангус алғанбыз. Барлығы 250 сиыр бағып отырмыз. Былтырдан бері бұзаулағандары бар. Алдағы уақытта асылтұқым деген статусын алып, көбейтіп, бордақылаймыз. Бордақылау алаңын, мал соятын орын ашу жоспарымызда бар. Жақында сүт қабылдайтын тоңазытқышы бар арнайы пункт әкеліп қойдық. Алдағы жылдары сүтті сиырлар сатып алғымыз келеді. Біртіндеп қожалықты үлкейте береміз ғой, жоспар көп, — дейді Батырболат Қалдымұратов.

Қожалықтың бар шаруасын Батырболаттың бауырларын қосқанда барлығы 10 жұмысшы тындырып жүр. Мал бағатын үш малшы бар. Ауыл әкімі «Рамазанның» ауылдастарына көмек беруде аянып қалмайтынын,қазірде жеке сиырларды тегін бағып отырғанын жеткізді. Айтпақшы, бұл қожалықта тек қана сиыр емес, үйір жылқы мен отар қой да бар.

«Рамазанның» жігіттері тек қана мал шаруашылығымен ғана айналысып қоймайды, бау-бақша егіп, бағбандық кәсіптен де несібелерін айырып отыр. Картоп, қияр-қызанақ секілді көкөністің түрін егіп, одан жақсы өнім көріп, аудан, қала берді облысқа да өткізіп, аудандағы бағаны тұрақтандыру қорына да ықпал етіп жүр.

Кейбіреулер секілді телефонмен ойнап отыруға уақыты жоқ шаруа жігіттер мал жаюға болатын шұрайлы жерді де, бақша егуге болатын құнарлы жерді де тәуір пайдаланып отыр.

 

«ӘЛИХАН»

Темір ауданы Алтықарасу ауылына жақын маңда орналасқан «Әлихан» шаруа қожалығы  да — «Сыбаға» бағдарламасының игілігін көріп, шаруасын кеңейтіп отырғандардың бірі.

Негізі осыдан жиырма жыл бұрын, 1999 жылы немересінің атын қойып, қожалықтың іргесін қалаған Еркінғали ақсақал әуелгіде егін егіп, көкөніс өсірумен айналысты. Ол өмірден озған соң, бар шаруашылықты ұлы Бекболат Нұрмұханов өз қолына алды.

  • Әкем барда егін егіп, бау-бақшамен айналыстық. Әрине, жеке малымыз болды ғой.Қазір мал шаруашылығына көп көңіл бөліп отырмыз. Соңғы үш-төрт жылдықта асылтұқымды әулиекөл сиырын өсірумен айналысып жүрміз. 500-дей бұзаулы сиырымыз бар.Несие алған уақытта асылтұқымды сиырларды Қостанайдан әкелгенбіз. Алға қаласындағы «Актеп» кәсіпорнымен арада келісімшартымыз бар, оларға баспақтарды тапсырып тұрамыз. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен техникаларымызды жаңартып, мал басын көбейтіп отырмыз. Үш тракторды, шөп шабатын, шаруашылыққа қажет техникалардың бәрін жаңалап алдық. Біздің иелікте 4800 гектар жеріміз бар. Оның көп бөлігі —жайылым мен шабындық. Қалғанына егіс саламыз. Мал басы көбейіп жатқандықтан, биыл 3 мың гектар жер алып жатырмыз. Жайылым мен шабындық керек. Алдағы жылы жоңышқа мен судан шөбін егуді жоспарлап отырмыз, — деді шаруа жайын әңгімелеген қожалық егесі.

Қазір «Әлихан» қожалығының басында үш малшы, бір тракторшы, бір аспаз жұмыс жасайды. Шаруашылық басында жұмысшыларға арнап жаңадан үй салынған. Қожалық иесі олардың жалақыларын да уақытында төлеп отырады екен.

Бекболат Еркінғалиұлының алға қойған жоспарлары да көп, мақсаттары да айқын.

Әрине, мал шаруашылығымен айналысқасын, басты мақсат — мал санын көбейту. Оның ендігі ойы — мал өнімдерін де жарату.

Қожалықтың иелігінде асылтұқымды сиырдан басқа 200 бастай жылқы бар екен.«Әрине, құлынды биелерді көргенде, қымыз ішкің келетіні тағы бар. Бие сауып, қымыз ұсыну —  алдағы күннің жоспарында тұрған көп істің бірі», — дейді Бекболат Нұрмұханов.

Шаруасына мығым, іскер азамат бүгінде берекелі отбасымен де көпке үлгі.  Бекболат Еркінғалиұлы зайыбы Нұржауғанмен бірге төрт бала сүйіп, тәрбиелеп отыр.«Атасының баласы» Әлихан қазірде «Ұлы қабырға» компаниясында мұнай инженері, ІT cаласының маманы Әминасы Нұр-Сұлтан қаласында магистратура оқып жүр.Тимуры оқушы, ал кенжесі Айзере әлі балабақшада.

Бір кездегі ауыл баласы қазір отбасымен облыс орталығында тұрып жатыр. Алайда, ауылдан қол үзгісі жоқ. Шаруашылықтың бар шаруасын жұмысшыларына ғана тапсырып қоймайды, өзі күні-түні хабарласып, қадағалап отырады. Тіпті қажет болса, ауылға қона жатады.

P.S. Бір қуантарлығы, қазір мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдаланып, мал шаруашылығына бет бұрғандар көбейіп келеді. Әрине, оның ішінде асылтұқымды сиыр бағатындар. Алайда әзірге біз олардың тек еті үшін ғана өсіріп жатқандарын көп көріп жүрміз. Ал терісі мен сүтін пайдаға жаратып, түрлі өнім дайындауға әзірге тек ынта-ықылас бар.Ендеше бұл шаруаны алдағы күннің еншісіне қалдырайық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button