Басты жаңалықтар

Жол апаты қырып барады…

Жыл басталғалы облыста барлығы 582 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 75 адам қаза болған. Оның 12-сі бала. Ал 750-ге жуық адам түрлі жарақат алып ауруханаға түскен. Полицейлердің айтуынша, өкінішке қарай, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда еш азаймапты.

Жол-көлік оқиғасының алдын алып адам өлімін болдырмау  мақсатында өңірде қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?Жүргізушілер арасында ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар қандай?  Көліктің жылдамдығын асыраайдайтындарға қандай жаза қарастырылған? Бұл туралы облыстық полиция департаментінің жол қозғалысын бақылауды ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы Талғат Құттымұратовтан сұрап білген едік.

«Қауіпсіз жол»: Сақтанып, сақ айда!

Талғат Құттымұратовтың айтуынша, әдетте трассаларда көлік жүргізушілерінің жолдың қарама-қарсы бетіне өтуі, жылдамдықты асыра жүргізуі, қалаішілік жолдарда жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілердің жол тәртібі ережелерінің сақтамауы салдарынан болатын оқиғалар жиі тіркеледі. Аталған олқылықтарды болдырмау мақсатында республикалық, облыстық деңгейде түрлі акциялар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.

Мәселен, жолда жүру ережелерін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің есіне тағы бір мәрте түсіріп, жол-көлік оқиғаларының алдыналу мақсатында  21 қазаннан бастап  республика бойынша «Қауіпсіз жол» акциясы басталды. Енді облыстағы көлік тізгіндеген кез келген азамат бір апта бойы полицейлердіңжіті бақылауында болады.

— Қауіпсіздік — ортақ игілік. Осы мақсатта республика бойынша «Қауіпсіз жол» акциясы басталды. Аталған іс-шараға облыс полицейлері де бір кісідей атсалысып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бір апта бойы нақты жұмыстар жасайды. 27 қазанға дейін өтетін акция аясында полицейлер тексеріс жүргізуден басқа, тыйым салынған жерлерден өткен жаяу жүргіншілерге де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы буклеттер тарататын болады. Сонымен қатар республикалық, облыстық маңызы бар трассаларға, қала көшелеріне жүргізушілерді сақтыққа шақыратын арнайы баннерлер ілінеді, — деді Талғат Құттымұратов.

Акцияның бірінші күнінің қорытындысы бойынша, облыс полицейлері 435 құқықбұзушылық анықтап, 6 адам жүргізуші куәлігімен қош айтысқан.

— Жол-көлік оқиғасының болуына басты себепкер, әрине, ол — адам. Мейлі, ол көлік жүргізушісі болсын, не жаяу жүргінші болсын, қателік қашанда адам тарапынан болады. Сондықтан бұл акция барысында біз барынша тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын боламыз. Жүргізушілерден мас күйінде көлікке отырмау, жылдамдықты асыра айдамау, рөлде отырған кезде ұялы телефонмен сөйлеспеу секілді құқықбұзушылықтарға бармауларын сұрасақ, жаяу жүргіншілерден жолдағы тыйым салынған жерлерді кесіп өтпеу, жол белгілеріне мұқият болып, жаяу жүргінші жолағына келгенде құлаққаптарын алып тастап, жан-жағына қарап өтулері сұралады. Өйткені акцияның бірінші күнінің қорытындысы бойынша 77 жаяу жүргіншіден осындай құқықбұзушылық анықталды, — деген аға инспектор жыл басталғалы 11 адамның ажалы жаяу жүргіншілер жолағында болғанын айтты.

Құқық қорғау саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар маман ретінде Талғат Құттымұратов  жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол ережелері мен заңдылықтарын балаларға мектеп жасынан бастап үйреткенді жөн санайды. Бұл мақсатта да өңір полицейлері бірқатар іс-шара ұйымдастырыпты.

— Оқу жылы басталар алдында және балалар каникулға шығатын кезде біздің әріптестеріміз барлық мектептерге барып, арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында балаларға жолдан өту тәртібі түсіндіріледі. Әрине, бұл жердегі мақсат — балалар травматизмінің алдын алу,  — деді ол.

«Автобус жүргізушілері жол ережесін сақтамайды»

Жол-көлік оқиғаларының азаймауына өзіндік «үлесін» қосып тұрғандар қатарында автобустар мен қоғамдық көліктер де бар. Мәселен, жоғарыда аталған 582 жол-көлік оқиғасының 14-і қоғамдық көліктердің кесірінен болыпты. Автобустарда болған апат салдарынан 21 адам түрлі жарақат алып, 1 адам қайтыс болған.

Жолдағы тәртіпті қатайтып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 10-17 қазан аралығында республика бойынша «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өтіп, бір апта бойы облыстағы жолаушылар тасымалдайтын автобустар мен қоғамдық көліктер жаппай тексерілді. Жол-патрульдік полициясы, көші-қон полициясы және көліктік бақылау инспекциясы бірлескен тексеріс кезінде қоғамдық көліктерден 1279 құқықбұзушылық анықталған.

— Әдетте, автобустардағы тексеріс барысында жүргізушілер тарапынан бірдей құқық бұзушылықтар жиі қайталанады. Мәселен, осы жолғы профилактикалық шара барысында қоғамдық көлік жүргізетін 323 жүргізуші жол жүру барысында телефон пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 150 жүргізуші белгіленген жылдамдықтан асыра көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Бұдан өзге, спирттік ішімдікке сылқия тойған, көлігі техникалық тексерістен өтпеген, маневр жасау кезінде тәртіп бұзған бірнеше жүргізуші анықталды, — дейді Талғат Құттымұратов.

Жедел-профилактикалық шара барысында автобус жүргізушілеріне арнайы буклеттер таратылып, полицейлер мектеп және колледж директорларымен, ата-аналар комитетінің төрағаларымен кездесіпті. Балалар тасымалымен айналысатын автобустар арасындағы жол-көлік оқиғасының алдын алып, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында полицейлер балалар тасымалы кезіндегі заңдылықтың басты талаптарын айтып, мектеп басшылығы мен ата-аналардың қандай алгоритммен жұмыс жасау керектігін түсіндірді.Бұған себеп те жоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, қазан айының басында Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушылары мен ата-аналары мінген автобус апатқа ұшыраған болатын. Абырой болғанда, барлығы дін аман. Бұл төтенше оқиға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бақылауға алынып, облыс әкімі Оңдасын Оразалин оқиға бойынша жауапты сала басшыларымен шұғыл кеңес өткізіп, апатқа ұшырағандардың жағдайымен арнайы өзі барып танысқан еді.

Полицейлердің айтуынша, ата-аналар жеке автобусты жалға алып, балаларымен бірге табиғат аясында тынықпақ болған. Ал мектеп басшылығы бұл туралы мүлде білмеген. Ата-аналар автобусты әлеуметтік желі арқылы тауыпты.

Бүгінгі таңда 40 жылдық өтілі бар автобус жүргізушісінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Егер мектеп басшылығымен полицейлер хабардар болғанда, бұл жағдай болмас еді дейді мамандар.

Полицейлердің айтуынша, балалар тасымалы кезінде ҚР Ішкі істер министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің №349 бұйрығына сәйкес мектеп директорлары арнайы хат әзірлеп, полиция департаментіне жіберуі тиіс. Хат жіберілген күннен бастап 3 тәулік ішінде полицейлер оқушыларды тасымалдайтын көлікті арнайы тексерістен өткізуі шарт.

Р.S. Автомобильдің әлемдегі ең қауіпті көлік екендігі бұған дейін де айтылып жүр. Өйткені жыл сайын әлемдегі бірнеше миллион адам көлік апатынан көз жұмады. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш әзірге азаймай тұр. Кейде тіпті бірнеше жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісінің өзі мүлт кетіп, ақыры қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Ондайды көргенде, әдетте, жазмыш дейміз… Бірақ Құдіреті шексіз Алланың «Сақтансаң, сақтаймын!» дегенін де ұмытпаған жөн болар!

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button