Басты жаңалықтар

Жарөткел мен Ақкөлге газ келді

Кеше Әйтеке би ауданының Жарөткел, Ақкөл ауылдарында көгілдір отын пайдалануға берілді. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, елді мекендердің тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Болашағы бар ауылдар ауызсумен, газбен толық қамтылады

Облыс әкімі алдымен Жарөткел ауылындағы газ тарату станциясының ашылу салтанатына қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.

  • Өткен жолы елді мекендерді аралап келгенде, Жарөткел ауылында газ құбырының құрылысымен танысқан болатынбыз. Бүгін, міне, көптен күткен көгілдір отын ел игілігіне беріліп отыр. Бұл — Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сай халықтың тұрмысын жақсарту, елді мекендерде тұратын тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жасалып жатқан игі іс-шаралардың бірі. Бүгін ауылға газ келді, демек, алдағы уақытта ауыл тұрғындарының шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына, мал шаруашылығын дамытуына толық мүмкіндік бар. Осы тұста айта кету керек, сонау 90-жылдары, ел тәуелсіздік алған тұста ауыл-аймақтар нарықтық экономиканың қарқынына шыдамай, тарап, зауыт-фабрикалар жабылып, халық арасында жұмыссыздық көбейді, еңбекақы, зейнетақы төленбей, біраз қиындықтар болды. Алайда Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінгі күні экономикамыз дамып, соның нәтижесінде аудан, ауылдар бүгінгідей қуанышқа ие болып отыр. Сондықтан Жарөткел ауылының тұрғындарын бүгінгі қуаныштарымен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді О.Оразалин.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы Оңдасын Оразалин мен ауыл ақсақалы Бақытжан Нағашыбаев салтанатты жағдайда газды қосты.

Облыс әкімі бастаған топ үйіне алғашқылардың бірі болып газ кірген Әлібек Тоқмамбетовтің шаңырағында болды. Күздің қара суығында үйін газбен жылытуға қол жеткізген Тоқмамбетовтер отбасының қуанышында шек жоқ.

Отбасында үш бала тәрбиелеп отырған Әлібек, Зәмзәгүл Тоқмамбетовтер облыс басшысына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Айта кету керек, бүгінгі күні Жарөткел ауылында 45 түтін бар. Құрылысы өткен жылы басталған газ құбырының ұзындығы — 6,9 км. Жоба толығымен аяқталған. Жобаның жалпы құны — 66,5 млн теңге. Ауылішілік газ құбырының құрылысын «Муканов и К» ЖШС жүргізген.

Салтанатты шарадан соң облыс басшысына Жарөткел елді мекеніне көршілес жатқан Көрпе, Белқопа ауылдарының тұрғындары өз өтініштерін жеткізді.

Олардың айтуынша, күздің ортасы ауғанымен ауылдарға әлі көмір келмей отыр. Сондай-ақ газ баллоны да тапшы.

Оңдасын Оразалин аталған мәселеге байланысты аудан әкімі Мәди Елеусізовке нақты тапсырма жүктеп, тұрғындарға келер жылдың тамыз айына дейін Көрпе ауылына газ берілетінін жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы аудан әкіміне келер жылы Белқопа, Тасөткел ауылдарына да газ жүргізу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ бұл күні жарөткелдіктермен қатар Ақкөл ауылының тұрғындары да үлкен қуанышқа кенелді. Ауылға газ келіп, облыс әкімі салтанатты түрде тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

Өз сөзінде облыс басшысы алдағы уақытта газ құбыры бойында орналасқан барлық елді мекендерге көгілдір отын берілетінін, сондай-ақ болашағы бар ауылдарды ауызсумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету шарасы жалғасатынын жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Ақкөл ауылындағы Медетовтердің шаңырағына барып, үлгілі отбасын қуаныштарымен құттықтап, дәм ауыз тиді.

Елбасының барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы аясында бүгін, міне, біздің ауылымызға да газ келіп, зор қуанышқа кенеліп жатырмыз. Енді ауылымызға ауызсу келіп, осындай игі шаралар жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Ауылға жағдай жасалса, жастардың да саны көбейіп, халықтың тұрмысы жақсарады деп ойлаймыз. Бүгін ауылымызға арнайы келген облыс әкіміне ерекше алғысымызды білдіреміз, — дейді Медетовтер отбасының келіні Алтынгүл Қалиева.

Айта кету керек, Ақкөл ауылына жүргізілген газ құбырының ұзындығы – 40,8 км. Жоба құны — 128,3 млн теңге. Ауылішілік газ құбырының құрылысын «Муканов и К» ЖШС жүргізген.

Биыл Аралтоғайға ауызсу беріледі

Облыс әкімі Аралтоғай ауылына барып, елді мекенде жүргізіліп жатқан су құбырының құрылысымен де танысты.

Құрылысын мердігер ұйым — «КазПромСтройГрупп» ЖШС жүргізіп жатқан жобаға бюджеттен 100,0 млн теңге бөлінген.

Биыл басталған жобаның жалпы нормативтік ұзақтығы – 9 ай. Су құбырының ұзындығы – 10,6 км. Сумен жабдықтаудың қабылданған схемасына сәйкес жобада екі көтергіш сорғы станциясы, ұңғымадан таза су резервуарларына дейінгі сутартқыштар мен алаңішілік су құбыры, кәріз желілері, кентішілік су құбыры желісі жүргізілмек. Ең жоғары тәуліктік шығын – 299,62 м3/т.

Су құбырының құрылысымен жан-жақты танысқан облыс басшысы аудан әкімі мен жауапты тұлғаларға белгіленген уақытқа дейін су құбыры желісін тартып, тұрғындардың игілігіне беру керектігін тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі ауылдағы С.Оразалин атындағы орта мектепті аралады. 1980 жылы салынған екі қабатты мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұған дейін

мектептің терезелері алмастырылып, жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Алайда жауын күндері мектептің шатырынан су кетеді, едендері шіріген.

Білім ордасының жағдайын көзбен көрген облыс басшысы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінетінін атап өтті. Жобаның құны — 65 млн теңге.

Жобаның сметалық-жобалау құжаттары дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен. Сондай-ақ облыс әкімі алдағы уақытта мектепті интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарына да көңіл бөлу керектігін айтып, аудан әкіміне тапсырмалар берді.

Айта кету керек, бүгінде бұл мектепте 221 оқушы білім алуда.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауылдық клубта тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Аралтоғайлықтар ауылға алдағы уақытта көгілдір отын келіп, елді мекендегі жалғыз мектеп күрделі жөндеуден өтсе, сондай-ақ мал жайылымы мәселесі шешілсе деген өтініштерін жеткізді. Сонымен қатар ауылда мал шаруашылығын дамыту үшін шаруаларға қолдау көрсетілуін сұрады.

Ауыл тұрғындарының сауалдарын тыңдаған облыс әкімі бүгінде ауданда шешілуге тиіс кейбір мәселелердің бар екенін айта келе, алдағы уақытта Ақкөл, Толыбай, Сарат және Сұлукөл елді мекендеріне су құбыры желілерін жүргізу үшін қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер берілгенін, келер жылы Жамбыл, Талдысай ауылдарында газ құбырларын жүргізу жұмыстары толығымен аяқталатынын атап өтті.

— Ауылдағы орта мектепті аралап шықтым. Келер жылдың жаңа оқу жылына дейін мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ байланыс жүйесін, интернет желісін жүргізу жұмыстары да жүзеге асырылады. Ал қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан ауызсу жыл аяғына дейін халық игілігіне беріледі.

Айта кету керек, биылғы жылдан бастап әр ауданның қаражаты өз биліктеріне берілетін болады. Себебі әр аудан өз күшімен өз мәселелерін шешуі керек. Яғни аудандағы проблемаларды аудан әкімі өз жауапкершілігіне алады. Сіздер өз өтініштеріңізбен барғанда, сауалдарыңызға аудан әкімі жауап береді. Ол үшін аудан басшылығы сол ауданға кәсіпкерлерді, инвесторларды тартуы керек. Ал Аралтоғай ауылына келсек, бұл елді мекен — тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл. Сондықтан алдағы уақытта аудан басшылығы жобалау жұмыстарын ыждағаттап әзірлесе, келер жылы ауылға көгілдір отын тарту жұмыстарын қолға аламыз. Себебі Аралтоғай бүгін газ берілген Жарөткел ауылына 20 шақырым қашықтықта орналасқан, — деді облыс басшысы.

Кездесу соңында Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарына жеке қабылдаулар жүргізді.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button