Басты бет » Білім » 200 бала мектепке барды

200 бала мектепке барды

Алғашқы қоңырау мерекесін қаладағы №21 мектеп-гимназиясы да  ерекше ұйымдастырды. Білім ордасының алаңында салтанатты жиын өтті. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Сырым Әбдірахманов қатысты.

Мерекелік шарада мектеп директоры Айнаш Қалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, мектеп табалдырығын аттаған балдырғандарға сәт сапар тіледі. Білім ордасының өткен жылғы жетістіктеріне тоқталды. Ал Сырым Әбідрахманов қала мектептерінің ішіндегі үздік білім ордасы екенін айтып, жиналғандарды мерекелерімен құттықтады. Бұдан соң бірқатар  ата-аналар сөз сөйлеп, ұстаздарға алғыстарын білдірді.

Биыл аталған білім ордасының бірінші сыныбын 200 бала аттапты.

— Өткен жылмен салыстырғанда биыл бірінші сыныпқа баратын балалардың саны әлдеқайда көп. Былтыр 80 балаға үш сынып ашылса, биыл жеті  сынып ашып отырмыз. Ал қала мектептерінен 80 бала біздің мектепке ауысты. Әлі де ауысқысы келетін балалардың қатары көп. Бірақ мектептің материалдық мүмкіндігі келмейді. Оқушылардың қызығатын да жөні бар. Өйткені мектеп үш тілді қатар оқытады. Әрі материалдық-техникалық жағдайы өте жақсы.  Биология, химия, физика кабинеттері жаңа технологиялармен жабдықталған. Мектепте 6 интерактивті тақта бар. Алғашқы әскери даярлық кабинеті барлық талапқа сай.  Барлық пәннен мамандар жеткілікті. Мұғалімдердің шығармашылық жұмыстары сақталған арнайы әдістемелік кабинет те бар, — деді мектеп директоры.

Жалпы, білім ордасында жыл сайын балалардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалып келеді. Мәселен, былтыр 30 бала грант негізінде білім алуға қол жеткізсе,  биыл 25 бала ақысыз оқуға мүмкіндік алған. Сондай-ақ былтыр  білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, мектептің шатыры жаңарып, жылу жүйелері ауыстырылса,  биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұған қоса мектеп өткен жылы да, биыл да 1 миллион теңге көлеміндегі  облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың грантына ие болған. Ал биыл 15 ұстаз, былтыр 20 мұғалім облыс әкімінің грантына қол жеткізген.

Бірінші сынып табалдырығын аттаған балдырғандардың қатарында Диас Саниязов та бар.

Балабақшада апайларым үйреткен тақпақтардың барлығын жаттап алдым. Әріптердің барлығын білемін. Мектепті де жақсы оқимын, — деді Диас қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.

Мерекенің соңында жиналғандар мектеп оқушылары қойған концертті тамашалады.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.