Мәдениет

Мүгедектік  талантқа кедергі емес

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы, «Қазақ саңыраулар қоғамы» Ақтөбе қалалық филиалының ұйымдастыруымен мүгедектер күніне және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Саңыраулыққа бағынба, оны өзіңе бағындыр» тақырыбында есту мүмкіндігі шектеулі жандар арасында XV аймақтық фестивалі өтті.

Бұл іс-шараға Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе облыстарынан және Ресей Федерациясының Орынбор қалаларынан есту мүмкіндігі шектеулі 62 өнерпаз қатысып, өз өнерлерімен көрермен қауымды тәнті етті. Олар хореография, ым-ишарат тілінде ән айту, пантомимо және клоунада секілді жанрлар бойынша сайысқа түсті.

— Мақсат — мүмкіндігі шектеулі жастарды өнерге, көркемөнерпаз шығармашылығымен айналысуға баулу, сонымен қатар басқа өңірлердің шығармашылық ұжымдары арасында тәжірибе алмасу. Аймақтық фестивальді ең алғаш 2004 жылы біздің облыс өткізді. Одан кейінгі жылдары көрші облыстарда өткізуді қолға ала бастады, — дейді қалалық саңыраулар қоғамы мәдениет үйі мекемесінің әдіскері Самал Есембегалықызы.

Ақтөбе облысы бұл шараны бұған дейін 2004, 2007, 2011 және 2015 жылдары өткізген. Фестиваль қонақтарына «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығына және облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарды қолдауға  қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова, облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева, облысқа еңбек сіңірген спорт шебері Райса Байлиева келді. Атырау облысынан «Шаттық» би тобына жетекшілік етіп келген Исатай Елеусінов:

Осыдан 10 жыл бұрын Атырау облысында есту қабілеті төмен балалар бар екенін біліп, Саңыраулар қоғамы мәдениет үйіне келдім. Жан-жақты ойласа келе, «Шаттық» би тобын құрғанбыз. Содан бастап 11 жыл бойы әртүрлі фестивальдерге қатыстық. Бір байқағанымыз, фестивальдердің ішінде ең тұрақтысы — эстафета түрінде әр қалада жыл сайын өткізілетін осы аймақтық фестиваль. Қатысушылар қай жанрда болмасын бар жан дүниесімен тыңғылықты дайындықпен өнер көрсетеді. Құрам әрқашан өзгеріп тұрады. Жыл сайын «Шаттық» бишілер тобы осы шараға белсенді қатысады. Әкімдіктің қолдауымен өтетін фестиваль әр жыл сайын жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Қатысушы өнерпаздарға қарап, есту мүмкіндігі шектеулі деп айта алмайсыз, — деді.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button