Экономика

Ағаштан түйін түйген

«Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық.Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім.

Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет.Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді».

 ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев.

Соңғы жылдары ұлттық бұйымдарға сұраныс артты. Әсіресе, той-шашу мен қалыңдықтың төсек-орнына ұлттық нақыштағы бұйымдарды апару сәнге айналды. Ақтөбедегі ағаштан сандық жасайтын шебердің бірі — Медет Өтегенов. Медеттің бұл кәсіпті бастағанына көп уақыт бола қоймапты. Бұған дейін қызмет көрсету саласында еңбек еткен Медет жұмысынан қысқарып қалады. Қанша іздесе де қаладан жұмыстың реті табыла қоймайды.

Қалайда бір шаруаны қолға алу  керек. Ойлана келе, қолөнермен айналысуды жөн деп таптым. Себебі бала кезімнен осы іске икемім болды. Қолөнершілерден ағаштан қалай сандық жасауды үйрендім. Алғашында бұл іске  хобби ретінде қарасам, жұмыстан шығып қалған кезде кәсіпке айналдырдым. Сөйтіп, ағаштан түрлі сандық жасай бастадым. Алғашқы тапсырыс ағайын-туыстардан түсті, — дейді шебер.

Медеттің алғашқы жасаған бұйымдары тұтынушылардың көңілінен шыға бастады. Биыл тапсырыс тіпті көбейді. Ал істі жандандыру үшін жиһаз өндіруге және жинауға арналған қосымша жабдықтар қажет. Ол үшінқаржы керек. Осылайша Медет «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында14 пайыздық үстемеақымен қаражат алады. Оның 5,6 пайызын мемлекет өтесе,  «Даму» қоры 85 пайыз мөлшерінде кепілдік берді.

— «Банк ЦентрКредит» банкінің Ақтөбедегі филиалынан қаржыны алып, жиһаз өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазір менің жасаған сандықтарым «Мега Шығыс» базарында сатылады. Базардың 3-ші және 37-ші «Қыз жасауы» бутигінде саудаға шығады. Тұтынушының көңілінен шығу үшін сапаға мән береміз. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаның біз секілді кәсібін енді бастағандарға көмегі көп. Несие болмаса, істі алға жылжыту қиын. Қазір өзіммен бірге тағы да төрт адам жұмыс жасайды, — дейді Медет Өтегенов.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button