Экономика

Несие алып, салон ашты

Көп жағдайда адамдар бизнесті бастауға жүрексінеді. Оның ішінде біздің елде «кәсіппен айналысу өте қиын, кедергі көп» деген пікір басым. Сондықтан көпшілігінің істі бастауға батылдары жетпейді. Ал шын мәнінде еңбек еткен адамға жұмыс табылады. Бизнес дегеніміздің өзі, қарапайым тілмен айтқанда, еңбектену.

Ерінбей табысқа жеткен кәсіпкердің бірі — дәрігер Гүлназ Алкенова. Гүлназ — Тараздың қызы.  2011 жылы күйеуінің жұмыс бабы бойынша Ақтөбеге көшіп келеді. Гүлназдың алғашқы кәсібі де осы қалада басталды.

Негізгі мамандығым — гинеколог. Бірақ фармацевтика саласында он жыл жұмыс жасадым. Дегенмен адамның қызығушылығы басқа болса, сол бағытқа бүйрегің бұрып тұрады екен. Бала кезімнен шығармашылықпен айналысқанды жақсы көрдім. Сурет салып, бұйымдарды безендірген ұнайтын. 2015 жылы алғашқы «Decorme» студиямды аштым. Үйлену тойларында фотоаймақтарды безендіру, үстел, орындықтарды сәндеу және басқа да қызметтерді көрсете бастадық. Бұл біздің отбасылық бизнесіміз болды, — дейді Гүлназ.

Зайыбының ісіне жолдасы  Руслан Алкенов көмектесіп, қолдау білдіріп отырды. Аз уақыттың ішінде студияның жұмысы жандана түсті. Гүлназ істі әрі қарай дамытуды ойлайды. Осылайша сол жылы «Карета» үйлену салонын ашады. Бұл жерде үйлену тойында қандай дизайн болу керек, қажетті бұйымдар қалай әсемделуі тиіс, тіпті қалыңдықтың көйлегі қандай болу керек, яғни барлық қызмет жоғары талғаммен жасалды.

Кәсіп бастаған кезде өз-өзімді жетілдіруге, үйренуге ден қойдым. Қандай істі болмасын кішкентайдан бастау керектігін түсіндім. Айналадағы адамдардың пікірінен қорықпаған жөн. Күн сайын іздену керек. Өз стиліңді қалыптастыру  керек. Шығармашылықтың адамы бір нәрсемен шектелуге болмайды. Мәселен, жаңа коллекцияны әзірлеу кезінде, идея іздегенде, біз көбінесе өзімізгеұнайтын нәрсені ғана ойлаймыз. Жаңа нәрсені, жаңалықты қабылдай қоймаймыз. Бұл — дұрыс емес.  Дизайнер — бұл үнемі дамып, жаңарып отыратын адам, — дейді кәсіпкер.

Үнемі ізденіп, өзіне міндеттер қойып жүретін Гүлназдың ісі өрге басты. Тапсырыс берушілер көбейді. Алайда отбасылық жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласына көшулеріне тура келді. Гүлназ осындай салонды Елордадан ашуды ойлады. Бірақ бизнеске қолма-қол ақша керек.  Көп ойланбастан Ақтөбедегі «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жолығып, толық ақпарат алды. Биылғы жылдың сәуір айында «Бизнестің жол картасы —  2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында, пайыздық мөлшерлемемен «АТФ Банк» АҚ-нан несие алды. Қазір Ақтөбеден бөлек Елорда төрінде кәсібін жандандырып отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button