Басты жаңалықтарДенсаулық

Хирургтер кеңесі

Елімізде жылына 250 мың хирургиялық операция жасалса, соның 13 мыңнан астамы біздің облыста жүзеге асады. Технология дамыған сайын жедел хирургия бағытында да өзгерістер көп. Ақтөбеде алғаш рет өткен  Қазақстан хирургтер қоғамының ІІ пленумында осы мәселелер талқыланды. Қаланың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға  Түркия, Оңтүстік Корея, Литва, Ресей елдері мен республиканың әр аймағынан ғалымдар, бас хирургтер келді. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Олжас Әбішев қатысты.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин пленумға қатысушылардың қадамына сәттілік тілеп, өңір медицинасының дамуы туралы айтты.

— Технология күн сайын дамып жатқан заманда медицина саласы бір орында тұрмауы керек. Мамандар біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдап отыруы тиіс. Бұл ретте мемлекет тарапынан осы бағытқа ерекше назар аударылып, біздің облыста медицинаны дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүріп жатыр. Жаңа заманға лайықталған ғимараттар салынып, құрал-жабдықтар сатып алынды.  Кластер құрылып, кадр даярлау жұмыстарына баса назар аударылуда. Трансплантология, кардиохирургия, онкология, балалар хирургиясы, реабилитология, репродуктология, офтальмология және медицинаның басқа да бағыттары қарқынды дамып келеді,— деді облыс әкімі. Сондай-ақ отандық үш хирургті және ақтөбелік азаматтарға 12 рет сәтті ота жасаған Оңтүстік Кореядан келген  хирург Кванг Вунг Лиді ( Кванг Ли өзі келе алмауына байланысты марапатты профессор Ли Мюнгсу алды) «Ақтөбеге 150 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.  Сонымен қатар  Ақтөбеде 20 рет сәтті ота жасаған Седат Иылдырым мен жергілікті төрт дәрігер облыс  медицинасының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Олжас Әбішев бұл басқосу хирургияның дамуына ықпал ететінін айтып, жиналғандарды министрлік атынан құттықтады. Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақов, Қазақстан хирургтер қоғамының төрағасы Манас Сейсембаев аталған шараның маңыздылығын айтты. Ал Е.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басшысы Болатбек Баймаханов пленумның біздің өңірде өткізілуі кездейсоқ жағдай емес екенін түсіндірді.

— Алғашқы пленум Алматы қаласында өтті. Ал бұл жолы Ақтөбеде өткізуіміздің өзіндік себебі бар. Ақтөбеде еліміздің  батыс аймағын қамтитын медициналық кластер құрылды. Медицина университеті бар, соңғы жылдары аймақта осы бағыт қарқынды дамып келеді. Жалпы соңғы жылдары жоғары мамандандырылған көмекке көп көңіл бөліп, күнделікті қолданылатын жедел хирургияны кейінге қалдырғандай болдық. Негізі жасалып жатқан отаның 75 пайызы — жедел  хирургияның еншісінде. Сондықтан осы бағытты  дамыту мақсатында бас қосып отырмыз, — деді.

Шарада Қазақстан хирургтер қоғамының төрағасы М.Сейсембаев хирургиядағы ұзақ жылғы еңбегі, біліктілігі үшін  облыстың тәжірибелі  хирургтері Базылбек Жақиев, Тимур Қорғанбеков, Болат Базарбаев және Роза Кенжалинаға алтын медаль тақты. Жалпы екі күндік шарада ақтөбелік дәрігерлер шетелдік мамандардан хирургияның қыр-сырын үйреніп, тәжірибе алмасты. Литвадан келген хирург А. Малецкастың қатысуымен бариятриалық және  лапароскопиялық микрогастрошунттау, түркиялық хирург, профессор С.Йылдырымның қатысуымен қалқанша безіне эндоскопиялық, ал Сеул университетінен келген профессор М. Лидің басшылығымен өт жолдарына операция жасалды. Бір адамның бүйрегі ауыстырылды. Сүт безі, өт жолы, ішек құрылыстарына, яғни барлығы он ота жасалды.

Мәселен, бір ота бірнеше әдіспен жасалады және нәтижесі де әртүрлі болады. Басқосуда отаны қандай әдіспен жасаған дұрыс, науқасқа қайсысы жақсы әсерін береді, осындай мәселе талқыланды. Мамандар  білімі мен біліктілігін ортаға салды. Жалпы хирург болу үшін бірінші адамгершілік қасиет болу керек. Екінші — тәжірибе. Хирургтің қолы жеңіл болу үшін күн сайын жұмыс жасап, шыңдап отыру қажет, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Екі күндік шарада ғалымдар өз тәжірибелерін ортаға салды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button