Жаңалықтар

Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер күні атап өтілді

Жыл басынан бері облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері, соның ішінде   өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 3 мыңнан астам адамның өміріне араша болған. Дәлірек айтқанда, олар 663 адамды құтқарып, 2000 адамды  қауіпсіз жерге көшірген. Бұл — кішігірім бір ауылдың тұрғындарын құтқарғандай көрсеткіш.

Кәсіби күнге арналған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысып, Шығармашылық академиясы алдына қойылған  жаңартылған  техникалар  көрмесін аралады. Бұл жерде биыл облыстық бюджеттің 506 миллион 200 мың теңге қаржысына  сатып алынған 13 өрт сөндіретін техника, бірнеше қайық, жол апатына ұшырағандарға жедел көмек көрсететін аэромобильдер қойылыпты.

Мерекелік шара басталар алдында жиналғандар төтенше оқиға  кезінде қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Елімізде 1999 жылдың 19 қазанында тұңғыш рет Азаматтық қорғаныс және табиғи-техногендік апаттардан қорғау комитеті құрылды. Содан бері  осы күн Құтқарушылар күні болып белгіленіп, соңғы жылдары дәстүрлі түрде атап өтілетін болды. Қазақстандық төтенше жағдайлар қызметі мамандары 24 жылдың ішінде өрт, су басу, жол-көлік, т.б. оқиғаларына тап болған 100 мыңнан астам  адамның өмірін құтқарып, мыңдаған адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті гарнизонында  900-ден астам  қызметкер жұмыс істейді.

— Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті — өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып,  азаматтарды қауіп-қатерден арашалау болып табылатын жоғары әрі жауапты миссия. Тәуліктің қай кезінде  болмасын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Сіздер, ерлік пен батылдық таныта отырып, жанкештілікпен және жоғары дәрежелі кәсібилікпен өз қызметтеріңізді абыроймен атқарып келесіздер.  Бүгінгі  күні ТЖД және оған қарасты  мекемелерде 909 азамат қызмет атқаруда. Осы қызмет мамандары көмегімен 9 айдың ішінде 700-ге жуық азамат құтқарылды.

2019 жылы департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға  облыстық бюджеттен 506 миллион 200 мың теңге бөлінді, – деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

— Соңғы екі жылдың ішінде біздің облысымыздағы  төтенше жағдайлар қызметі  1 миллиард теңгенің заманауи техникасымен  жарақтандырылды.  Биылғы жылдың өзінде облыстық бюджет есебінен 13 арнайы техника сатып алынды. Бұл жағынан жергілікті  атқарушылық билік пен облыстық мәслихат тарапынан бізге жақсы қолдау  көрсетіліп келеді, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысы Бауыржан Сыздықов.

Кезекшіліктен тыс уақытта да осы қызметтің мамандары  қиындыққа, оқыс оқиғаларға тап болған талай жанның өміріне  араша болып жүр. Мысалы, №1 өрт сөндіру депосының  қызметкері  Мұңалбек Құлымбай 1 қазан күні отбасымен қыдырып жүріп, Прохоров көшесіндегі 5  қабатты үйдің екінші қабатынан шыққан өртті көріп қалады. Дереу  өрт сөндіру қызметіне хабарлап, олар келгенше  әр пәтердің есігін қағып, адамдарды сыртқа шығарады. Шалқар ауданындағы өрт сөндіру мекемесінің жүргізушісі  қызыл жалынға оранған жеке үйдің ішінен  өздігінен жүре алмайтын 66 жастағы әйел адамды алып  шыққан.

Облыс әкімі  өрт кезінде адамдарды құтқарған, соның ішінде 2 азаматты ажалдан аман алып қалған Азамат Дәулетов, Арман Балымбетов, Еркін Қойшыбаевты,  «Зелло-поиск» әлеуметтік желісінің еріктілері Күлән Қойшыбаева мен Екатерина Володинаны Алғыс хатпен марапаттады. Осындай  Алғыс хатқа  суға түсу маусымында жағажайда суға шомылғандардың батып кетпеуін қадағалап, кезекшілік атқарған Ақтөбе қаласындағы №36  мектеп мұғалімдері Бауыржан Түлкібаев мен Амангелді Төлен, Мәртөк ауданындағы  Құрмансай, Байнасай, Вознесеновка орта мектептерінің 3 мұғалімі де ие болды.

ТЖД 4 қызметкеріне О. Оразалин автокөлік кілттерін табыстады. Облыстық ТЖД бастығы 2-дәрежелі «Айбын» орденінің  иегері Б.Сыздықов азаматтық қорғау полковнигі атағын иеленді. Бұдан өзге 20-дан астам қызметкер «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін»  төсбелгісімен  марапатталды.

                                                                        Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button