Рухани жаңғыру

Оза шапқан оқушылар марапатталды

Ақтөбеде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында өткен байқаудың жабылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.

— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облысымыздың дамуына серпін беріп, қоғам талабымен үйлесім тапты. Оның бір дәлелі — «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы. Бұл байқаудың ақтөбелік балалар арасында кең қолдау табуында да ерекше мән бар. Себебі Ақтөбе жері батырлар мекені. Тарихта өшпес із қалдырған қос Есет батыр, Қобыланды мен Бөкенбай батырлар,  шығыс жұлдызы атанған батыр қыз Әлия Молдағұлова — Ақтөбенің мақтаныштары. Мұндай ұлылар мекенінде дүниеге келген балалардың батырлар жырына қызықпауы мүмкін емес. Байқау арқылы ата-бабамыздың тәрбие тәсілі қайта жаңғырып жатыр. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қолға алынып, жаңғыртылуы игі бастама. Біз тек атадан қалған сырлы сөздер мен рухани үлгімен ғана рухани түлеп, саналы түрде жаңғырамыз. «Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар арқылы бай мұрамызды бойына сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсіп-өнеді.

Бұл байқауда ешкім жеңілген жоқ. Ақтық сынға жолдама алған 40 оқушымен қатар, байқауға қатысқан 2000 баланың барлығы да жеңімпаз. Себебі олардың бойларында қазақтың асыл мұрасына деген қызығушылығы оянып, намысшылдық, қайсарлық қасиеттердің бойларына сіңгеніне сенімдімін, — деген облыс әкімі байқау жеңімпаздары мен олардың жетекшілеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар сертификаттарын табыс етті.

Байқаудың 1-орны мен 1 миллион теңгенің сертификатын Алға ауданындағы №3 мектептің оқушысы Мұрағат Бекенов алса, 2-орын мен 600 мың теңгелік сертификатты Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназияның оқушысы Амира Сәбитова иеленді. Ал жүлделі 3-орын мен 300 мың теңгенің сертификаты хромтаулық Рауан Аманкелдіге бұйырды.

Бірінші орын алған оқушының жетекшісіне 2 миллион теңгенің сертификаты, екінші орын алған оқушының жетекшісіне 1 200 000 теңгенің, ал үшінші орын алған жүлдегердің ұстазына 600 000 теңгенің сертификаттары тапсырылды. Енді аталған жеңімпаздар облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

Байқауға республика бойынша 5621 мектептің 51 328 оқушысы қатысса, Ақтөбе өңірінен барлығы 2311 өрен бақ сынады. Байқау шарттарына сәйкес,

6-11 сынып оқушылары 132 беттен — 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтудан сайысқа түсіп, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, облыстық білім басқармасының қолдауымен өткен байқаудың  бірінші кезеңі  16-30 қыркүйек аралығында өткен болатын.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button