Жаңалықтар

Бірінші кезектегі проблема — жол мәселесі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Ол алдымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының жұмысымен танысты. Сегіз мультимедиялық оқу кабинетімен жабдықталған мекеменің бөлімдері  Хромтау, Мәртөк, Қарғалы, Алға, Қобда, Мұғалжар аудандарында  жұмыс жасайды.

Орталық басшысы Клара Серғазина  облыс әкіміне жетістіктері мен оқу жүйесінің ережелері туралы айтып берді. Мемлекеттік мекеменің негізгі мақсаты мемлекеттік және басқа да  тілдерді оқыту, оқу процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеп, басып шығару, мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады. Жыл басынан бері  мемлекеттік тілді игеру бағытында 1445 азамат оқыса, ағылшын тілін 187 адам оқыған. Сондай-ақ, латын графикасына көшу жұмыстары  үшін 27087 азаматтың қатысуымен 398 ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілген.  Облыс әкімі тіл орталығының қызметкерлеріне жұмыс қарқынын күшейтіп, серпіліспен жұмыс жасау қажеттігін айтты.
«Тіл үйренуге құштар азаматтарға  неғұрлым жеңіл, ұғынықты үйренетіндей жағдай жасау қажет. Кейде дұрыс аударылмаған терминдер мен үйретушінің тәжірибесіздігінен  керісінше, азаматтарымыздың қызығушылығын жоғалтамыз. Дұрыс аударылған терминдік  сөздерді біртіндеп үйренуге мүмкіндік берген дұрыс», — деді облыс басшысы.
Бұдан соң облыс әкімі  «Қоныс» спорт кешенінде «Ақтөбе» баскетбол командасымен, команда басшысы Алмат Кенжеғұловпен және команданың бас жаттықтырушысы Арсен Телеуовпен кездесті. Биылғы тамыз айында  өз тарихында алғаш рет  «Ақтөбе» баскетбол командасы ҚР Жоғарғы лигасының чемпионы атанды. Ең  маңызды рекорд – баскетболдан ҚР жоғарғы лигасының тарихында команда алғаш рет өнер көрсетіп, жарысқа қатысқан екінші жылы чемпион атанды.
ҚР Жоғарғы лигасының чемпионы болған команда еліміздің ұлттық лигасына жолдама алған болатын. Облыс әкімі спортшыларды жеңістерімен құттықтап, оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Оңдасын Оразалин   облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев, қала әкімі Мавр Абдуллин  және т.б. жауапты мамандармен бірге   2020 жылы Бөкенбай батыр көшесінде жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстары жоспарымен және Елек өзені арқылы өтетін көпірдің, Ақжар тасжолы бойындағы автожолдың жай-күйімен танысты.
Елек өзені арқылы көпірдің көлемі екі есеге кеңейтіліп,  Ақжар тасжолы бойындағы автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс басшысы осы мәселені ыждағаттап шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.
«Автожолдардың жай-күйінен толықтай хабардармын, өңірде жол мәселесі бірінші кезектегі проблема болып отыр. Тегіс жолдарға қол жеткізу үшін жан-жақты әрі жүйелі жұмыстарды атқаруға кірістік. Түйткілді мәселе  біртіндеп өз шешімін табарына сенімдімін», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Облыста тұрғындарды жаппай салауатты өмір салтын ұстануға, жастарды спортқа бейімдеу мақсатында қала, аудандарда  көптеген спорттық кешендер бой көтеруде. Спортпен шұғылдануға ниетті ақтөбеліктердің саны күн санап артып келеді. Ақтөбелік  жеке кәсіпкер  Бақыт Бекеев 2018 жылы Заречный-3 тұрғын үй алабынан  спорт кешенін салуды бастап, осы жылы толық аяқтады. Облыс басшысы  жаңадан салынған «Арлан» спорт кешенін аралап, жаттығу бөлмелерін көрді. Мұнда күніне 400 адамның спортпен айналысуына толық мүмкіндік қарастырылған. Шағын футбол, волейбол, баскетбол, таэквондо, дзюдо, би залдары, бассейн жұмыс жасайды.
Оңдасын Оразалин облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының  басшысы Евгений Гончаровқа  көпшілік арасында жаппай  спортпен шұғылдану насихатын күшейтіп, әсіресе, балаларды спортқа бейімдеу қажеттігін тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button