Басты бет » Білім » Мектеп менеджменті: жұмыс және сапа

Мектеп менеджменті: жұмыс және сапа

«Мектеп менеджменті: тиімді басқару және сапалы білім беру». Ақтөбеде ұйымдастырылған орта білім беру саласындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің кеңейтілген отырысы осындай тақырыпта өтті.

Шараның өтуіне ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, сондай-ақ, біздің облыстың және Батыс Қазақстан облысының білім басқармалары ұйытқы болды. Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен шараның пленарлық отырысына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты. Сондай-ақ басқосуға  республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшелері, әдістемелік орталық (кабинеттердің) басшылары мен меңгерушілері жиналды.

Жиынның мақсаты — білім беру сапасын жақсарту үшін білім беру ұйымдарын тиімді басқарудың негізгі тақырыптарын талқылау.

Шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов республикалық кеңестің жұмысты біздің облыстың білім  саласына оң ықпалын тигізетініне  сенім білдіріп, мұндай маңызды шараның өтуіне Ақтөбе өңірінің таңдалынып алынғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Сапалы білім — мемлекет пен қоғам үшін басты құндылық.  Білімнің биік беделі — тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың басты алғышарты. Сондықтан да, білімді дамыту мемлекеттің барлық стратегиялық бағдарламаларының тірегі.

Біздің облыс әрдайым  білім  саласындағы  өзіндік  дәстүрлерімен,  жаңашыл педагогтерімен  үлгі. Білім саласының дамуы, ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау — облыс үшін қашан да ең басты міндеттердің қатарында. Біз білім саласына басқа салалардан артық қолдау көрсетіп келеміз, — деді Марат Тоқжанов.

Бүгінде облыстың білім саласына облыс бюджетінің 40 пайызы бөлініп отыр. Бұл — біздің өңірдің болашаққа бағытталған ең маңызды инвестициясы. Соңғы 5 жылда  аймақта 48 мектеп салынып, 161 балабақша ашылды. Білім беру мекемелерінің  материалдық-техникалық базалары жаңартылып жатыр. Мұның бәрі облыстың экономикалық әлеуетінің артуының арқасында мүмкін болып отыр.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның баяндамасы тыңдалды.

Білім сапасы ең алдымен кадрлық қамтамасыз ету, оның ішінде басқарушылық корпустың әлеуетіне тікелей байланысты.

Облыста жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында жаңаша басқарудың түрлі әдіс-тәсілдері зерделеніп, әр басшының басқару құзыреттілігін арттыруды көздейтін іс-шаралар кешені қалыптасқан. 

Білім беру ұйымдарының басшылары білім саласындағы өзгерістерді табысты жүзеге асырудағы негізгі буыны. Кәсіби жетекші ретінде мектеп директоры білім саласына тікелей жауап береді, — деді Ләззат Оразбаева. Ол баяндамасында облыстағы басқарушы кадрлардың әлеуеті мен сапасына талдау жасады.

Қазір облыста  345 мектеп директоры бар. Басқарушы ер-азаматтардың үлесі 56 пайыз (194). Жалпы оқытушылардың 7 пайызы басқарушылар корпусында.

Облыстағы мектеп директорларының тек қана 8 пайызының 20 жылдық педагогикалық өтілі бар, 43 пайызының мұғалімдік тәжірибесі 5 жылдан кем.  2 басшы — педагог-шебер, 43-і педагог-зерттеуші,  47-сі педагог-сарапшы. 10 басшы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 16-сы — Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Мектеп директорларын тиімді дайындау өте маңызды. Себебі көшбасшы ең басты рөл атқарады және мектептің сапалы білім беруіне, оқыту бағдарламаларының жақсаруына ықпал етеді, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Пленарлық отырыстан кейін білім беру менеджментінің заманауи әдістерінің панорамасы (практикалық бөлім) төрт бағытта ұйымдастырылады.

Орта білім беру саласындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің қорытындысы бойынша педагогикалық менеджмент басқару қызметінің мәдениетін дамытудың жоғарғы деңгейіне көтеру мүмкіндігі мәселелерінің ұсыныстары қабылданды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.