Мәдениет

Қазанғаптанушылар бас қосты

Ақтөбеде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын кеңінен насихаттау және «Ұлы мұра» халықаралық жобасын жүзеге асыру мақсатында күйші-композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына арналған «Фольклор және аспаптық музыка — тұрмыстық ахуалдың негізгі замандағы көрінісі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ақтөбе қаласының әкімдігі және  Nur Otan партиясының қалалық филиалының қолдауымен өткен халықаралық деңгейдегі шараға Қазанғаптың домбырадағы орындаушылық мектебін зерттеуші, күйші Еділ Басығараев, сондай-ақ, Нұрболат Жанаманов, Жайлау Асылханов секілді белгілі күйшілермен қатар Ресейдің Мәскеу қаласынан Гнесиндер атындағы РМА оқу жұмысы бойынша проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Александр Базиков, Ресей халық ұлт-аспаптар кафедрасының оқытушысы Ольга Васильева, Санкт-Петербург консерваториясының аға оқытушысы, композитор Владимир Конов, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы Калмурза Кубанов, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Раушан Малдыбаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының өнертану ғылымдарының магистрі Нұргүл Жақыпбек секілді ғалымдар арнайы келді.

Шараның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева тақырып маңыздылығына тоқталды.

— Бүгінгі шара құтты мекен Ақтөбеде дәстүрлі түрде араға 5 жыл салып ұйымдастырылып келеді. Тарихи нақты дәйектемелер айтылып, атадан қалған мұраны сақтаудың жолдары сөз болатын халықаралық конференцияның өскелең ұрпақ үшін берері мол. Еліміздің өзге қалаларымен қатар, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген құрметті меймандарға шаһар басшылығы атынан алғыс білдіремін. Рухани маңызы мол шараның жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тілеймін, — деді ол.

Конференция барысында қазақ музыкасы мұрасындағы Қазанғап шығармаларының  алатын орны тұрғысында келелі әңгімелер айтылып, әлем халықтарының музыкалық мәдениетін сақтау мен дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғалды. Сонымен қатар фольклорлық зерттеулер мен мұрағат беттерінде беймәлім болған музыка әлемінің қайраткерлері туралы да тарихи деректер айтылды.

Түске дейін Nur Otan партиясының облыстық филиалы ғимаратында конференцияның пленарлық жұмысы өтіп, онда жоғарыда атап өткен ғалымдардың баяндамалары тыңдалса, күннің екінші жартысында Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары Шалқар қаласынан келген қазанғаптанушы Жұмабай Жансүгіров ақсақалмен, сондай-ақ Еділ Басығараев, Нұрболат Жанаманов, Жайлау Асылханов секілді белгілі күйшілермен кездесіп, әңгімелесті.

Халықаралық деңгейдегі шара қалалық мәдениет үйінде «Ән-күй — халық қазынасы» атты мерекелік Гала-концертпен аяқталды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button