Басты бет » Әлеумет » Жәрмеңке жазасын өтеп шыққандарға жәрдемдеседі

Жәрмеңке жазасын өтеп шыққандарға жәрдемдеседі

«Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде ашық есік күні өтті.

Бұл күні Ақтөбе қаласы Алматы және Астана ауданы прокуратурасының ұсынысымен бекітілген «Ақтөбе қаласы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алудың 2019 жылға арналған жоспары» бойынша жеке санаттағы тұлғалар үшін мамандандырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат — түзету мекемесінде жазасын өтеп шыққан, пробация есебінде тұрған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру.

Аталған санаттағы тұлғалар үшін ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл күнгі жәрмеңкеге қатысқан 15 компания құрылыс, мұнай саласы, қызмет көрсету және сауда, қаланы көріктендіру салалары бойынша 301 бос жұмыс орнын ұсынды.

Жәрмеңке барысында Алматы ауданы пробация қызметінің бөлім бастығы Жанна Досымова бізде өзі қызмет ететін ауданда пробация есебінде тұрған, жазасын өтеп шыққан 511  адам барын, жәрмеңке басталғалы жұмыс сұрап келген 10 адамға бос жұмыс орындарына жолдама берілгенін, есепте тұрғандардың әрқайсысын жұмысқа тұрып кеткенінше қадағалап-бақылап отыратындарын әңгімеледі.

— Жыл басынан бері біздің бөлімге жазасын өтеп шыққан және пробация есебінде тұрған 234 адам жолықты. Оның 83-і жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін белсенді шараларға қатысты, — дейді халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Әсем Медетова.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында жыл басынан бері 8 кезекті және 4 мамандандырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 838 адам жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта электрондық еңбек биржасы порталында Ақтөбе қаласы бойынша 1965 бос жұмыс орны мен 2266 түйіндеме орналастырылған.

Сондай-ақ, бұл күні «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Баспана» ипотекалық компаниясы және екінші деңгейлі банктердің өкілдері «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әрі тұрғын үй несиесі туралы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.