Жаңалықтар

Ақша жинауға жол жоқ

Ақтөбе қаласындағы №64 мектепте «Ақша жинауға жол жоқ» атты науқан өткізілді.

Ақтөбе қаласының әкімдігі мен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты — ата-аналар мен білім беру мекемелерінің ұжымы арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу.

Мемлекет оқу орындарындағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және білім беру мекемелерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін  қажетті қаражатты толық көлемде бөлгеніне қарамастан, мектеп қажеттіліктеріне ата-аналардан ақша жинау мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып тұр.

Акция барысында «Ақтөбе — адалдық алаңы»  жобалық кеңсесінің қызметкерлері оқушылардың ата-аналары мен білім беру мекемесінің ұжымына кез келген жарна түрлері заңсыз болып табылатыны туралы ақпараттық жадынамалар таратты.

— Бүгінгі науқан қаламыздағы барлық мектептер мен балабақшаларда, білім мекемелерінде ұйымдастырылып жатыр. Ата-аналар тарапынан біздің сенім телефонына әртүрлі арыздар мен хабарламалар жиі түсіп жатады. Мұндай мәселелер қазір қаладағы №60 және №62 мектептерде тіркелді. Мектептерде заңсыз ақша жинау деректері анықталған жағдайда, тиісті шаралар қолданылады, — дейді «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілер анықталған жағдайда тұрғындар «Ақтөбе — адалдық алаңы»  жобалық кеңсесінің 8 701 617 44 88 нөміріне хабарласа алады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button