Спорт

Есенкелді — ел есінде

Қазанның 25-26 күндері Жекпе-жек спорт сарайында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есенкелді Батырғаринды еске алуға арналған турнир өтеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жарысқа Біріккен Әлемдік Күрес Федерациясының (UWW) талаптарына сай 55 кг, 60 кг, 63 кг, 67 кг, 72 кг, 77 кг, 82 кг, 87 кг, 97 кг, 130 кг салмақ дәржесіндегі 17-19 жастағы балуандар қатысады. Турнирде биыл алғаш рет Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің спортшылары сынға түседі.

Аталмыш жарыс негізгі олимпиадалық спорт түрі ретінде грек-рим күресін жастар арасында кеңінен насихаттау және беделін арттыру, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайту мақсатымен өткізілмек. Жарысты облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығы ұйымдастыруда. Төрешілер құрамында Халықаралық Күрес Федерациясының төрешісі, ҚР спорт шебері Серік Жоламанов пен халықаралық спорт журналистері одағының мүшесі, сарапшы және «ҚазСпорт» арнасының спорт сарапшысы Аспандияр Есенжолов бар.

Біріккен Әлемдік Күрес Президентінің Азия құрлығындағы кеңесшісі Қайыржан Бекенбаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Рысбек Нұрғазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұратбек Қасымханов, сонымен қатар биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Мейрамбек Айнағұлов пен Нұрислам Санаев турнирге құрметті қонақ ретінде қатысады.

Есенкелді Батырғарин — еліміздегі грек-рим күресінің дамуына зор ықпал еткен азаматтардың қатарынан, бұл салада жеткен жетістіктері де аз емес. Ақтөбе облысының классикалық күресі тарихында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған алғашқы балуан. КСРО күрес құрамасында Әлем кубогын, жасөспірімдер арасында әлем чемионатының күміс жүлдесін иеленген. Бүкілодақтық Универсиаданың, КСРО халықтары X жазғы Спартакиадасының жеңімпазы. Шалқар қаласындағы Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен шыққан талантты балуандар шоғырынан Батырғарин есімі ерекше аталады.  Бүгінгі күні Шалқар қаласындағы көшелердің біріне Есенкелді Батырғарин есімі берілген. Еліміздің грек-рим күресі спортына сара жол салған ер есімі ел есінде сақталары сөзсіз.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button