Басты жаңалықтар

Жұмыссыз жастар мен мүгедек балаларға қамқорлықты күшейтуіміз керек

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен ақтөбеліктерді әлеуметтік қолдау жұмыстары қаралған жиын өтті. Соның ішінде жұмыссыз жастарға демеу көрсету, мүгедек балаларды оңалтуға қатысты жол картасын әзірлеу, т.б. мәселелерге маңыз берілді.

Облыстық әкімдік ғимаратында өткен басқосуда өңір басшысы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау, әлеуметтік көмектер — қоғамдағы өзекті мәселеге айналғанын айта келе, Мемлекет басшысының өзі аталған топтағы қазақстандықтарға қол ұшын созуға баса мән беруді тапсырғанын атап өтті. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек алуда табысын жасырып, сол арқылы қулыққа барғандар да кездесіпті. Бұл туралы:

— Мұндай жағдай жалпы республика көлемінде тіркелді. Осы жылдың 1-қазан күнгі дерекке сәйкес, облыс бойынша 3488 отбасы өз табысын жасырып, көмек алмақшы болған. 9,5 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Бұл ретте тұрғындардың жауапкершілігінен бөлек, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде болмағанын көріп отырмыз.

Жұмыссыздықтың алдын алу да басты назарда болуы керек. Осы жылы 41 мыңға жуық жұмыссыз азаматты мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда 16,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрап отыр. Сондықтан тиісті органдар ауыл әкімдерімен бірлесіп, тұрақты жұмыс орындарын көбірек ашу мәселесін шешу қажет, — деген Оңдасын Сейілұлы аталған түйткілде Қарағанды қаласының тәжірибесін басшылыққа алу керектігін ескертті. Өйткені аталған өңірдің бұл жағынан көрсеткіші көңіл көншітерлік екен. Ақтөбелік шенеуніктер сондағы әріптестерінің жұмыс тәсілін меңгерсін деген мақсатпен арнайы іссапар да ұйымдастырылған.

Одан соң сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов биылғы 9 айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Оның сөзінше, өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны артып отыр. Мәселен, осы жылы облыстағы 5983 отбасына барлығы 4,5 миллиард теңге беріледі деп жоспарланғанымен, сәуір айында бұған қосымша 2799 отбасына 266,7 миллион теңге төленген. Ал 1 қазандағы көрсеткішке көз жүгіртсек, олардың қатары 6-7 есеге өсіпті. 9 айда барлығы 18782 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның жалпы көлемі — 6,4 миллиард теңге. Өз кезегінде әртүрлі себептермен 5242 отбасына мұндай көмек беруден бас тартылған.

Сонымен қатар басқарма басшысы өз сөзінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында еңбекке қабілетті азаматтардың түрлі себептерді алға тартып, ұсынылған жұмыстардан бас тартуы елдегі жұмыссыздық пен көлеңкелі экономиканың өсуіне алып келгенін, атаулы әлеуметтік көмекке жүгінушілердің әрқайсысының арызы қала, ауыл округтері жанынан құрылған учаскелік комиссиялар тарапынан мұқият қаралып, нақты шешімдер қабылдану қажеттігін келтірді. Жалпы, өңірде кірістерін жасырған 1227 отбасының 1199-ына төлем тоқтатылса, 1804 отбасына қайта есептеу жүргізілген. Тағы 55 отбасына тағайындалған төлем нақтылау барысында дәлелденбегендіктен өзгеріссіз қалдырылса, 430 отбасына төлем уақытша тоқтатылыпты. 204 отбасыдан 17,4 млн теңге артық төленген қаражат бюджетке кері қайтарылды.
Ресми деректерге сүйенсек, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына осы жылы 10,4 миллиард теңге бөлінген. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 1085 адам техникалық һәм кәсіптік білім алыпты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды 937 адам тәмамдап, соның 796-сы жұмысқа орналасқан. Бағдарламаның екінші бағытына келсек, «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 2151 азамат кәсіпкерлік негізге оқуға жіберіліп, 699-ы өз бизнес-жобаларын қорғаған. 432 азамат қаржыландырылды. «Жас кәсіпкер» жобасына қатысқандардың саны — 1100.

— Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Енді соны халыққа жүйелі түрде түсіндіру қажет. Ол үшін, мысалы, көпшілік орындарда, сауда орталықтарында мамандар нақтылы жұмыс істеуі тиіс. Жастар тағы қай жерлерде көптеп шоғырланады? Түсіндіру жұмыстарын, әсіресе, соларға мейлінше түсінікті тілде, қарапайым жолмен жүргізу керек. Әйтпесе мемлекеттік қолдау, түрлі бағдарламалар туралы білмейтін жастар көп. Біз жұмыссыз жастардың санын қысқартуға мүдделі болсақ деймін. Өйткені олар да осы елдің азаматы, біреудің баласы. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Жастар арасында түрлі акция, сайыстарды өткізген дұрыс. Бірақ оларды әлеуметтік қолдау, еңбекпен қамту жайына бірінші кезекте мән беруіміз қажет. Осыған әлі де тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Және бұған науқандық жұмыс ретінде қарамаңыздар, жүйелі түрде жасаңыздар, — деді облыс әкімі мемлекеттік мекемелердің басшыларына.

Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин мобильдік топтар құрып, сала мамандары облыс орталығында ғана емес, аудандарда да бос жұмыс орындары, арнаулы курстар туралы жан-жақты мәлімет беруі керектігі жөнінде тапсырма берді.

Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 26 мыңнан асады. Оның 3560-ы — 16 жасқа толмаған балалар. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 1720,8 миллион теңге бөлінген. Десе де, денсаулығы дімкәс кішкентайларды сауықтыру жұмыстары әлі де мәз емес. Қарттар мен мүгедектер қоныстанған Ақтөбе қаласының іргесіндегі ғимараттың да жағдайы мүшкіл…

Жылдан-жылға мүгедек балалардың саны артып барады. Соның ішінде жүйке жүйесінде ауытқуы барлар. Оның себебі қандай? Оларды оңалту, мұндай кеселдің алдын алу үшін жол картасын әзірлеу қажет. Бұл мәселеде жеке кәсіпкерлерді де жұмылдырсақ, олар мәселені оңтайлы шешуге нақтылы ұсыныс-тілектерін айтса, жақсы болар еді. Емдеу-сауықтыру шараларына атсалысатын, соған маманданған іскер азаматтарды айтамын.

Бала — біздің болашағымыз, ал жастар — еліміздің қозғаушы күші. Сол себепті, осы топтағы азаматтарды қолдауды барынша күшейтіп, барлық игіліктерді ұсынуымыз керек, — деген Оңдасын Оразалин өзінің орынбасарлары мен қос облыстық мекеме — жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтен нақтылы нәтиже күтетінін ескертті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button