Жаңалықтар

Азық-түлік бағасына мониторинг жасалды

Кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында облыстық қоғамдық кеңестің бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары қатысты.  

Кеңейтілген отырыстың және тұрақты комиссияның төрағасы Есімхан Құрманғазиннің төрағалығымен өткен жиында Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес қоғамдық кеңестің өкілеттіліктерін жүзеге асыру барысы айтылды. Атап айтқанда, облыстық қоғамдық кеңес мониторингін жүзеге асыру нәтижесі тыңдалды.

Қоғамдық кеңес мүшелері мен  прокуратура мамандары Ақтөбе қаласындағы бірқатар сауда орындарында әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізген. Кеңейтілген отырыста осы жұмыстардың нәтижелері туралы сараптамалық талдау жасалды. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бижан Қалмағанбетов баяндады.

Жаз айларында екі топқа бөлініп, қаламыздағы ең ірі сауда желілері — «Анвар», «Дина» гипермаркеттері мен «Табыс» коммуналдық базары, 41-разъездегі көтерме және мал базарларын аралап, ондағы азық-түліктердің бағасына талдау жүргізген болатынбыз. Бұл жұмыстар қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия мүшелеріне жүктелген болатын. Айта кету керек, негізгі тауарлардың бағасына бақылау көрсеткендей, азық-түлік өнімдерінің бағасында айтарлықтай өзгерістердің байқалмайтынын көрсетті. Сондықтан біз нәтижелерді «орташа деңгейде» деп бағаладық, — деген ол отырысқа қатысушылардың назарына 21 тамыз бен 15 қазан күндері сауда нүктелеріндегі сатылымдағы тауар бағасының айырмашылықтарын ұсынды.

Ол өз сөзінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасын барынша тұрақтандыру үшін сауда кәсіпорындарының басшыларымен кеңесу жұмыстарын жиі өткізу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ жиын барысында азық-түлік тауарларының бағасына қатысты Ақтөбе қаласы тұрғындарынан алынған сауалнамалық зерттеу жұмыстарының нәтижесі де айтылды. Жиында облыстық кәсіпкерлер басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан шаруалар жайын баяндады. Ол өз сөзінде 4-5 жылдан бері бұл бағытта қалада тұрақтандыру қорының ашылып, жұмыс жасап жатқанын, қордағы азық-түлік өнімдерінің арзан бағамен әлеуметтік дүкендерде сатылымға шығарылатынын жеткізді.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорына 1800 тонна көкөніс өнімдері салынды. Бұл —  қала халқын  сәуір айына дейін қамтамасыз етуге арналған өнім. Ең бастысы, өнімнің бұл түрі  жеткілікті мөлшерде салынды, — деді А.Көкеев.

Бұл орайда қоғамдық кеңес мүшелері бағаны тұрақтандырудағы жергілікті атқарушы органдардың жасап жатқан жұмысына қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button