Жаңалықтар

Департамент өкілдері қызметкерлермен кездесті

Акция

Сейсенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігінде республикалық «Адалдық сағаты»  бірыңғай акциясы аясында Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшылары мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік сала мамандарымен кездесу өткізді.

Кездесуге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Досанов қатысты.

Басқосуда департамент өкілдері қала тұрғындары тарапынан қолдауға ие болған бұл шара жыл басынан бері екінші рет өткізіліп отырғанын, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесіп жұмыс жасаудың маңызды екенін атап өтті.

Кездесуде мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлық мәселесі туралы өз ой-пікірлерін білдіріп, сауалдарын жолдады.

Республика бойынша ұйымдастырылып жатқан «Адалдық сағаты» акциясы аясында бүгін мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік сала мамандарымен кездесіп, оларға сыбайлас жемқорлықты жою, оның алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы түсіндіріп жатырмыз. Бұл мәселеде департамент қоғамдық институттармен, қоғам белсенділерімен, мемлекеттік қызметшілермен, халықпен бірге жұмылып жұмыс жасап, күресуі керек. Ең бастысы, әрбір адам өз қызметінде жемқорлық тәуекелдеріне бармай, қасындағы әріптестерін де сақтандыруы тиіс.

Деректерге келсек, биыл жыл басынан бері осы салада облыста 99 қылмыс тіркелген. Оның 83 пайызы — сыбайлас жемқорлық деректері. Атап айтсақ, оның 24-і пара алу дерегі болса, олар құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әр саладағы басшылардың қатысуымен жасалған. Сондай-ақ бүгінгі күні облыста құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жемқорлық деректері көп кездеседі, — дейді Ғ.Досанов.

Оның айтуынша, биыл ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 676-бабы бойынша (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі) 5 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, парақорлық деректері бойынша ҚР Қылмыстық Кодекстің 367-бабымен 3 қылмыстық іс тіркелген, оның біреуі сотқа жіберілсе, екеуі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

Айта кету керек, аталған акцияны алдағы уақытта тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр.

Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button