Спорт

1 күміс, 1 қола

Облыс палуандары  Өзбекстаннан олжалы оралды

 Қазанның 11-14 күндері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында самбодан жастар арасында өткен әлем чемпионатынан облыстан барған палуандарымыз жүлделі орындармен оралды.  48 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 18 жастағы ойылдық палуан Бекзат  Мұханбетов күміс медаль иеленсе, 60 келі салмақтағы палуан қызымыз Гүлвира Бисенғалиева чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

Бұған дейін Щучинск және Шымкент қалаларында екі рет оқу-жаттығудан өткен олар әлем чемпионатына жолдама алды. Боз кілемге 11 жасында келген Бекзаттың жетістіктері аз емес. Талай додаларда бақ сынап жеңістің де, жеңілістің де дәмін татты. Есесіне әр сайыстан тәжірибе жинай берді. Дегенмен әлем чемпионатына алғашқы қатысуы және ол үшін жеңістің ең үлкені  де осы.

Отыздан астам мемлекеттен 400-ге жуық палуандар қатысқан байрақты бәсекедегі белдеуслерімен бөліскен Бекзат бабында болғанын, сонымен қатар жеңіске жаттықтырушылары Т.Қалниязов, А.Шерниязов және А.Үбаевтардың айтқандарын бұлжытпай орындағанның нәтижесінде жеткенін айтты. Ақтық сынға дейін үш палуанды тізерлеткен.

Бірінші белдесуде бос қалдым. Маған қиыны — әлемдік спортта былғары қолғап пен боз кілемдегі бәсекеде негізгі қарсыласымыз өзбек палуанымен кездесу болды. Бірінші белдесу болғандықтан тер шығару, ашылу үшін өте қиын қарсыласқа тап келдім. Ал, үшінші ақтық сынға жолдама алу үшін тәжік палуанын жеңу керек еді. Бұл жолы жаттықтырушыларымның айтқанын тыңдап, бірден ширақ қимылдап, сергек қозғалып, сақтанып күресудің арқасында жеңдім.

Ал ақтық бәсекеде орыс палуанына өз ұйғарымыммен тактика құрдым. Бұл өзімнің қателігім болды. 1-0 есебімен есе жібердім. Келер жылы Ақтөбеде өтетін жастар арасындағы ел чемпионатына дайындаламыз және қателіктерді жөндеуге күш саламыз, — дейді әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button