Жаңалықтар

Биыл облыста жол апатынан 75 адам қаза болған

Олардың 12-сі — бала

Сейсенбі күні облыстық полиция департаменті мен білім басқармасының басшылары мектеп және колледж директорларымен, ата-аналар комитетінің төрағаларымен кездесті. Шығармашылық академиясында өткен кездесудің негізгі мақсаты — балалар тасымалымен айналысатын автобустар арасындағы жол-көлік оқиғасының алдын алып, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткен кездесуде полицейлер балалар тасымалы кезіндегі заңдылықтың басты талаптарын айтып, мектеп басшылығы мен ата-аналардың қандай алгоритммен жұмыс жасау керектігін түсіндірді.

Полицейлердің айтуынша, балалар тасымалы кезінде ҚР Ішкі істер министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің №349 бұйрығына сәйкес мектеп директорлары арнайы хат әзірлеп, полиция департаментіне жіберуі тиіс. Хат жіберілген күннен бастап 3 тәулік ішінде полицейлер оқушыларды тасымалдайтын көлікті арнайы тексерістен өткізуі шарт.

— Қазіргі таңда облыс аумағында қоғамдық көліктердің кесірінен болып жатқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Автобус» жедел- профилактикалық іс-шарасы өтіп, барлық қоғамдық көліктер тексеріліп жатыр. 10 қазаннан басталған тексеріс барысында біздің қызметкерлер 500-ге жуық құқықбұзушылықты анықтады. Осындай олқылықтардың алдын алып, болдырмау мақсатында ұйымдастырылған шара 17 қазанға дейін жалғасады, — дейді облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы Айдос Құлжанов.

Жыл басталғалы облыста 582 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 75 адам қаза тапқан. Олардың 12-сі — бала.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button