Жаңалықтар

Ақтөбе — Нұр-Сұлтан: Пойыз қатынасын қалпына келтіру көзделуде

Қазақстанның астанасы мен Ақтөбе арасындағы пойыз қатынасын қалпына келтіру көзделуде.

Бұл тікелей қатынас өткен жылдан бері тоқтап қалған болатын. Содан бергі уақытта ақтөбеліктер Нұр-Сұлтан қаласына бару үшін Оралдан шыққан пойызға тәуелді еді. Оның өзі қалаға мезгілсіз уақытта келеді, оның үстіне билет табу да қиын.

Облыс басшылығы бұл мәселені шешу үшін «Қазақстантеміржолы» АҚ басқарма төрағасына екі реет өтініш жасағанымен, сол күйінде қалып келді. Аталған жай еліміздің Парламентінде де талқыланды. Парламент Сенаты депутаты Мұхтар Жұмағазиев Нұр-Сұлтан-Ақтөбе тікелей қатынасын қалпына келтіру туралы бірнеше реет сөз қозғады.

«Қазақстантеміржолы» АҚ басшылығы аталған бағыттың зиянмен жұмыс істейтіндігін алға тартып, ол қалпына келмейтінін мәлімдеді. Сенат депутаты бұдан кейін еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.

Бұл ресми құжат «Ақтөбе» газетінің биылғы 1 қазан күнгі санында жарияланды. Одан кейін газетке оқырмандардан осы депутаттық сауалды қолдағанхаттар, ұсыныстар көптеп түсе бастады. Солардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Молдабек Алматовтың «Өте орынды және қажет мәселе» деген қолдауы газеттің 10 қазан күнгі санында шықты.

Таяу күнде «Қазақстантеміржолы» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев саланы дамыту үшін қосымша 18 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

— Бұл — 46 вагонның жалпы құны, — деді ол. — 26 вагон биылғы жылы келуі тиіс. Бұл вагондар, әрине, бірінші кезекте Ақтөбе-Нұр-Сұлтан және ескі вагондар пайдаланылып жүрген басқа бағыттағы қатынастарға жіберіледі.

 Мира ӘЛІБЕКОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button