Жаңалықтар

Ерікті қан тапсырушылар саны артып келеді

«Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы» облыстық қан орталығында «Өзгеге үміт сыйла» тақырыбында қан тапсырудан акция өткізді. Акцияға жас мемлекеттік қызметшілер, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері жастар ұйымдарының басшылары, студенттер қатысты.

Қан өте қажет жандарға донор болу — қайырымдылық көрінісі әрі сауапты іс екендігі анық. Осы мақсатта өткізілген қан тапсыру акциясы барысында  еліміздің  тұңғыш Президенті  Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған салауатты өмір салтын ұстану мен «Салауатты Қазақстан» бағдарламасын  жастар арасында кеңінен насихаттау мақсаты көзделді. Жастардың өз өмірінің қожайыны екендігін сезінуге ықпал жасау мақсаты да  тұр.

— Бізде мұндай акцияларды жиі өткізіп тұру керек деп ойлаймын. Себебі, қан әрдайым қажет болып қалатын жағдайлар көп кездеседі. Әрі  қан тобы сирек кездесетін науқастар да жиі түсіп жатады. Бүгін ерікті түрде қан тапсыруға келген азаматтарымыздың арасында қан тобы сирек кездесетін жандар болса, тіпті қуанатынымыз рас. Бүгін мемлекеттік қызметшілер арасынан  қан тапсыруға келетін 30-40 азаматты қабылдаймыз, — дейді Облыстық қан орталығы қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Аида Сабырбаева:

Медицинада қан тапсырған адамның қан жасушалары жаңарып,  ағзасы тазаратыны дәлелденген.  Ең бастысы, өз қаныңызды беру арқылы  мұқтаж жанның өмірін  сақтап  қаласыз. Осы қағиданы жете түсінген мемлекеттік қызметкерлер қан тапсыру орталығында белсенділік танытты. Дәрігерлер қабылдауға келгендердің  қан тобын анықтап, қан қысымын өлшеді. Денсаулықтары жарайтындар арнайы қан тапсыру бөлмесіне жіберілді.

Ерікті түрде қан тапсыру акциясы осымен  Ақтөбеде  үшінші рет өткізіліп отыр.  Биыл осы акцияға  қалалық мәслихат депутаттары да қосылды. Бұл —өңіріміздегі емдеу мекемелеріндегі   қан тапшылығын жою мақсатында  жасалып отырған акция. Қуанатынымыз адамдар өз еріктерімен келуде, бұл істе жастар да белсенділік танытуда, — дейді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов.

                                                                                          Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button