Білім

«Мектепке жол»

«Қыс киімдерін де алып береді»

Өткен сенбіде Қандыағаш қаласында үлкен мереке өтті. Кәсіпкерлер бастаған халық аудандық «Мектепке жол» акциясына жаппай атсалысты.

Әуелі халықты Ата заңымыздың 15 жылдығымен және Білім күнімен құттықтаған аудан әкімі Серік Шаңғұтов:

— Бүгінгі акцияға халықтың көпшілігі үлес қосып отыр. Олардан түскен қаражат  1,5 миллион теңгеге жетті. Акция әр округте өтуде. Ауданымызда «Арай» бағдарламасы жүріп жатыр. Бұған «Лукойл» компаниясы 50 млн. теңге бөлді. Әрине, мен бұл қомақты қаржыны электр энергиясын немесе көшені асфальттауға жұмсауыма болатын еді, бірақ шағын кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін отбасыларын қолдау мақсатында байқау ұйымдастыруға ұсыныс жасадым, — деді. Аудан әкімі әңгімесін одан әрі жалғастырды: «Грант иегерлерін анықтау Мәскеуде өтті. Жобасын ұсынған 500-дей кәсіпкердің 57-сі жеңіп шығып, олар 850 мың теңгеден грантқа ие болды. Осындай үлкен бәсекелестікпен сынға түскен олардың бірі жылыжай, бірі тігін цехы, енді бірі наубайхана, фитнес-клуб ашып, бастаған істерін дөңгелетіп әкетуде».

Өткен аптада да бұл ауданда «Мектепке жол» акциясы аясында 1,5 млн. теңгеге оқушыларға киім-кешектер алынған. Бір-екі кәсіпкерді атап айтсақ, Аслан Шаңғұтов пен Ерлан Салықбаев әрқайсысы 100 мың теңге қаржылай көмек беріпті.

Аудан әкімінен соң сахнаға бір топ азамат шықты: қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Еңсепов, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бастығы Ғаният Асқаров, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Есет Әміржанов, аудандық ветеринария бөлімінің бастығы Юрий Веселовский жылы лебіздерін арнап, оқушыларға сыйлықтар табыс етті. Ал аудандық «Мұғалжар» газетінің редакторы Қуаныш Кенжеғалиев газет ұжымы атынан екі оқушыға спорт киімдерін тапсырды.

Бұдан соң оқушыларға сыйлық тапсырушылар қатарын жеке кәсіпкерлер, мұнайшылар, теміржолшылар толықтырды.

«Арай» бағдарламасы бойынша грант жеңіп алған аяқ-киім жөндеу шебері Асылжан Бесайдаровтың анасы Кенже Ешева 4 баласы бірдей мектепке баратын Қилыбаевтар отбасына спорт киімдері мен аяқ киімдер табыстады.  Балалардың үлкені Шынарай №5  мектептің 6-сыныбында оқиды. Ол: «Үйде алты баламыз. Екеуі әлі мектеп жасына жетпеген, кішкентай. Осындай шара ұйымдастырып жатқан ағаларға рақмет!» — деді.

Шара соңында Серік Шаңғұтов: «Бірде-бір бала мектепке бармай қалмауы керек. Қажет болса, оқушыларды спорт құралдарымен, компьютерлермен қамтамасыз ету керек. Кәсіпкерлерімізге «Балаларыңыздың достарына да көңіл бөліп қойыңыздар!» дегім келеді. Акцияға атсалысушы кәсіпкерлер жыл бойы осы балаларды киіндіруді мойындарына алады деп ойлаймын. Енді жаңа жыл қарсаңында да осы акция жалғасын табады. Ол кезде аға-апалары балаларды қысқы киімдермен қамтамасыз ететін болады», — деді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button