Басты бет » Жаңалықтар » Үздік әскери қызметшілер анықталды

Үздік әскери қызметшілер анықталды

Ақтөбе қаласындағы №6655 әскер бөлімінде жауынгерлік қызмет барысында өз істерін адал атқарып, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау кеші өтті.

Аталған әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің аға бастығының көмекшісі, капитан Нұртілек Ғалымжанов әскери қызметшілердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, олардың адал қызметі мен кәсібилігі зор құрметке лайық екенін атап өтті.
— Бүгінгі шара Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығын орындау және әскери қызметкерлердің өз кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Биыл 8-10 қазан күндері жауынгерлік қызмет шеберін анықтау бойынша сайыс өткізілді. Бүгін осы сайыстың қорытындысы бойынша, сондай-ақ, жыл басынан бері жауынгерлік қызметін бұлжытпай орындап, жұмыс барысында көзге түскен, қылмыстық істі ашқан азаматтар марапатқа ие болып отыр.

Біздің әскерилер еліміздің тыныштығын, қауіпсіздігін қорғау мақсатында әрі қарай еңбек ете береді деген сенімдеміз, — деді Н.Ғалымжанов.

Шарада қылмыстық атқару жүйесі мекемесін күзету бойынша қарауыл бастығы, бақылаушылардың әскери жасақ бастығы, түзеу мекемесін қадағалау мен бақылау жөніндегі әскери жасақ бастығы, ішкі қарауыл бастығы, қоймаларды күзету жөніндегі сақшы т.б. аталымдар бойынша барлығы 19 үздік әскери қызметші марапатталды.

Марапат иелерінің бірі, №6655 әскери бөлімінің екінші атқыштар ротасының аға сержанты — Серік Байтуов. Осы салада он жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ол қарауыл басшысының үздік көмекшісі аталымы бойынша Алғыс хатқа ие болды.

— Бізге берілген басты талаптардың бірі — антымызды адал атқару, Отанға  қызмет ету. Бүгін еңбегіміз еленіп жатқанына өте қуаныштымын. Еліміз көркейіп, әскеріміздің беделі арта түссін, — деді ол.

Марапаттау кеші концерттік бағдарламаға ұласты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.