Мереке

«Кітапхана түніне» мыңға жуық оқырман қатысты

Биыл алғаш рет С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасында «Кітапхана түні» өткізіліп, оған мыңға жуық оқырман қатысты.  

Облыстық кітапханада ұйымдастырылған шара қызықты да көңілді өтті. Оқырмандар Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, көркем әдебиеттер мен ақтөбелік ақын-жазушылардың еңбектерімен танысты. Викториналар мен интеллектуалдық алаңдарға, концерттік бағдарламаларға қатысып, қолөнершілер мен ақтөбелік суретшілер Әнуар Өтеген-Тана, Ирина және Айгүл Құрманалиналардың туындыларын көріп шықты.

Кеште қонақтарды ерекше қызықтырған мерзімді басылымдар бөлімі болды.

  • Біз мемлекеттік тілде 200-ге жуық, сондай-ақ Ресей, Қазақстанда орыс тілінде шығатын 100-ге жуық газет-журналдарға жазыламыз. Біздің бөлімге аға буын өкілдері көп келеді. Мысалы, біздің құрметті оқырмандарымыздың бірі — 85 жастағы Тұраш Мәмбетов. Ол кісінің біздің кітапханамызды ұмытпауы үшін біз барлық жағдайды жасаймыз, — дейді бөлім басшысы Лиза Қарағойшина.

Ал өлкетану секторының меңгерушісі Алмагүл Кемалованың айтуынша, кітапханада «Руханият» клубы жұмыс жасайды.

Бұл клуб поэзия әлеміне жаңа қадам басқан жастардың басын қосып, олардың сөздік қорын жетілдіруіне, белгілі авторлармен бірге жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Біздің кітапханамызда қазақ және орыстілді ақындармен жиі кездесулер өткізіледі, — дейді ол.

Шарада зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директоры, алматылық Асхан Байұзақов «Кітапхана түніне» арналған шаралар туралы былай дейді:

  • Қазіргі таңда кітапханаларды түрлендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Күн өткен сайын бұл үрдіс, әсіресе, жастар арасында кеңінен насихатталуда. Ал ерекше жандарға арналған кітапхана жұмысында біз оқырмандарды стандартты немесе стандартты емес деп бөлмейміз. Себебі ең басты мақсат — оқырманға жайлы жағдай жасау.

Кеш барысында «Кітапхана түніне» ерекше тарту жасаған «Тарлан» колледжінің білім алушылары болды. Олар оқырманға «Абай» қойылымын ұсынды.

Айта кету керек, кітапхана түнін ұйымдастыру — облыстық кітапхананың директоры Бақтылы Қошабаеваның бастамасы. Кітапхана басшысының идеясын жүзеге асырған қызметкерлер шара аясында оқырмандарға шын ықыласпен қызмет етіп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты.

Татьяна ВИНОГРАДОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button