Денсаулық

Медицина: қаржы қайда кетіп жатыр?

Жыл сайын денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ бұл сала қашанда қаржыға зәру. Көпшілікті бөлінген ақшаның қайда, қалай жұмсалып жатқаны, неге жетпейтіні толғандырады. Бұл сұраққа

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов былай деп жауап берді. 

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі теңгемен есептегенде жыл сайын артып келеді.  Қазір бұл 1 триллион теңгеге жақындап қалды. Бірақ 2013 жылмен салыстырып, долларға шағып есептейтін болсақ, бұл салаға бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға азайып барады. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді он жылдан бері ойластырып келеміз. Бұл туралы  «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында да айтылды. Қазіргі таңда сақтандыру қорының жұмыс жасап жатқанына 3 жыл болды. Осы уақыт ішінде бір жүйеден екінші жүйеге ауыстық. Айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Негізгі мақсат — қаржы көлемін ұлғайту арқылы кепілдендірілген медициналық көмектің қазіргі жетіспей тұрған 363 миллиард теңгесінің орнын толтыру. Осылайша, 2022-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің мөлшерінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 5 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Сол кезде ғана біз дамыған мемлекеттермен иық тірестіре аламыз. Осы проблеманы 25 жыл бойы  айтып келеміз.

Үкімет биыл медициналық қызметтің 2 пакетін жасақтады. Біріншісі — тегін кепілдендірілген медициналық көмек. Осы кепілді медициналық тегін көмекке жұмсалатын қаржы кеңестік заманда да, тәуелсіз Қазақстан тарихында да есептелмепті. Кепілдендірілген медициналық көмек қанша тұрады деген сұраққа алғаш рет 2000 жылдары жауап бердік. Есептей келе 45 миллиард теңге екеніне көз жеткіздік.  2005-2010 жылдар аралығында 3 траншпен осы қаржы мемлекеттен бөлінді. Оған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша медициналық мекемелер салынды. 2016 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемін есептей бастадық. Емханалар медициналық көмектің 1994 түрін көрсетеді екен. Соның тек 480-і ғана қаржыландырылады. Дәрігерлерді қалған қызметті халыққа тегін көрсетуге, былайша айтқанда, тегін жұмыс жасауға  мәжбүрлеп келгенбіз. Қазір Қазақстанның денсаулық сақтау саласының қаржылық дефициті — 600 миллиард теңге. Медициналық сақтандыру жүйесі не үшін қажет деген сұраққа қарапайым жауап — осы. Бір  тұрғынның медициналық шығыны қазір 55 мың теңге болса,  келесі жылы 83 мың теңгеге өседі.  2020 жылы сақтандыру жүйесі енгізілген кезде  медицина саласына мемлекет  және сақтандырылған азаматтар есебінен қосымша 558 миллиард теңге қаржы құйылады деп жоспарлап отырмыз. Кеңес беру-диагностикалық көмекке бөлінетін қаржы  бес есеге артады. Оңалту қызметіне жұмсалатын қаржы 9 есеге ұлғаяды. Ал медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артады, — деді Ерік Байжүнісов.

Бұл жүйе тұрғындарға не береді деген сауалға тоқталсақ, біріншіден, жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға құқы бар. Сақтандырылған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Сонымен бірге сақтандырылған азамат кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясындағы медициналық көмек үшін қосымша төлемдердің барлық түрлерінен босатылады. Жалпы, қалай десек те, келер жылдан бастап жаңа жүйе енгізіледі. Сондықтан азаматтар медициналық көмек алуы үшін жүйе туралы ақпаратты білгені жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button