Денсаулық

Ақтөбеде алғаш рет гибридті әдіспен бес балаға ота жасалды

Ақтөбеде алғаш рет гибридті әдіспен бес баланың жүрегіне ота жасалды. Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық ғылыми медициналық орталығының кардиохирургтерімен бірлесе жасаған операция сәтті өтті.

Ақтөбе медициналық орталығы балалар кардиохирургия бөлімінің кардиохирургі Нұрбек Достановтың айтуынша, ота туабітті жүректің қарынша аралық перде ақауына шалдыққан балаларға жасалған.

— Осындай ақауы бар бес балаға ота жасалды. Соңғы екі-үш жылдықта Нұр-Сұлтан қаласында  аталған сырқатқа шалдыққан балаларға осы әдіспен ота жасалады. Бұл әдістің тиімділігі өте көп. Біріншіден, жарақат аз және отадан кейін науқастың тезірек оңалуына жақсы әсерін тигізеді. Жалпы кардиохирургияда жүрекке екі әдіс арқылы, яғни ашық және эндоваскулярлы әдіспен операция жасалады. Ашық әдіс кезінде ота кеудені тіліп жасалса, эндоваскулярлы әдісте тамыр арқылы жүргізіледі. Ал гибридті әдісте кеуденің бір бөлігін кесіп, оң жақ қарыншаны ашамыз, кейін эндоваскулярлы  әдіс арқылы жүректің ақауы арнайы медициналық окклюдермен  бітеледі. Ал бұрын бұндай ақау кезінде ота ашық әдіс арқылы жасалатын. Жүректі арнайы аппарат арқылы тоқтатып қойып, қарыншадағы  ақауды қолмен тігетін едік. Операция 4-5 сағатқа созылады. Бұдан кейін жүрек қайта соғу үшін біраз уақыт кететін.  Ал жаңа әдіс кезінде жүрек соғысын тоқтатпайды. УДЗ аппараты арқылы барлығы бақыланып отырады. Ақауды бітейтін окклюдерді өлшеп, саламыз. Оның  да тоғыз түрі бар. Қазір біз төрт түрін қолданамыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, гибридті әдісті  барлық балаға қолдануға болмайды.  Оның да өз көрсеткіштері бар.

Қазір ота жасалған балалардың барлығының жағдайы өте жақсы. Сараптама қорытындыларында ешқандай ауытқушылық жоқ. Бұйырса, келесі апта үйлеріне қайтарамыз, — деді кардиохирург Нұрбек Достанов.

Балалардың үлкенінің жасы 14-те болса, кішісі  6 жаста. Қазір барлығының да денсаулығы қалыпты.

Дәрігердің айтуынша, жүрек ақауының түрі көп. Соның ішінде ең жиі кездесетіні —  туабітті жүректің қарыншааралық перде ақауы. Операцияны ҚР Ұлттық ғылыми медициналық орталықтан келген кардиохирург  Бақытжан Нұркеев пен УДЗ маманы Анар Сәрсембаева және  кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург Әнуар Досмағанбетов, Нұрбек Достанов, Достан Амирадинов секілді білікті мамандар бірлесе жасады. Нұрбек Достанов әдісті жетік меңгеру үшін әлі де тәжірибе шыңдап, үйрену керектігін айтады. Сондықтан дәрігер қараша айында әріптестерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы ғылыми орталыққа барып, шеберлік сағатынан өтпек. Сол жерде бірнеше ота жасалынады. Осыдан кейін ақтөбелік дәрігерлер өз беттерінше гибридтті әдісті қолдана алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button