Әдебиет

Талғат Тілеулесов 

ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесовтің жуырда «Жүрек сыры» атты кітабы жарыққа шықты. Оның жырларының басты тақырыбы — туған ел, туып-өскен ұясы, ата-анаға деген перзенттік махаббат.

Біз оқырмандарға ақынның «Жүрек сыры» атты кітабынан алынған өлеңдерін ұсынамыз.

Ақтөбем

Алматыға сүйрегенмен арманым,

Құрақ ұшып бармадым.

Аяқасты өзгерді де талғамым,

Ақтөбені таңдадым.

 

Шалғай ауыл болатұғын үйіміз,

Жоқшылықты көп көрдім.

Болмағасын белгілі ғой күйіміз,

Бастан бәрін өткердім.

 

Қаланың да сұрап білдім мән-жайын,

Тұру қиын пәтерде.

Қолдағысын бере салар әрдайым,

Қайтыс болған әкем де.

 

Бірақ күнде кеткім келген қалаға,

Аяп жүрдім шешемді.

Інілерім қарағасын қораға,

Ұстау қиын «есерді».

 

Ақтөбенің пойызына отырдым,

Шешем қалды елеңдеп.

Көңілімді бір сенімге толтырдым,

Бұйырғанын көрем деп.

 

Сонан бері қаншама жыл өтіпті,

Келгеніме өкпем жоқ.

Ағалықтың жасы дағы жетіпті,

Ақтөбеден кеткем жоқ.

 

Аға таптым, іні таптым, дос таптым,

Бәрі менің туысым.

Кейде артық жібереді қоштап тым,

Халық білер дұрысын.

 

Ризамын ару қалам еңселім,

Болдың маған бақ мекен.

Бір балаңдай болып кеттім мен сенің,

Айналайын Ақтөбем!

 

Алтын ұям — ауылым

 

О, туған жер, сенсің менің аңсарым!

Көңілімді алса мұң,

саған барып келіп жүр-ау демалғым,

тас қаладан шаршадым.

 

Сағынғанда алып ұшып келемін,

түсінесің себебін.

Тағдырымнан таяқ жеген кезімде,

қолтығымнан демедің.

 

Түн ауғанда өзіңменен тілдесем,

оятасың күнде сен.

Арман қуып кетпегенде мүмкін мен,

қадіріңді білмес ем.

 

Қара балаң қалаға жүр асығып,

бар жарағын асынып.

Ертең мендей сағынатын шығар-ау,

көз моншағын жасырып.

 

Көзіменен көріп қайтсын қаланы,

ұстамаңдар баланы.

Жүректегі махаббаты оянып,

сағынады даланы.

 

Менде бір кез кетерімде жырақтап,

қол бұлғадың жылап қап.

Өмір бәрін үйретеді екен-ау,

қалып қойдым тұрақтап.

 

Демеу болған ауылымсың жаныма,

жыр жазамын тағы да.

Жұдырықтай жүрегімді сағынтқан,

ризамын барыңа.

 

Əке

Сен кеткенде кең дүние тарылып,

Анам менің Жаратқанға жалынып:

Сұрап еді: «Тірегімді алма» деп,

Жылап еді көзден жасы ағылып.

 

Сырғып өмір өтіп жатты сынаптай,

Бір әулеттің шаңырағын құлатпай.

Балаларын медет тұтып көңілге,

Жетілдірді жетімдерін жылатпай.

 

Асыл әкем, асқар тауым, ұлығым,

Тағдыр саған ерте салды құрығын.

Таң мезгілде ғайып болған жұлдыздай,

Қысқа болды Жер бетінде ғұмырың.

 

Өмір солай салады екен өрнегін,

Өз-өзімді уақытпен емдедім.

Алқымыма өксік келіп қалады,

Тірлігіңде ешбір қызық көрмедің.

 

Талай жаннан ұшып соңғы кетті дем,

Мен өзіңдей туған ұлмын тектіден.

Менің мына жерді басып жүргенім,

Сенің, әке, өлмегенің деп білем.

 

Шешемнің сөзі

 

Бар бейнеттен арылтам деп шешемді,
Көшейік деп айтып едім қалаға.
«Кəрілік те келіп қалды, кеш енді,
Кім қарайды əкең жатқан молаға?».

 

Төбемнен бір мұздай суды құйғандай,
Жанарымнан ыршып шықты жасым да.
«Жүргеніңді қалап едім қиналмай,
Əрі менің боласың ғой қасымда».

 

«Қартайғанда кім елінен көшем дер?
Бұзылғанын қаламаймын іргенің.
Шешем бейнет көрмесінші десеңдер,
Маған керек сендер аман жүргенің.

 

Сағынсаңдар елге келіп тұрыңдар,
Ауыл жақтан естілгенде əдемі үн.
Үміт күткен қызың да бар, ұлың бар,
Туған жермен ұштастыр жан əлемін.

 

Аралатшы көрсін көзбен ауылды,
Бауырлармен көңілдері көктесін.
Таныстыршы көрші-көлем, қауымды,
Өскен кезде жат жұрттық боп кетпесін.

 

Мен қашанғы жүрер дейсің, шырағым,
Адам мəңгі тұра бермес биікте».
Жаулығымен сүртіп көздің бұлағын,
Тұрды қарап əкем жатқан бейітке.

 

Секем ойдан арыла алмай не түрлі,
Мен де тұрдым еңсемді нық жия алмай.
Қарауыл ғып тастап кеткен секілді,
Шешем отыр қара шалын қия алмай.

 

Сарғалдақ

 

Дария-көңіл тұр тасып,
Төңірек ғажап бəрі – нұр.
Көктеммен бірге қырды асып,
Теремін барып сары гүл.

 

Сырымды айтам жасырын,
Сарғалдақпенен тілдесіп.
Келер деп қашан ғашығым,
Отырам сосын мұң кешіп.

 

Өткізем ойлап түнімді,
Қуанып, кейде жабығып.
Батырам қайта күнімді,
Көрпесін түннің жамылып.

 

Беріліп сұлу сезімге,
Білемін кездер өткенін.
Сонау бір бала кезімде,
Осылай өткен көктемім.

 

Кетсе де заман өзгеріп,
Көңілім қырда əлі жүр.
Сары жейделі қыз көріп,
Есіме түсті сары гүл…

 

Қарлығаш

 

Жыл сайын біздің ауылға,
Сонау бір алыс Меккеден.
Қарамай жауын, дауылға,
Жететін құстар көптеген.

 

Көліне кетсе қалғаны,
Қарлығаш үйге қонатын.
Балшықпен ұя салғаны,
Қызықты маған болатын.

 

Əдетімменен бұрынғы,
Болсын деп дəйім көмегім.
Ұстап ап үйден шыбынды,
Балапанына беремін.

 

Сабақтан үйге жеткенше,
Тамақ беруге асығам.
Ұядан ұшып кеткенше,
Осылай күнде тасығам.

 

Балалық досым болып ең,
Сəні боп ұшып көктемнің.
Қолыма талай қонып ең,
Ыстық-ау кездер өткен күн.

 

Еске сап ауыл елесін,
Сағыныш кетті жаныштап.
Сен болсаң жылда келесің,
Мен болсам барам алыстап…

 

Жыл құсым менің аман жүр,
Мекенге туған келіп тұр.
Өсірген сені далаң бұл,
Көзіңмен өзің көріп тұр.

 

Жыл сайын мен де келемін,
Ұяңды көріп кетем деп.
Қарлығаш құсым сен едің,
Көңілде қалған мекендеп.

 

Пушкин мен Анна

 

Жүректері бір-бірінен сыр ұғып,
Бақ ішінде келе жатты қыдырып.
Анна ару жұдырықтай бір тасқа,
Байқамай кетті аяғы сүрініп.

 

Сүйген жүрек əрқашан да дарқан, ə?!
Қамқорлығын көрсетіпті қалқаға.
Қайтар жолда Александр Сергеевич
Əлгі тасты салып апты қалтаға.

 

Ешбір жанның болған емес күмəні,
Көрген жанның кетер көңіл тұманы.
Сəл нəрсеге себепші болған тас,
Мұражайда орыстардың тұр əлі.

 

Бұл оқиға аңыз болып айналды,
Əркім өзі жасар ішкі байламды.
Айырбастап ала алмайсың алтынға,
Зарықтырған небір мықты байларды.

 

Сыйғыза алмай ұлылықты бір басқа,
Өмір өтіп бара жатыр құр босқа.
Миллиондарды табындырған құдірет
Ғашықтардың табы қалған бұл таста.

 

Дала заңы

Ақ әжем менің кешер ме ең,
«Анам» деп айтсам шешемді.
Ойға кеп осы кеше мен,
…Іше алмай қалдым кесемді.

 

Ішіме сөзім сия алмай,
Соңғы кез жүрмін жата алмай.
«Сары балам» ол да дей алмай,
Рухыңнан қорқып бата алмай.

 

Айта алмай «айым, күнім» деп,
Тартқанмен жақын жанына.
Не деген күшті құдірет,
Бағынған дала заңына!

 

Әжеме жалғыз сенем тек,
«Өгей» бір шешем секілді.
«Әжеме айтып берем»,- деп,
Сүйгізбей қашқам бетімді.

 

Сонда да, сірә, жан бар ма-ай,
Жанары тұрар суланып.
Көргенде жүзін жан қалмай,
Көзімнің алды буланып.

 

Сырттағы бізді сағынып,
Көзінің жасы тамады.
Кәрілік сыйға малынып,
Күн сайын кеміп барады.

 

Амалым іштей таусылды,
Көңілді өксік мекендеп.
«Мама» деп шыққан даусымды,
Естімей бір күн кетер деп…

 

ххх

 

О, Жаратқан Тәңірім,

Өкінбейтін ғұмыр бер.

Бұл ғаламға жетер Сенің әмірің,

Түк те емес жұмыр жер.

 

Таусылыпты төзім шын,

Бар жетерлік сорым да.

Мені көкке көтеретін өзіңсің,

Бәрі — Сенің қолыңда!

 

Бұл не деген қысқа күн?!

Өтіп жатыр өмірім…

Бұрынғыша сайрамайды құстарым,

Мұңаяды көңілім.

 

Өмір деген базардан,

Өртенеді өзегім.

Қорқыт қашып құтылмаған ажалдан,

Келер бір күн кезегім.

 

Күн де төгіп арайын,

Бір қуантып, жылатып.

Жазарымды жазып мен де қалайын,

Берші маған уақыт.

Басқа жаңалықтар

Back to top button