Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс әкімі Бозойға барды

Облыс әкімі Бозойға барды

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Шалқар ауданы Бозой ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауылшаруашылық, жол құрылысы, инвестиция тарту мәселелеріне тоқталып, ауданның әлеуметтік- экономикалық жұмыстарын баяндады. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы жанданып келеді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі, биылғы жылдың сегіз айында 10936,8 миллион теңгеге жеткен.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларында халықтың әл- ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2018-2019 жылдары Шалқар-Бозой бағытындағы автокөлік жолының 20 шақырымына 611,2 миллион теңге қаражат бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары  жүргізілсе, алдағы жылы 50 шақырымға дейінгі жолды жөндеу жоспарда бар, — деді кездесуде  облыс әкімі.
Жиында облыс  прокуроры Марат Қаибжанов аудандағы құқықбұзушылық көрсеткіші туралы айтты. Биыл ауданда 123 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 35 қылмысқа төмендеген. Мал ұрлығына қатысты қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 22-ден 16-ға азайған. Дегенмен ұрлықты ашу қиын. Мал ұрлығына қатысты әрбір екінші дерек анықталмай отыр.
Аймақ басшысы аудандық полиция қызметкерлеріне қылмыстың алдын алуды, қажетті орындарды  бейнекамералармен жабдықтау жұмысын жандандыруды тапсырды.
Бозойлық тұрғындар облыс әкіміне интернет желісін тарту, кәріз, электр жүйелерін қайта жарақтау мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Аталған түйткілдің шешілуіне ықпал етуді сұрады. Оңдасын Оразалин аудан әкіміне интернет желісін келесі жылдың соңына дейін ыждағаттап енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды, аудандағы  халық саны 50 адамнан аз тұратын 9 елді мекенді  ҚР қолданыстағы заңнамасы аясында тарату мәселесін қарастыруды, тамақ өнеркәсібіне инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өспеуін бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Облыс әкімі кеден бекетінің мәселесін де тыс қалдырмады.
— 2005 жылы  Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетінің Бозоймен шектесетін тұстағы шекара бекеті  жабылған болатын. Кезінде  70-тен астам адам жұмыс жасаған кедендік өткізу бекетінен шамамен айына 500-600-ге дейін автокөлік қатынады. Яғни көршілес республикадан көкөніс, жеміс-жидек, тағы басқа тұрмысқа пайдаланатын заттар тасымалданды. Алдағы уақытта осы кеден бекетін қайта ашуды қолға алып жатырмыз. Жоба жүзеге асқан жағдайда Өзбекстаннан арзан көкөніс, бақша өнімдері, жеміс-жидек тасымалданып, біздің елден мал өнімдері сыртқа  өткізілмек, — деді облыс әкімі. Тұрғындар жер, мал шаруашылығына қатысты сауалдармен облыс әкімінің жеке қабылдауында болды. Облыс басшысы Оңдасын Оразалин Бауыржан Қаниевке ауылшаруашылық кәсібін қолға алуға ниетті тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды.
Оңдасын Оразалин бұдан соң Құланды шекара бекетінде болып, әскери қалашықты аралады. Застава басшысы, аға лейтенант Қаршыға Тешебай облыс әкімін жеке құраммен кездестіріп, жұмыстармен таныстырды. Шекаралық застава қажетті  материалдық-техникалық базамен түгел қамтылған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.