Жаңалықтар

Ақтөбе дихандары 380 мың тонна астық жинады

Дүйсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат отырысында үш мәселе қаралды. Солардың бірі — күзгі далалық жұмыстардың нәтижесі.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалар басшылары, Ақтөбе қаласының әкімі және селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты. Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов осы жылдың 9 қыркүйегі мен 9 қазан аралығындағы атқарушылық тәртіптің жай-күйі туралы баяндады.
Аймақ басшысының жұмыс сапарлары барысында  берген 152 тапсырмасы түгел орындалған. Дегенмен,облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жүктелген тапсырма мерзімінен алты күнге кешіккен. Бұған басшылардың құжатпен уақытылы таныспайтындығы себеп.Аппарат басшысы сондай-ақ, құжаттарды мемлекеттік тілде, әрі сапалы дайындау мәселесіне қатысты сын-ескертпелер жасады.
«Жоғарыда аталған мәселе бойынша, орынбасарларыма, басқармалар мен  департаменттер басшыларына жұмысты бақылауға алуды, құжаттармен уақытылы танысуды және тиісті талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды тапсырамын», —деді Оңдасын Оразалин.
Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов жолдыңқар басатын бөліктерінде орман екпелерін отырғызу мәселесіне тоқталды. Оның айтуы бойынша, облыстың автомобиль жолдарында,жалпы алғанда, 987 шақырымды құрайтын 154 қар басатын жол бөлігі бар. Оның 65-і — республикалық, 25-і — облыстық және 64-і аудандық жолдарға тиесілі. Автомобиль жолдары қар құрсауынан орман жолақтары арқылы да қорғалуы тиіс. Алайда орман жолақтары өткен ғасырдың 70-жылдары отырғызылғандықтан, қарды ұстап тұруға қауқарсыз, әрі дала өрттерінің салдарынан ағаштар қатары сиреген.
Күзгі далалық жұмыстардың нәтижесі жайында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай баяндады. Биыл 788,3 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 34,2 мың гектарға артық. Дақылдардың барлық түрлері бойынша өсу көрсеткішітіркелген. Барлығы 457,3 мың гектаралқаптан380 мың тонна астық жиналды, яғни гектарынан, орта есеппен, 8,3 центнер астық жиналды.

4601 гектар алқаптан94454 тонна көкөніс дақылдары жиналды, орташа өнімділік — 205,3 центнер. Сондай-ақ, 1272 гектардан бақша дақылдары жиналып, 24086 тонна өнім алынды. Бақша дақылдары бойынша орташа өнімділік гектарынан 189,4 центнерді құрады.

Биылғы күзде ақтөбелік диқандар 117630 тонна картоп жинады. Әр гектардан, орта есеппен, 187,4 центнер картоп алынған.Майлы дақылдарға келсек, 15 121 гектар алқаптан өнім жиналды. Жиналған өнімнің жалпы көлемі — 6 702 тонна, ал орташа өнімділік көрсеткіші — гектарынан 4,4 центнер.Күзгі далалық жұмыстар үшін, облыс шаруашылықтарына 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Ауылшарушылығы басқармасының басшысы аудан әкімдіктерінің жаңа техникалар сатып алу, субсидия төлеу, дизельді тасып алу жұмыстарын тым баяу жүргізіп жатқанын жеткізді. Ақтөбе өңірінде дизель бағасы республика бойынша төмен екенін де айтты.
Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне аталған мәселелер бойынша жұмыстарды жандандыруды, жанар-жағармай бағасы қымбаттамай тұрып белсенді қимылдап, қазан айының соңына дейін тасымалдап алуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button